Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында есірткі саудасына және нашақорлыққа қарсы күрес маңызды міндет екеніне тоқталып, өркениетті ел болуға кедергі жасайтын жағымсыз әдеттерден арылуымыз керектігін айтқан болатын. Осы орайда өткен аптада нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы іс-қимылға бағытталған қызметті үйлестіру, ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүзеге асыру мақсатында Индер ауданында оқушылармен, студенттермен және ата-аналармен кездесу өтті.
Кездесуге аудан прокуроры, аға әділет кеңесшісі Нариман Ешманов, жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы Ғалымжан Жұмағалиев, "Жаңа уақыт" қоғамдық қорының жетекшісі Назымгүл Қайсағалиева, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Анаргүл Дюсубалиева, аудандық полиция бөлімінің криминалдық полиция бөлімшесінің жедел уәкілі Болат Айдын мен БАҚ өкілі қатысты. Алдымен аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Анаргүл Дюсубалиева кездесудің мақсатын түсіндіре келе, баланы тәрбиелеуде ұстаз бен ата-ана бірлесе отырып жұмыс жасау қажеттігін және балаға алдымен ата-ана жауапты екенін айтты. Бұдан соң "Жаңа уақыт" қоғамдық қорының жетекшісі Назымгүл Қайсағалиева өңірдегі жасөспірімдер арасындағы нашақорлықтың ахуалы туралы айтып өтті. – Былтырдан бастап нашақорлық профилактикасы жұмыстарын жүргізіп келемін. Біз есірткі мәселесіне келгенде «ол проблема бізде жоқ» деген ойда жүреміз. Өкінішке орай, қаладан есірткінің таралу картасын жасағанымызда есірткі жоғары таралатын 12 ықшам аудан анықталды. Табиғи түрдегі есірткілер қымбат болатын болса, қазіргі синтетикалық есірткілер қолжетімді бағада сатылады. Синтетикалық есірткінің аса ауыр салмағы - 1 грамм. Әрине, Атыраудан ұсталғандар жоқ, десе де Алматы, Шымкент сияқты қалаларда лаборатория деңгейінде есірткіні ойлап тауып шығарып, оның кең таралуы үшін арзан бағада сатып жатқаны анықталды. Сондықтан біз биылдан бастап мектептерде оқушыларды ата-аналарымен бірге жиын өткізуді қолға алдық. Өкініштісі сол, телеграмның ішінен есірткі және «синий кит» сияқты балаларды суицидке итермелейтін көптеген каналдар таралып отыр. Ата-аналардың назарын осы нәрсеге аударғым келеді. Баланың қолындағы телефоннан телеграмды, төлем карталарындағы аударымдарды міндетті түрде тексеріп отыру қажет. Атырау облысында "закладчик" жұмысына жастар көптеп тартылғаны – өкінішті жайт. Бұған дейінгі статистикада жылына 30 адам ұсталса, оның 60-70 пайызы басқа қаладан келгендер болды. Ал биылдың өзінде Атырау қаласынан ұсталғандардың ішінде 12 адам жергілікті адам боп шықты. Көбі телеграмдағы "көп ақша тауып, байып кетесіз" деген жарнамаға іліккен. Нашақорлық дерті телеграм арқылы таралып жатқан болса, біз сол желіден "СтопСинтетикаАтырау" деген анонимдік топ аштық. Былтыр бұл «ботқа» 37 өтінім келіп түсті. Оның көбі «наркографити» деп аталады. Яғни жарға есірткі сататын сайттардың сілтемесін суретпен салу. Бұл жұмыстар Атырау қаласында да өтті, алайда біз кетірген суреттер екі-үш күннен кейін сол жерге қайтадан салынып жүрді. Яғни сол аймақта есірткі сататын адам бар деген сөз. Сондықтан биыл сондай жарнама бойынша бір өтініш түсіп, прокуратура, полицияның тергеу тобымен бірлесе отырып, сурет жойылды. Айта кететін жайт, ендігіде осындай заңсыз жарнама бойынша қылмыстық іс көтеріліп, тергелетін болады. Есірткіге қатысты қылмыстық жауапкершілік қарастырылған 296-297 баптар бар. Қазіргі таңда облыс бойынша наркологиялық диспансерде 532 наркоман есепте тұр. Дәрігерлер ресми есепте алынбағандары үш есе көптігін айтады, – деген ол жасөспірім шақтан студент атанған кезде арзан ақшаға құмартып, өз өмірлеріне балта шаппай, ауылдағы ата-аналарыңды уайымға салдырмай, тура жолмен жүру қажеттігін жеткізді. Сонымен қатар, вейптарға қатысты Заңда көзделген жауапкершілік жөнінде айтып өтті. Одан соң аудан прокуроры Нариман Ешманов жасөспірімдерге сақтықты ұмытпай, ата-ананы сыйлау қажет екендігін жеткізді. –Ауданымызда да есірткіге қатысты қылмыстар болды. Бүгінгі тақырып – аса маңызды мәселе. Қылмыстық жауапкершілік 14 жастан басталады. Оның ішінде есірткіге қатысты қылмыстық жауапкершілік үш жылдан басталса, ең жоғары жаза –өмір бойына бас бостандығынан айыру. Есірткі жастардың тағдырын бұзып қана қоймай, денсаулығына айтарлықтай зиян келтіреді. Қазіргі цифрландыру уақытында түрлі сайттарға кіріп, жеңіл ақшаға алданып, "закладчик" болмаңыздар. Құқық қорғау органдары олардың мекен-жайын, қай жерде жүргенін тез анықтай алады. Сол себепті сақтықты ұмытпайық. Жалпы "Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 301-1-бап бойынша шегілмейтін темекі бұйымдарының, электрондық тұтыну жүйелерінің (вейптердің), оларға арналған хош иістендіргіштер мен сұйықтықтардың айналымын сату және таратқаны үшін екі жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не елу тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады. Ал, әкелу, өндіргені үшін мүлкі тәркіленіп, екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады, - деді ол. Жиынды одан әрі жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы Ғалымжан Жұмағалиев жалғастырып, тәртіпке бағынып, арзан «олжаның» жетегінде кетпей, заңсыз әрекеттер орын алғанын көрген жайғдайда 102 байланыс нөміріне қоңырау шалуға болатынын жеткізді. Аудандық полиция бөлімінің криминалдық полиция бөлімшесінің жедел уәкілі Болат Айдын заң жобасына тоқталды. Кездесу барысында прокуратураның есірткі қылмысы туралы дайындаған бейнеролигі мен қордың әйелдер түрмесінде есірткі қылмысымен ұсталып, жазасын өтеп жүрген қыздың сұхбаты көрсетілді. Жиын соңында ата-аналар, оқушылар тарапынан сұрақтар қойылып, сала өкілдерінен мардымды жауап алды. Айта кетейік, кездесу "Жаңа уақыт" қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өтті. Жадыра НАРИМАНҚЫЗЫ, суреттер автордікі