«Әскер қатарында заң мен тәртіптің сақталуы – айрықша маңызды міндет. Жастар әскерге Отан алдындағы борышын өтеуге барады. Жас сарбаздарымыз өз міндетін алаңсыз орындауы үшін әскер қатарында, ең алдымен, темірдей тәртіп болуға тиіс. Қарулы күштер мен басқа да күштік құрылымдар осы талапты мүлтіксіз орындауы қажет. Әр ата-ана әскерге кеткен баласын мемлекетке сеніп тапсырады. Сондықтан сарбаздардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне, ең алдымен, армия басшылығы және құқық қорғау мекемелерінің басшылары жауапты» дейді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында.
Қазіргі таңда Индер ауданы қорғаныс істері жөніндегі бөлімінде 1002 әскерге шақырылушы тіркелген. Оның ішінде, отбасы жағдайына байланысты кейінге қалдырылғандар – 73, оқуын жалғастыруға байланысты – 257, ауылдық мұғалімдер – 18, денсаулық жағдайына байланысты – 140, шақыруға жатпайтын азаматтар – 59, мерзімді әскери қызметке шақырудан босатылғандар – 170, шақыру учаскесіне тіркелгендер – 234, шақыруға жататын азаматтар 92 болып отыр. Ауданда әскерге барғысы келген жастар саны артып келеді. Айталық, биылғы науқанда ҰҚК Шекара қызметіне – 8, ҚР Мемлекеттік күзет қызметіне –1 азамат аттанса, Қазақстан Республикасы Қарулы күштері қатарына жүктеме бойынша 17 азамат болу керек болса, ол 25 азаматқа артығымен орындалды. Сол секілді ұлттық «Ұлан» қатарына 17 азамат аттану керек болса, 29 азамат қабылданып, жоспар асыра орындалып отыр. Осылайша ауданға берілген облыс жүктемесі 43 адам болса, ол 63 азаматқа өсіп, жоспардың орындалысы 146,0% құрады. Осыған қарап-ақ азаматтарымыздың бойында отаншылдық сезімнің артып келе жатқанын көре аламыз деп ойлаймын.
Батырхан НАЗАРОВ
Индер аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің бастығы, подполковник