ЕЛ БАСЫНА КҮН ТУҒАН ШАҚТА АУДАННАН 5615 АДАМ АТТАНЫП, 4360-Ы ЕЛГЕ ОРАЛМАДЫ. ҚЫЗЫЛ ӘСКЕР ҚАТАРЫНДАҒЫЛАР ҚАН МАЙДАНДА ЖАН АЛЫСЫП, ЖАН БЕРІССЕ, ТЫЛДАҒЫ, ЯҒНИ АУЫЛДАҒЫ АДАМДАР ДА ҚОЛ ҚУСЫРЫП ҚАРАП ОТЫРМАДЫ. ОЛАР ТІКЕЛЕЙ ЖАУМЕН ШАЙҚАСПАҒАНЫМЕН КҮНДІЗ-ТҮНІ ТЫНЫМ ТАППАЙ ҰЛЫ ЖЕҢІСТІ ЖАҚЫНДАТУҒА МОЛ ҮЛЕС ҚОСТЫ. МАЛШЫЛАР МАЛ БАҒЫП МАЙДАНҒА ЕТ ПЕН АТКӨЛІК ЖІБЕРСЕ, ЕГІНШІЛЕР МОЛ ӨНІМ АЛДЫ, БАЛЫҚШЫЛАР АЛҒЫ ШЕПКЕ БАЛЫҚ, УЫЛДЫРЫҚ ЖІБЕРДІ. АУЫЛДА ЕҢКЕЙГЕН КӘРІДЕН ЕҢБЕКТЕГЕН БАЛАҒА ДЕЙІН ҚОЛДАН КЕЛГЕН ЖҰМЫСТАН БАС ТАРТҚАН ЕМЕС.
Аудан еңбеккерлері артылған қаржыларын жинақтап, киім-кешек, азық-түлік жинап, майданға жіберумен де шұғылданды. Дәлірек айтсақ, «Қазақстан колхозшысы» танк колоннасына аудан колхозшылары 2270000 сом қаржы жіберді. Ал, оқушылар мен пионерлер «Қазақстан пионері» танк колоннасына 160000 сом ақша жинап тапсырды. Осындай ақшалай қаржы ауданның сауда-саттық саласынан балықшылардан, басқа да ұйым, бірлестіктердің мүшелерінен жиналып майданға жіберіліп тұрды. Халық арасында жүйелі жүргізілген үгіт-насихат жұмыстарының нәтижесінде 1943 жылы жауынгерлік техника жасау үшін аудан еңбеккерлері 3020440 сом ақша жинады. Соның ішінде сауда қызметкерлері 148000 сом, Шортанбай балық зауыты ұжымы 200000 сом қаржы жинады. Қошалақтағы К.Маркс атындағы ұжымшар төрағасы Қаделі Ысқақова 175000 сомды майдан қорына жіберіп, ұшақ жасап оны жерлес ұшқыш, сафондық В.Ишинге беруді сұрады. Сол сияқты Ботақан ауылдық кеңесінің төрағасы Самиға Тапалова, аудандық соттың төрағасы Халық Сабырғалиев 50000 сомнан ақша аударған. «Қызыл ту» ұжымшарының басшылары Ш.Қуаналиев, Ш.Молдағалиев әрқайсысы 75000 сомның заемына жазылса, балықшылар Б.Әбішов, Ш.Алдонғаров майданға 100 кг қара уылдырық жіберген. Колхозшылар С.Досаев, И.Есеев 10000-15000 сом қаржыларын жинап, үкіметке тапсырды. Ал, 1, 3, 5 мыңнан ақша бергендер жүздеп саналады.
1942 жылдың наурызында «Комсомол жол» ұжымшарының Омаров басқарған ақ балықшылар звеносы ахан торын бір қарағанда 4000 сом тұратын 192 кг ақбалық ұстап, майдан қорына аударған. Сол жылдың 12 сәуір-5 мамыр аралығында балықшысы Қасым Төреқұлов айлық, тоқсандық жоспарларын асыра орындап, «екіжүздікшілер», «үшжүздікшілер» атанып, стахановшылар қатарынан ойып орын алды.
1941 жылдың күзінде аудан тұрғындары майданға 244 тон, 327 фуфайка, 283 мақталы шалбар, 675 пар байпақ, 207 сырмақ кеудеше, 1077 құлақшын, 2116 пар жүн шұлық, 1160 пар қолғап жіберді. Сол сияқты, «Алға» ұжымшары партия ұйымының хатшысы Мария Сейітқалиева майданға 30 дана кеудеше, көйлек, сырмақ жөнелтсе, «Қазақстан» артелінің тігіншілері Сейсенғалиева, Молдашева, Тарасова, Оспанова, Козловалар аз уақыт ішінде 428 фуфайка, 878 мақталы шалбар тігіп, 1942 жылдың басында майданға жіберген. Соғыс кезінде тылда қара жұмыстың бел ортасында жүрген азаматтар көптеп саналды. Олардың барлығын бірдей атап жазу, қамту мүмкін емес. Сонда да кейбір адамдарды атап өткен артық емес деп санаймыз. Морской ауылдық округіндегі Ынта Көшекова әжеміз еңбек жолын Қазан төңкерісінен көп бұрын бастаған. Алғашқыда балық батағасында балық өңдеуші, тұздаушы, тұз тасушы болып еңбек етіп, кеңес үкіметі кезінде колхоз ұйымдастыру жұмысына белсене араласқан екпінді болған. 1932 жылы Қазақстан Орталық атқару комитетінің мүшесі болып елге танымал азаматша атанды. Соғыс кезінде түйе фермасын меңгеріп майданға жүн, жүннен тоқылған киім-кешек жіберуді ұйымдастырды. Нұрымова Балқан соғыс кезінде егінші де, малшы да болып қандай жұмыста да өзінің іскер де ұқыпты екенін дәлелдеді. Ұзақ жылдар бақташы болып жоғары көрсеткіштерге қол жеткізгені үшін «Еңбек Қызыл ту» орденімен марапатталды.
Ұлы Отан соғысы жылдарында аянбай еңбек етіп жеңісті жақындатуға елеулі үлес қосқан ондаған, жүздеген аудан еңбеккерлері, зейнеткерлер орден, медальдармен ұлығыланып, түрлі атақтарға ие болды. Сүйіндіктен Ақыналиев Нұрғали, Әспембетов Жұмағали, Бисалиев Айпаш, Баламұратов Қайыпқали, Қадырғалиев Мадияр, Омаров Қабдолла, Таңатаров Айтқали, Тұржанов Шәден, Ұмаев Сисен, Дыңғызылдан Мұхамбетқалиев Сұлтан, Ысмағұлов Әлімгерей, Морскойдан Ақбетов Нұғыман, Мәмбеталиев Жұмажан, Өтегенов Хасан, Кировтен Нұрханаева Нәси еңбек ері атанды. Сүйіндіктен Ажығалиев Біләл, Оразғалиев Өтеғұл, Төралиева Мәлика, Қабдекешова Зияш, Құрмашев Шынғали, Азғырдан Бисенова Дараш, Қалиев Қаршыға, Қалиев Камаледен, Қасымов Сұлтанбатих, Масов Қапар, Мусабеков Мұханбетжан, Мусағалиев Ахметжан, Үдербаев Кәрім, Жаңажолдан Құрманғалиев Қайырлы Ленин орденімен мадақталды.
Сталинградты қалпына келтіру жұмыстарына ауданның қыз-келіншектері көптеп тартылды. 1943 жылы ауданда жұмылдыру бөлімі аталған арнайы мекеме құрылып, бірнеше топ жіберіліп тұрды. 1943 жылдың ақпанынан 1945 жылдың қарашасына дейін 275 адам медициналық комиссиядан өткені туралы деректер бар. Морской ауылдық кеңесінен барған Зүлпат Ахметова трактор зауытының цехтарында еңбек еткен өзіндей 40 адамға бригадир болды. Сондай-ақ, Кудряшовтен Екатерина Плотицина, Анна Дементьева, Рая Сүйінәлиева, Бірліктен Ольга Хахулина, Валентина Каргина, Ұлыш Қабидаева, Пәрдау Сарқұлова, Галина Ижерская, Ганюшкиннен – Меруерт Мусаева, Халиса Ақтананова, Ольга Дурнева, Александр Золотарев, Мария Козловская, Махсура Рахметова, Жәннат Әмірғалиева, Шапағат Абдолова, Телячьеден- Меруерт Бимағанбетова, Антонида Горбачева, Меден Нұрғалиева, Жұмағыз Әбілхайырова, Көптоғайдан Зылиха Нұғманова сияқты азаматшалар азаматтық парыздарын абыроймен атқарып, біраз қиындықтарды бастан кешті. Біздің ардақты ата-әжелеріміз батыр қала жаудан азат етілген күннен бастап 1947 жылға дейін қалпына келтіру жұмыстарына қатысты.
Сол бір алмағайып кезде Гурьев-Астрахань темір жолын салу міндеті қойылды. Мұнда да жүздеген жас-кәрі уақытпен санаспай түрлі қара жұмыспен айналысты. Олар жер қазу, топырақ тасу, жерді тегістеу сияқты жұмыстарға жұмылдырылды. Осы маңызды істің басы-қасында жауапты адамдардың қарамағында 15-16 жастағы балалар, қыз-келіншектер, қарияларға дейін қиындыққа мойымай еңбек етті.
