Бурабай төрінде өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың IV отырысында мемлекет басшысы жастардың мүмкіндігін арттырып, кәсіби бағыт-бағдар беруге баса назар аудару қажет екендігін айтты.
Жастардың заман талабына сай білім алуын қамтамасыз ету үшін тиісті органдарға тапсырмалар беруі жастардың еңбек етіп, ойларын қалыптастыруына себеп болады деп есептеймін.
Өзім шығармашылыққа жақынмын. Оның үстіне жұмыс бабында халықпен тығыз байланыс орнату керек болғандықтан қоғамдағы кез келген мәселеге үнемі назар аударып отырамын. Қандайда бір идея жоспарлаған уақытта да сол мәселелерді шешуге қайтсем көмегімді тигізе аламын деп ойланамын. Әрине, талапшыл жас үшін өз идеясын жүзеге асырып оның жемісін көру үлкен қуаныш. Мен өз ауылымда ерікті болып бірқатар жұмыс атқардым. Өзім тұратын ауылда тігін шеберханасы болмағандықтан 2019 жылы тігін шеберханасын ашуды жоспарладым. Соның алдында ғана көшеден «Арманда! Ұсын! Іске асыр! Жастар корпусын дамыту жобасы Zhasproject» деген хабарландыруға көзім түсті. Бірден хабарландырудағы телефон нөмерге хабарласып, өз жобамды жазуға кірістім. Бұл жоба 2017 жылдан бері Білім және ғылым министрлігі мен Дүниежүзілік банктың қолдауымен жұмыссыз жастарға арналған үздік әлеуметтік жобаларды қолдау мақсатында жасалып жүрген гранттық жоба. Білуімше әр облыста 3 жылда бір рет жүзеге асады екен. 2017 жылы батыс өңіріне жол тартқан бұл жоба 100-ден аса жастың өз идеяларын жүзеге асыруға, қоғамдағы өз орнын табуға өте көп жәрдемдесті. Жоба барысында әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға байланысты 1 апталық семинар өткізіліп, әр жобаға арнайы менторлар тағайындалды.
Осылайша мен өз ауылымда алғаш рет Jasproject жобасы арқылы «Шұғыла» тігін қолөнер шеберханасын аштым. Қазақта «Жалғыздың үні шықпас» деген сөз бар. Менің жанымда қолөнерші Ақбота, тігінші Анар есімді қыздар бірге жұмыс істеді. Біз әлеуметтік жағынан аз қамтылған, жетім, жартылай жетім отбасылардың балаларына мектеп формаларын тігумен айналыстық. Жоба уақыты 6 айға созылды. 19 жасымда осындай әлеуметтік жобаға қатысып неше түрлі тағдырлармен кездестім. Олардың қатарында жұмыстан бағы жанбай, өз жобасын жүзеге асыруға батылы жетпей жүрген, қоғамда өз орнын таппай сандалып жүрген жанның ерекше бір толқынысы мен қуаныш сезімдерім көріп қуандым.
Мендегі қуаныш өз ауылыма пайдамды тигізе алуым еді. Ол кезде мен Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің 3 курс студенті едім. 6 ай бойы осы жоба арқасында 40 мың теңге жалақы және өз әлеуметтік жобамызды жүзеге асыру үшін 1 000 000 теңге қаражат алу мүмкіндігіне қол жеткіздік. Грантқа берілген қаражат тігін қолөнер шеберханасын ашуға жұмсалды.
Еркінқала мәдениет үйіне қызметке тұрғаннан бастап, қызығушылығым баспаханаға байланысты жұмыстарды жасауға ауысты. Бір жағы өз мамандығым қазақ тілі маманы болғаннан кейін Еркінқала ауылының тарихын жинақтап кітапша шығаруды ойлана бастадым.
2023 жылы осы жобамды Атырау облысы Ішкі саясат басқармасы, Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантына қатысып 500 мың теңге тг грант ұттым. Әрине бұл қаражат баспахана жасақтап, кітап шығаратын құралдарды алуға жеткіліксіз болды. 2 жыл уақыт өтсе де мен бұл жобамен әрі қарай өз қаражатымды қосып айналысып келемін. Мәдениет саласының қызметкері болғаннан кейін бұндай жобалар мен үшін өте қызықты.
Қорыта келе, мемлекет жастардың соның ішінде жұмыссыз жастарға өте көп қолдау білдіреді деп ойлаймын. Жастардағы ең үлкен қорқыныш жоба жазу. Негізінде бұл онша қатты қиын дүние емес. Сондай-ақ кейде қоғамда «грантты тек танысы бар адам ұтады» деген түсінік те қалыптасып қалған. Бұл әсте олай емес. Мен сол кереғар ойлар мен қорқынышты жиып тастап, жастарға мемлекет ұсынып жатқан мүмкіндіктерді пайдалануға және әлеуметтік жобаларға атсалысуға шақырамын. Бұл үшін ғаламтор желісін тиімді пайдаланып, инстаграмм желісіндегі @isb_atyrau, @atyrau_zhastary, @zhasorta желілеріне тіркеліп ақпараттарды бақылап отыруға кеңес беремін. Аталмыш жобалар туралы қазіргі уақытта Атырау облысы Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Әйгерім Жәрдемқызы да өз әлеуметтік желісінде жариялап отырады.
Алдағы уақытта көптеген әлеуметтік жобаларға қатысып, атсылысқым келеді. Ол үшін «Қайырымдылық қор «Сәтті» қоғамдық қоры» үкіметтік емес ұйымын да ашқан болатынмын. Әзірге мен атқарып жатқан жобалар осындай. Мемлекетіміз үкіметтік емес ұйымдарға да көптеген жобалар мен гранттар жасақтап қойған. Ол үшін @gcenter.atr инстаграмм желісіне кіріп ақпараттарды бақылап, Авангард Құрманғазы 12Б мекенжайындағы мекемеге барып, сол жердегі мамандар жоба туралы түсіндіріп бар көмегін көрсетеді.
Жастар қоғамның қозғаушы күші. Сол себепті, жастықты оқумен және осындай керемет жобаларды жүзеге асырумен өткізсек нұр үстіне нұр.
Шұға ЖЕКСЕМАЛИЕВА,
Еркінқала мәдениет үйінің әдіскері, белсенді жас
Атырау қаласы