Есімі – ел жадында

(0 Votes)

«Тасты жарып өскендей таудың қайсар шынары,

Тегі мықты адамдар тұғырда берік тұрады.

Дауыл қырқып бұтағын, өрт шалса да өзегін,

Тамырынан нәр алып, қайтадан көктеп шығады.

 Мына дүниеде өшпейді, Алланың жаққан шырағы»,- дегендей нар тұлғасы туған халқының, елінің, ұрпағының санасында мәңгілік жатталып, өнегелі өмірі үлгіге, ұстанар бағдарға айналған жандар болады.

Азаматтығы адамдық пен адалдықтан сусындап, жаны мейірім мен парасатқа тұнып тұратын қазағымның атпал азаматы, елінің жарқын болашағы үшін аянбай тер төккен есіл ер, аяулы әке, ардақты ата Құбашев Фазыл міне, осындай өмірі өнегеге толы азамат еді.

Өз заманының, өз қатарының, замандастарының алдыңғы са­пында өзіндік орны бар, үлесіне тиген қоғамдағы, жеке басындағы істерді зор абыроймен атқара білген Құбашев Фазылдың жа­ратылысына қарап, Алла Тағала пендесін жаратқанда пешенесіне «сен халықтың адамысың, елің үшін жаратылдың, адамдығыңды ісіңмен дәлелдейсің, артыңа ерген ұрпақ саған қарап бой түзейді» деп жазып жібереді-ау деген ой еріксіз туады.

міне,осы адам атына лайық болу үшін Отанына, халқына адал қызмет етіп, тұла бойына тұна біткен адамдық қасиеттерімен, ақыл- ойымен, күш-қуаты, парасатымен елінің, халқының, ағайын-туыстың, ұжымдастарының, ұрпағының сыйластығына, махаббатына, сүйіс- пеншілігіне бөленген, өзінің ұстамды да, шыдамды мінезімен айналасына сенімділік орнатып, еңбекқорлығы мен адалдығы ел азаматы атандырған есіл ер Құбашев Фазыл – жастық шағын сұрапыл майданының ор­тасында өткізіп, жарқын болашақ үшін өз өмірін аямай, қолына қару алған, жүрегіне еліне, туған халқына деген перзенттік махаббатын жалау қылған ержүрек азамат еді.

Құбашев Фазыл 1926 жылы 10 сәуір күні Гурьев облысы, Новобогат ауданы, Забурын со­вхозында дүниеге келген. Забурын совхозындағы Куйбышев атындағы мектепте оқып, 5 кластық білім алған. Еңбекке араласып, 1941-1944 жылдар аралығында совхозда жылқы баққан.

1944 жылы қараша айында Ұлы Отан соғысына шақырылады. Орен­бург облысының Чкалов қаласының «Полк» мектебінде 5 ай оқуда бола­ды. Оқудан кейін Жапонияда «Порт Артур» Санжау, Дайран қалаларында жауды азат етуге үлкен майдандарға араласады.

Ұлы Жеңісті 1945 жылы 8 қыркүйекте қарсы алады. 1950 жылы қазан айында елге оралады.

Келген жылы совхозға жұмысқа ор­наласып, 17 жыл үзіліссіз жүргізуші болып, жұмыс жасайды. 1970 жылы гараж меңгерушісі, бригадир болып, ауыл шаруашылығын дамытуға үлес қосады. 1986 жылы зейнеткерлікке шықты. Отбасының ұйытқысы, тірегі,ақылшысы бола білді. Шы­райы жарқын, кесек ойлы, жанары әрдайым жарық жұлдыздай жанып тұратын өнегелі азамат, өзіне ғана тән ұтқыр да, ұшқыр сөз тұрпаты мен ағайынның ақылшы, қамқоршысы бола білу болмысын бойында қатар ұштастырды.

Г.АЙМАҒАМБЕТОВА,

облыстық мемлекеттік архивінің архившісі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT