Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы ұлттық құрылтайда бірнеше өзекті мәселелерді көтеріп, жаңа шешімдер қабылдану керектігін баса айтқан болатын.
Соның ішінде кәмелетке толмаған баласы бар әйелдердің жазасын жеңілдету туралы ерекше атап өтті. Бұл бастама адамгершілік пен құқықтық әділеттілікті ұштастыра отырып, қылмыстық-атқару жүйесіндегі маңызды әлеуметтік аспектіні көтеріп отыр.
Президенттің «жазалау емес, түзету» қағидатын баса айтуы — заманауи қылмыстық саясаттың негізгі бағытына сай келеді. Бұл ретте кәмелетке толмаған баланың дамуына кері әсер ететін түрме жағдайынан гөрі, баланың анасының қасында болуына мүмкіндік беретін балама жаза түрлерін қарастыру (шартты түрде босату, пробация, үйқамақ және т.б.) – қоғам үшін де, бала болашағы үшін де тиімді болмақ.
Мұндай ұсыныс әйелдерге жеңілдік жасау емес, керісінше баланың құқығы мен мүддесін қорғауға бағытталған. Алдағы уақытта құқық қорғау органдары мен депутаттар тарапынан нақты ұсыныстар жасалса, бұл үлкен өзгерістерге жол ашуы мүмкін.
Ж.ҚАМЗА