Қиғаш ауылдық округінде «Сазды» шекара заставасы ашылды. Заманауи үлгідегі ғимараттың ашылу салтанатына Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов қатысты.
Алдымен жаңа нысанды қысқаша сипаттап өтейік. Тапсырыс беруші Атырау облысы Жұмылдыру дайындығы және азаматтық қорғау басқармасының жұмылдыру дайындығын, азаматтық қорғауды және аумақтық қорғанысты материалдық-техникалық қорғаныс құралдарымен қамтамасыз ету қызметі. Жоба құны 776 664 000,00 теңге. Мердігер мекеме «ИнжГеоПроектПлюс» ЖШС. Шекара бөлімшесінің модульдік кешені пайдалануға қажетті құрал-жабдықпен, жиһазбен, ыдыс-аяқпен, сплит-жүйелермен, жылумен, 100-ге дейін әскери қызметшіні орналастыру мүмкіндігі бар 40 әскери қызметшіге арналған әкімшілік-тұрғын үй кешенімен, монша-кір жуу орнымен, түрлі қоймалармен, 4 тұрғын үй, бақылау жабдығы бар бақылау-өткізу пункті, оқшауланған қоршауы бар қызметтік иттерге арналған павильонмен жабдықталған.
Модульдік кешеннің ашылу салтанатында шекарашылар сап түзеп, Қазақстан Республикасы ҰҚК Шекара қызметінің Атырау облысы бойынша Департаментінің тәрбие бөлімінің бастығы, полковник Ерсін Сержанов аймақ басшысына рапорт берді. Еліміздің Әнұраны ойналғаннан кейін, облыс әкімі Серік Жамбылұлы сөйлеп:
– Еліміздің шекарасын қорғап тұрған жауынгерлерімізге барлық жағдайды жасауымыз керек. Осыны бізге Президентіміз арнайы тапсырған. Сонымен бірге қасында, шекара аймағында орналасқан елді мекендердің де жағдайын жақсартып, инфрақұрылымын дамыту жөнінде де тапсырмасы бар. Сол тапсырмалардың аясында бүгін шекарашылардың жаңа ғимаратын ашып жатсақ, инфрақұрылымдар бойынша да өңірімізде бірқатар жұмыстар жүргізіліп жатыр. Енді шекарашыларға келсек, сіздер өте маңызды істің басында жүрсіздер. Себебі, еліміздің қауіпсіздігін, тыныштығын қамтамасыз етуде ең бірінші болып осы алғы шепте тұратын шекарашылар. Жаңа жүргізуші айтып өткендей уақытпен санаспай, күні-түні, ауа райының аптап ыстығына, қысқы аязға төзіп елімізге атқарып жатқан адал қызметтеріңіз үшін алғысымды білдіремін. Осындай жағдайда жұмыс жасап жатқаннан кейін жергілікті атқарушы органның бірден-бір міндеті, мақсаты – Президентіміздің берген тапсырмасына сәйкес сіздерге барынша қолдау көрсету. Мына заманауи ғимаратты санаулы уақыттардың ішінде талаптарға сай салынып, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп отыр. Бәрі де осы жауынгерлеріміздің еліне деген адалдығын, антына берік болуын қамтамасыз ету үшін жасалуда. Баршаңыздың дендеріңізге саулық тілеймін, әрқашанда еліміз үшін адал қызмет ете беріңіздер,– деген ізгі тілегін жеткізді.
Аудандық ауған соғысы ардагерлері ұйымының төрағасы Серік Мұфтахов: – Мемлекет басшысы еліміздің қорғаныс қабілетін нығайтуға, жауынгерлерімізге жағдай жасауға зор мән беріп келеді. Оның бір көрінісі бүгінгі шара. Құрманғазы ауданы тоғыз жолдың торабында, шекара бойында жатқандықтан осындай жаңа нысанның бізде ашылуының маңызы зор. Өзінің мемлекеттігін, Тәуелсіздігін сақтағысы келген ел ең алдымен шекарасын бекітуге назар аударады,– деп, жауынгерлердің қызметіне сәттілік тіледі.
Облыстық Жұмылдыру дайындығы және азаматтық қорғау басқармасының жұмылдыру дайындығын, азаматтық қорғауды және аумақтық қорғанысты материалдық-техникалық қорғаныс құралдарымен қамтамасыз ету қызметінің басшысы Сәбит Сағидуллин ғимараттың символикалық кілтін «Сазды» шекара бөлімшесінің командирі, капитан Алтынбек Сәбитқановқа табыс етті.
Бөлімше командирі Алтынбек Мұратханұлы: – Ұлттық қауіпсіздігіміз мемлекеттік шекарадан басталатыны айқын. Алдағы уақытта оны кірпік қақпай күзету мен қорғау үшін барлық жағдай жасалды деп айтсам қателеспеспін. Себебі, біздің шекара бөлімшесіне заманауи талаптарға сай жағдайлар жасалып отыр. Осы құрылыстың іргесі қалануына демеу көрсетіп, еліміздің қауіпсіздігіне орасан зор үлес қосқаны үшін Атырау облысы әкімдігі мен жоғары басшылығымызға үлкен алғысымды білдіремін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, шекарамыз берік болсын, – деді.
Облыс әкімі Серік Жамбылұлы аудан әкімі Абат Сайфоллаұлымен бірге шекара кешенін аралап, қызметтік жағдайымен танысып, құрмет кітабына өз пікірін жазды. Аудан өнерпаздары әзірлеген концерттік бағдарламаны тамашалады.
Қанат ҒҰМАРОВ