Ауданның медицина қызметкерлері уақытпен санаспай түрлі ем-дом көрсетіп, алдын алу жұмыстарымен де айналысып, еңбеккерлердің, жалпы аудан тұрғындарының денсаулығын сақтауда биіктен көріне білді. Дәрігерлер жөнінде ой өрбітер болсақ, ең алдымен Абдош Ысқақов жөнінде айтқан абзал. Қошалақтағы екі бөлмелі шағын медпунктің саз еденін күніне 3-4 рет ылғал шүберекпен сүрткізіп, аспаптар, құрал-жабдықтарды өзі қарап, тазалап, қадағалап отырған. Атпен, түйемен жүріп шалғай нүктелерді, ауылдарды аралап, екпе жасап, ондаған, жүздеген адамдарды оба, шешек, тырысқақ, безгек сияқты қауіпті аурулардан аман алып қалған. Осы жанқиярлық еңбегі үшін А.Ысқақов 1944 жылы Еңбек Қызыл ту орденімен марапатталған аудандағы бірден-бір маман деуге болады. Сондай-ақ 1942 жылы Украинадан келген Мария Возлинская деген жоғары білімді дәрігер де ауданда денсаулық сақтау ісінің дамуына елеулі үлес қосты. Ол жоғарыда айтқан теміржол салу кезінде жол бойында жүріп, жұмысшыларға дәрі-дәрмек беріп, егіс жасаған білікті маман еді. Тұрғындардың денсаулығын сақтауда соғыс кезінде қалтқысыз еңбек еткен мамандардың алдыңғы легінде болғандардан Кенжеғали Боханов, Мұфтах Қиматов, Галкин, Харитонов және басқаларын атауға болады.
Соғыс кезіндегі мәдени қамту жөнінде айтар болсақ, аудандағы 14 клуб, 6 кітапхана, 2 кино қондырғы өздерінің жұмыс жоспарларына сай халық арасында өнер көрсетіп, жаңалықтарды таратып, жауды жеңуге мейлінше жігерлендіріп бақты. Соғыстың алдында құрылған Теңіз колхоз- совхоз театр ұжымы да ауылдарды аралап концерт, пьесалар қойып, тиісті үгіт-насихат жұмыстарын пәрменді жүргізді. Фашист басқыншыларының зұлымдығын әшкерелеу, тұрғындарды жеңіске жігерлендіруде, нақты насихат жүргізуде аудандағы екі мерзімді басылым – «Балықшылар үні» және «Красный Каспий» газеттері болды. Олар соғыс басталғаннан-ақ халықты сабырға, төзімділікке шақырып, қажырлы еңбек етуге бағыттады. Газет тілшілері Б.Байменов, Е.Ғұмаров, О.Есбосынов және басқалары жауды жер қылатын өлең, сықақтар жариялап, халыққа дем беріп отырды. Почта байланыс саласында нәтижелі еңбек етіп, телеграф, рация арқылы жедел хабарларды тез қабылдап, тиісті орындарға табыстауда ерен еңбегімен көзге түскен жас маман Сәбила Ізжанованы айтуға болады.
Білім беру саласы қызметкерлері де елге, халыққа қиындық түскен кезде білім сапасын арттырып, көппен бірге түрлі жұмыстарға да қамшы салдырмай араласып, ерен еңбек үлгісін көрсете білді. Аудандағы 48 бастауыш, 11 орталау, 5 орта мектеп – 64 оқу орнында 5500-ге жуық бала оқыды. Соғыс басталғаннан кейін бала саны біршама азайды. Себебі, жоғары сынып оқушылары еңбекке араласып, кейбіреулері жасы жетіп майданға аттанды. Мұғалімдердің де басым бөлігі әскерге алынып, Отан қорғаушылар қатарын толықтырды. Орта мектептер Ганюшкин, Зормата, Ботақан, Котяевте – Абай, Молотов, Ботақан, Сталин, Крупская атындағылар болды. Мектепте сабақ берген ұстаздардың ішінде біліктілігі мен шеберлігі мықты Ж.Елеуов, Ж.Селеуов, Қ.Баев, С.Сарталиев, М.Тоқатов, Ә.Сәтеков, И.Оленичев, Т.Ғабдолов, Е.Антонова және басқалары шәкірттер мен ата-аналардың ризашылықтарына бөленді. Иә, осылай ауданымыздың тайлы- таяғы жұдырықтай жұмылып, қайсарлық пен қажырлық танытып, талай қиындықты бастан кешсе де мойымай жеңісті жақындатуға елеулі үлес қосты. Ұлы Жеңістің 80 жылдығында қайсар қаһармандардың рухтарына бас иіп, олардың өшпес ерлігін, адами асыл істерін насихаттап, келер ұрпаққа паш ету, олардың санасына отаншылдық, ұлтжандылық сияқты қасиеттерді қалыптастыру қазіргі аға буынның азаматтық парызы болуы керек. Қан майданда жаумен шайқасып, тылда ерен еңбек еткен ардақты ата- әжелеріміздің жарқын бейнелері ел жадында, ұрпақ санасында мәңгі сақталуы тиіс.
Асқар ҒҰМАРОВ,
ардагер журналист