Жер қойнауын пайдалану саласын цифрландыру қызметкерлердің әкімшілік жүктемесін 35%-ға төмендетті – ЖИЦДМ

(0 Votes)

Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Мәлік Олжабеков Үкімет отырысында геология саласын цифландыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады. 

Ол цифрлық трансформация шеңберінде жер қойнауын пайдалану саласындағы бизнес-процестердің реинжинирингі өткізілгенін атап өтті. Соның ішінде геологиялық және тау-кен телімдерін бөлу құжаттарын беру және қайта рәсімдеу үдерістері жетілдірілген.

«Бұрын өтінімдер қағаз түрінде, азаматтардың жеке келуі арқылы қабылданатын. Мемлекеттік органдардың қызметкерлері басқа ведомстволардың деректерін қолмен тексеріп, салыстыратын, соның салдарынан мерзімдердің созылуы орын алатын. Мемлекеттік ақпараттық жүйелермен интеграция және деректерді автоматты тексеру тетіктері болмаған. Қазіргі уақытта бұл процесс толықтай автоматтандырылған және бірыңғай жер қойнауын пайдалану платформасы арқылы жүзеге асырылады. Біз қағаз құжат айналымынан интеграцияланған цифрлық экожүйеге көштік. Цифрландыру нәтижесінде рәсімдердің саны 45%-ға қысқарып, өтінім берушілерге түсетін бюрократиялық жүктеме азайды, ал қызметкерлердің әкімшілік жүктемесі 35%-ға төмендеді. Деректерді өңдеу жылдамдығы артты, координаттарды қолмен тексеру кезіндегі қателіктер жойылды. Мемлекеттік органдар мен жер қойнауын пайдаланушылардың өзара іс-қимылы толық цифрлық форматқа көшірілді. Платформаға 3 мыңнан астам жер қойнауын пайдаланушы қосылып, бұл салалық рәсімдердің бірыңғайлығын және жүйенің кеңейту мүмкіндігін қамтамасыз етті», — деді Мәлік Олжабеков.

Сондай-ақ вице-министр Astana Hub экожүйесінде геология және жер қойнауын пайдалану саласындағы стартаптар қарқынды дамып келетінін айтты. Олар өндіру тиімділігін арттыру және қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында цифрлық шешімдерді енгізуде. Жобалар қатарында:

Hard Code тау-кен операцияларын цифрлық жоспарлау және позициялау жүйесі;

AppStream өндірістік және басқарушылық процестерді автоматтандыруға арналған ERP-жүйесі;

Manul Technologies мұнай мен газ өндіруді оңтайландыруға арналған бағдарламалық-аппараттық кешен;

minePASS жер асты өндірісін басқару және қауіпсіздік жүйесі;

OAR тау-кен кәсіпорнының цифрлық қосымша көшірмесі, имитациялық модельдеу және VR/AR технологияларын қамтиды.

Салада 200-ден астам жаңа жұмыс орны ашылды. Бас компаниялардың бірі – NORDAL. Ол геологиялық барлау және өндіру процестерін мониторингтеу, талдау және оңтайландыруға арналған интеллектуалды платформаны құрды. Платформа нақты уақыт режимінде өндіріс нысандарынан деректер жинап, өңдейді, кен орындарын болжаудың дәлдігін арттырады, бұрғылау ерітінділерін басқаруды автоматтандырады және зертханалық әрі өндірістік жүйелердің деректерін біріктіреді.

NORDAL компаниясының клиенттері қатарында Schlumberger, Samruk Energy, Kazatomprom, TotalEnergies, Arx Minerals және басқа да ірі компаниялар бар. Astana Hub экожүйесінде осындай технологиялардың дамуы жер қойнауын пайдалануды және өндірістің тиімділігін арттырады. Intelligent Digital Solutions (IDS) компаниясы SCADA, ERP және аналитикалық құралдарды біріктіретін интеграцияланған жүйелерді жасайды. Олар кен орындары туралы деректерді басқарылатын көрсеткіштерге және практикалық шешімдерге айналдыруға мүмкіндік береді.

Платформаны енгізу нәтижесінде мұнай өндіру 10%-ға өсті, лифтинг шығындары баррельге $1,7-ден $1,2-ге дейін төмендеді. Smart Field Airankol тұжырымдамасы аясында өндірістік үдерістердің 70%-дан астамы автоматтандырылды.

IDS компаниясының негізгі шешімдеріне нақты уақыт режимінде деректерді бақылау және талдау, іс-шараларды жоспарлауға арналған предиктивтік аналитика, өндіру мен жөндеуді оңтайландыру, активтер мен персоналды басқару кіреді. Клиенттер қатарында Caspy Neft, Shubarkol Premium, УПНК, IC Petroleum бар. Геология саласы мен жер қойнауын пайдалануды цифрландыру табиғи ресурстарды тиімді басқарудың, рәсімдердің ашықтығының және инвестицияларды тартудың басты факторы болып отыр.

«2021 жылдан бастап жерді қашықтықтан зондтау деректері негізінде Бас прокуратурасы үшін пайдалы қазбаларды заңсыз өндіру орындары анықталады. 2025 жылы мониторинг 46 ірі елді мекенді қамтыды. Заңсыз қазба орындары бойынша 1 845 орын анықталды, оның ішінде 72 жаңа, 109 тарихи аудан өзгерген және 1 664 тарихи өзгеріссіз қалды. Бұл табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануды және қоршаған ортаны қорғауды бақылаудың кешенді жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді», — деді Мәлік Олжабеков.

Сондай-ақ жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Мәлік Олжабеков геология саласы мен жер қойнауын пайдалану саласында 58 мемлекеттік қызмет көрсетілетінін, қазіргі таңда олардың 56-сы, яғни 96%-ы, онлайн форматқа ауыстырылғанын, бұл өтінім берушілер үшін қызмет алуды едәуір жеңілдететінін атап өтті.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша 6 459 қызмет көрсетілді, оның 5 340-ы, яғни 82%-ы, электрондық форматта берілген. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, цифрлық геоплатформалар мен жер қойнауын модельдеу жүйелері жер қойнауын пайдаланудың ашықтығын және инвестициялық тартымдылығын арттырады. Қазақстан да осы бағытта, аталған жүйелер мен платформаларды дамыта отырып, алға жылжып келеді.

Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Мәлік Олжабеков ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне ұлттық геологиялық-геофизикалық деректер базасының толықтығын және жүйелі жаңартылуын қамтамасыз ету, ғылым мен бизнесті серіктеске тарта отырып, жер қойнауын цифрлық платформалар мен модельдеу технологияларын дамыту, сонымен қатар инвесторлардың сенімін арттыру және саланың тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін жер қойнауын пайдаланудың рәсімдерін болжамды және ашық ету маңыздылығы бойынша ұсыныстар айтты.

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

AQPARATPRINT