Жаңа салық кодексінің жаңалығы неде?

Жаңа салық кодексінің жаңалығы неде?
(0 Votes)

Мемлекет басшысы 2 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында жаңа салық кодексі қазіргі жүйені қайта жаңғыртуға арналғанын, экономиканы қарқынды дамыту үшін тек мемлекет қаржысына сүйену жеткіліксіз екенін атап өтті. 

«САЛЫҚ САЯСАТЫ ТҰРАҚТЫ БОЛУЫ ТИІС»

– Жеке инвестициялар тарту арқылы іскерлік белсенділіктің артуына қолайлы жағдай жасаған жөн. Ол үшін, ең алдымен, салық саяса­ты тұрақты болуға тиіс. Сонда бизнес те сапалы дамуға ынталы болады және жауапкершілікпен жұмыс істейді. Жаңа салық кодексі қазіргі жүйені қайта жаңғыртуға арналған. Бұл құжат салықтық әкімшілендіру ісінің салық төлеушілерге деген сенімге негізделген мүлде жаңа жүйесін қалыптастыруға тиіс. Кодекстің ережелерін әркім әрқалай қабылдамауы үшін оны жеңілдетіп, экономикалық тұрғыдан белсенді азаматтың бәріне бірдей түсінікті ету өте маңызды,- деді Президент.

Салық режимдерін кәсіпкерлерге жасалған қолайлы жағдайдың нашарлап кетпеуін еске­ре отырып, оңтайландырған жөн. Бөлшек салықтың енгізілуін мысал ретінде айтуға бо­лады. Осы нормаға сенім артқан кәсіпкерлер қызметін ашық жүргізе бастады, кәсіптерін бөлшектеуді азайтты. Алайда бұл режим негізінен халықпен тікелей жұмыс істейтін кәсіпкерлерге қатысты болуға тиіс.

Президенттің айтуынша, тұтынушыларға арналған қызметтер мен сауда-саттықтың мүмкіндіктері толық пайдаланылса, экономи­каны дамыту, салық түсімдерін арттыру және халықты жұмыспен қамту шаралары тезірек нәтиже береді.

– Фискалды реформа табысты болсын де­сек, салықтық әкімшілендіру ісін жаппай цифрландыру керек. Сыбайлас жемқорлыққа қатысты сын-қатерлерді барынша азайтып, салық саласындағы үдерістердің ашық болуын қамтамасыз ету үшін оны тезірек электронды форматқа көшірген абзал. Бүкіл салық саясатын жиі өзгеріп жатқан фискалды ахуалға бейімдеу керек, соның ішінде салық мөлшерлемесін де қайта қараған жөн,- деп түйіндеді Мемлекет басшысы.

11 ТӨЛЕМНІҢ ЕКЕУІН АЛЫП ТАСТАУ ҰСЫНЫЛҒАН

Мемлекет басшысының Жолдауы жарияланған күннен көп уақыт өтпей Қазақстанның Ұлттық экономика министрінің орынбасары Азамат Әмрин жаңа Салық кодексі жобасын таныстырды. Оның айтуынша, жаңа Салық кодексінде салық әкімшілігіне баса на­зар аударылады. Әкімшілендірудің сервистік моделі енгізіліп, салық төлеушіні тіркеу оңайырақ болады. Сондай-ақ, салық есептілігі қысқартылып, бақылау цифрландырылады.

– Өндіріске, технологиялық жабдықтарға қайта инвестициялау үшін кешенді тәсілдер әзірленді. Арнаулы салық режимдері оңтайландырылды, бизнесті бөлшектеу тәуекелдерін азайту бойынша шаралар қабылданды. Сонымен қатар, сараланған салық мөлшерлемелеріне көшу, «сән-салтанат салығын» енгізу, салықтар мен төлемдердің санын 20%-ға азайту, салық жеңілдіктерін 20%-ға қысқарту тапсырылды. Жалпы, барлық тапсырмалар бойынша Үкіметтің ұсыныстары әзірленді, - деді вице-министр.

Оның сөзінше, салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер саны кем дегенде 20%-ға қысқарады.

– Айтарлықтай фискалдық қайтарым жоқ төлемдер алып тасталады, кейбіреулері біріктіріледі. Бізде тек 12 салық бар. Олар халықаралық тәжірибеге сәйкес келеді. Ша­руа және фермер қожалықтарынан алынатын бірыңғай жер салығы ғана табыс салығымен мәндес. Сондықтан бірыңғай жер салығын жеке табыс салығына ауыстыру ұсынылады. Шаруалар мен фермерлер үшін жеңілдікті режимнің өзі сақталады. Тек төлем кодының атауы өзгереді, - дейді ол.

Жаңа кодексте 11 төлемнің екеуін алып та­стау ұсынылған. Бұл – сыртқы жарнаманы орналастырғаны үшін және жекелеген қызмет түрлерімен айналысқаны үшін лицензиялар­ды пайдаланғаны үшін төлемдер. Сондай-ақ, үш төлемді біріктіру ұсынылған: жер үсті көздерінің су ресурстарын пайдаланғаны үшін, орманды пайдаланғаны үшін және жануарлар дүниесін пайдаланғаны үшін. Бір төлем бо­лады – табиғи ресурстарды пайдалану үшін төлем. Жалпы, төлем мөлшерлемелер саны 77- ге қысқарады. Алымдардың 6 түрін қысқарту ұсынылады. Олар бойынша мөлшерлемелердің 34 түрі алып тасталады. Сондай-ақ мемлекеттік баждардың 5 түрі алынып тасталады, олар бой­ынша мөлшерлемелер 51-ге қысқартылады. Бұл салықтар мен төлемдер санын 20%-дан астамға қысқарту міндетін орындауға мүмкіндік береді.

Келесі міндет – салық жеңілдіктерін рет­ке келтіру және олардың көлемін кем де­генде 20%-ға қысқарту. 2022 жылғы салық декларацияларының деректері бойынша олардың сомасы – 9,5 трлн. теңге. Оның ішінде 744 норма 3,3 трлн. теңге сомаға жеңілдіктер ретінде анықталды. Бүгінгі таңда 1300 млрд. теңгеден астам сомаға 110 салық жеңілдігін алып тастау ұсынылады. Бұдан басқа, 400 млрд. теңгеден астам сомаға 29 салық жеңілдігі бой­ынша қолданылу мерзімі шектелетін болады.

– Өздеріңізге мәлім, өткен жылдары салық есептілігінің нысандары барынша жеңілдетілді. Бұл есеп жүргізуге қиындық тудырды. Енді жеңілдік міндетті түрде салық есептілігі ны­сандарында көрсетіледі. Бұдан басқа, тиісті салалық мемлекеттік органдарға тиімділік көрсеткіштерінің мониторингі бойынша міндеттемелерді бекіту ұсынылады,-дейді ви­це-министр.

АРНАЙЫ САЛЫҚ РЕЖИМДЕРІН РЕФОРМАЛАУ – ӨТЕ МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕ

Жаңа салық кодексіне енгізілген өзгертулер мен толықтырулардың бірінші кезекте шағын және орта кәсіпке байланысты тұстарына мән беру маңызды. Кез келген мемлекеттің шайқалмауына әсер ететін – орта тап. Мемле­кетте дәулеті орташа отбасы қаншалықты көп болса, мемлекет соншалықты мызғымайды. Ал өз кәсібін дөңгелетіп отырғандардың тұрақты жұмыс істеуі, дамуы үшін салық заңнамасының рөлі орасан.

Шағын бизнесті қызықтыратын өте маңызды мәселе – арнайы салық режимдерін рефор­малау. Олардың саны оңтайландырылады. Тек үш режим ұсынылады. Біріншісі – өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін жаңа жеңілдікті режим. Онда ЖТС мөлшерлемесі нөлге тең. Табыстың шекті мәні – жылына 15 млн. теңгеден аспайды. Жеке кәсіпкер ретінде тіркелу қажет емес. Мөлшерлеме айналым­нан 4%. Олар 2% – МЖА, 1% – ӘМСМ, 1% – ӘСМҚ. Екіншісі – оңтайландырған деклара­ция негізінде АСР.

– Мәслихаттардың мөлшерлемесі 2%-ға дейін төмендету құқығын сақтай отырып, В2С опера­циялары үшін 4%-дық мөлшерлеме, сондай-ақ В2В операциялары үшін 12%-дық мөлшерлеме. Айналым бойынша ұсынылатын шекті мән – жылына 600 мың АЕК. Осы АСР қолдану үшін қызмет түрлеріне тыйым салу тізімі ұсынылады. Жұмысшылар саны шектелмейді. Сондай-ақ, осы режимді қолданатын салық төлеушілер ҚҚС төлеушілер болып табылмайды. Үшінші режим. Шаруа және фермер қожалықтары үшін режимді сол күйінде сақтау ұсынылады. Тек бірыңғай жер салығының орнына ЖТС төленетін болады. Осы режим үшін тиімсіз пайдаланылған жерлер бойынша жер салығын базалық мөлшерлемеден 40 есе мөлшерде енгізу ұсынылады,- дейді министрдің орынба­сары Азамат Әмрин.

ЖАҢА САЛЫҚ КОДЕКСІ 2026 ЖЫЛДАН БАСТАП ҚОЛДАНЫСҚА ЕНЕДІ

Ал, келер жылдың шілдесіне дейін құжатқа өзгерістер енгізіліп, қабылданады. Бұған дейінгі заңда табысы 1 млн. теңгеден асқандардың барлығы «жеке кәсіпкер» ретінде тіркелетін. Енді мемлекет өзін-өзі жұмыспен қамтып жүргендердің табысы 15 млн. теңгеден аспаса «жеке кәсіпкер» ретінде тіркелуге міндеттемейді. Тіпті салықтан да босатылады. Тек өзінің жеке зейнетақы қорына, әлеуметтік және медициналық сақтандыруға жалпы табысының 4 пайызын төлеуі тиіс.

– Табысы 500 млн.-нан – 2 млрд. теңгеден асқандар «жеке кәсіпкер» ретінде 10 пайыз, ал заңды тұлға ретінде тіркелсе 20 пайыз салық төлеуге міндетті. Оған 12 пайыз қосымша құн салығын төлейді. Жаңа Салық кодексін 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізе отырып, 2025 жылғы шілдеге дейін қабылдау ұсынылады. Бұл белсенді бұқаралық- түсіндіру жұмыстарын жүргізуге, заңға тәуелді актілерді әзірлеуге және Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпараттық жүйелерін дайындауға мүмкіндік береді,- деді ҚР Премьер- министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров.

Сондай-ақ, мамандар елімізде көлеңкелі экономика тамырланғанын айтады. Яғни, кәсібінен түскен табысты салыққа төлеуден жалтарғандар әлі де көп. Мұндай олқылыққа жол бермес үшін барлық мәселелер жаңа салық кодексінде ескерілуі тиіс дейді маман­дар. Ең басты мәселе – салық саясатының әділ жүргізілуінде. Бұл ретте салаға жауап­ты органдардың ашық жұмыс істеуі және есеп беруі, баршаға бірдей мүмкіндік беретін салық саясатын құру барлық проблеманы реттеудің алғышарты болмақ.

Қ.АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT