Жанарсыз жандар қуанышқа бөленді

(0 Votes)

Қоғамда тағдырдың тәлкегіне ұшыраса да, қиындыққа мойымаған жандар аз емес. Ауданда көз жанарынан айырылған жандарға қол ұшын созатын бірден бір ұйым бар. Ол «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігі. Алғашқыда санаулы ғана жанның басын біріктірген ұйым бүгінде 50-ге жуық мүмкіндігі шектеулі жанды өмір суруге бейімдеп отыр. Бүгінде аудандық «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің 44 мүшесі бар. І топ 20 болса, ІІ топ 24 адамды құрап отыр.

Мақат кенті әкімі аппаратының үлкен мәжіліс залында «Қазақ соқырлар қоғамы» аудандық филиалының есептік қайта сайлау жиын өтті. Шараға ауданның қоғамдық бірлестік есебінде тұрған қызмет алушы көз кемістігі бар мүмкіндігі шектеулі жандар және Атырау облыстық «Қазақ соқырлар қоғамы» бірлестігі филиалының төрағасы Аманқос Әбдешов және оңалту маманы Маржан Ерғалиева арнайы қатысты.

kozjanary-2

Алдымен «Қазақ соқырлар қоғамы» аудандық филиалының төрайымы Рита Қуантаева бірлестіктің биылғы алты айда атқарған жұмысының есебін таныстырып, оның жұмысын жетілдіру бағытындағы ұсыныс-пікірлерімен бөлісті. Баяндамашы елдегі орын алған пандемия жағдайына байланысты ешқандай мәдени іс-шара өткізілмегенін айтып өтті.

img_0272

«Төтенше жағдайға байланысты «Nur Otan» партиясына хат жолданып «Біз біргеміз» қорынан 50 мың теңгелік І-ІІ топ мүгедектеріне қаржылай көмек берілді. Сондай-ақ аудан әкімі атынан Доссор кентіндегі І топ мүгедектеріне азық-түлік себеті берілсе, мақаттық І топ мүгедектеріне дәрі-дәрімек таратылды. Зағиыптар күніне орай Доссор кентіндегі аудандық музейге 5 адамға тегін экскурсия жасалды. Қасиетті Ораза айында Мақат және Доссор мешіттері азық-түлік себетін және «30 игі іс» қайырымдылық акцясы аясында І топ мүгедектеріне 15 мың теңгелік сертификаты берілді», - деген Р.Қуантаева мамыр айының соңында облыстық IV мүмкіндігі шектеулі жандардың спартакиядасында К.Өтешова, А.Абешова, Л.Абдешова, К.Қуантаева, Ж.Есенғалиева жүлделі орындарға ие болғанын зор қуанышпен жеткізді.

kozjanary-4

Баяндама соңында атқарылған жұмыстарға жиынға қатысушылар қанағаттандырарлық деген баға берді.

Сондай-ақ, көпшіліктің дауысымен «Қазақ соқырлар қоғамы» аудандық филиалының төрайымы болып қайта Рита Қуантаева сайланды. Және де шілде айында Атырау қаласында өтетін «Қазақ соқырлар қоғамы» бірлестігінің облыстық конференциясына делегация сайланды. Бекітілген ережеге сәйкес ауданнан бір делегат жіберілу тиіс болса, қатысушылардың пікірімен Р.Қуантаева бекітілді.

kozjanary-5

Ал, республикалық «Қазақ соқырлар қоғамы» бірлестігінің слеті қазан айында өтеді деп жоспарлануда.

Жиын барысында қоғам мүшелері ішінде мерейлі 80, 70, 65, 55, 50, 40, 35 жасқа жеткен жандарды «Мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігі аудандық филиалының төрайымы Т.Ещанова және аудандық «Қазақ соқырлар қоғамы» бірлестігінің төрайымы Р.Қуантаева марапатқа бөлеп, сый-сияпатқа бөледі.

kozjanary-3

Кездесу соңында Атырау облыстық «Қазақ соқырлар қоғамы» бірлестігі филиалының төрағасы Аманқос Әбдешов айтылған ұсыныс-пікірлерді ескеріп, бірлесе жұмыстанатынын жеткізді. Жанарынан айырылса да қайсарлығымен, өмiрге құштарлығымен өзгелерге үлгi болып жүрген азаматтарға алғысын бiлдiріп, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға деген қолдау толастамайтынын жеткізді.  

М.ІЗТҰРҒАНОВА

Суреттер автордікі

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT