Уақыт алға жылжыған сайын білім беру саласында да өзгерістер мен жаңалықтар көбейіп келеді. Соның бірі – жасанды интеллектті күнделікті оқу үдерісіне енгізу. Бұрын қиял сияқты көрінетін технологиялар бүгінде ұстаздар мен оқушылардың қолданысына еркін еніп отыр.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің биылғы Жолдауында цифрлық даму мен заманауи технологияларды тиімді пайдалану туралы айта келе, жасанды интеллекттің рөліне ерекше тоқталды. Бұл – ұстаздар қауымы үшін жаңа мүмкіндіктер мен тың жауапкершілік жүктейтін бастама.
Бастауыш сыныпта жұмыс істейтін педагог ретінде айтарым – жасанды интеллект құралдары оқу процесін жандандыруға, оқушылардың қызығушылығын арттыруға айтарлықтай көмектеседі. Мысалы, баланың оқу қарқынын автоматты түрде бақылап, соған сай тапсырма ұсынатын платформалар, мәтінді дауыстап оқып беретін бағдарламалар, тіпті оқушының жауабына қарай бағыт-бағдар беретін жүйелер – мұғалімнің көмекшісіне айналып келеді.
Десе де бұл технологияны тиімді пайдалану үшін ұстаздардың өзі де үнемі білімін жетілдіріп отыруы қажет. Себебі жасанды интеллект мұғалімнің орнын баспайды, бірақ оның жұмысын жеңілдетуге, оқыту сапасын арттыруға жол ашады.
Қазіргі оқушы – цифрлық дәуірдің өкілі. Сондықтан олармен бір тілде сөйлесіп, заманауи әдістер арқылы білім беру – әр ұстаздың басты міндеті. Жаңашылдықты қабылдай отырып, дәстүрлі тәрбие мен құндылықтарды сақтап қалу – бүгінгі білім саласының басты талабы.
Дидар Жайженісқызы,
Х.Санбаев атындағы орта мектептің бастауыш мұғалімі