Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Атырау облысы бойынша департаментімен ағымдағы жылдың маусым айында ветеринария саласында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау мақсатында Атырау облысы Ветеринария басқармасының, ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Атырау облыстық аумақтық инспекциясының, Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция Комитетінің Атырау облысы аумақтық инспекциясының қызметтеріндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелінің туындауына жол беретін себептер мен жағдайларға жоспарлы жұмыстар жүргізіліп, бірқатар мәселелер анықталды.
Атап айтқанда, ветеринария саласын реттейтін нормативтік-құқықтық актілердің әлі күнге жойылмаған қарама-қайшы нормалары кездеседі.
Нормативтік-құқықтық актілердің мұндай қарама-қайшылығы лауазымды тұлғалардың негізсіз әкімшілік кедергілер туындатуына, осы арқылы заңға қайшы әрекеттер жасауына мүмкіндік береді.
Сол секілді, малдың саны жөнінде үзінді көшірмелер беру қызметін реттейтін Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығымен бекітілген Ауыл шаруашылығы жануарларын бiрдейлендiру жөнiндегi деректер базасын қалыптастыру, жүргізу және одан үзінді көшірмелер беру Қағидасының талабына сәйкес ветеринария маманы енгізілген деректерді қолда бар алмалы-салмалы ақпарат тасымалдаушыға түсіретіндігі көрсетілген. Яғни, аталған норманың мазмұнына сай, маман дерекқордағы деректерді электронды тасымалдағыщқа түсіруге мүмкіндігі болғаннан кейін ондағы деректерді де өзгерте алатындығы сөзсіз.
Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің талаптарында ветеринария саласындағы уәкiлеттi органның лауазымды адамдарына ерекше құзыреттілік берілген.
Атап айтқанда, Кодекстің 703 бабының 3 тармағында ветеринария саласындағы уәкiлеттi органның лауазымды адамдары өткiзу орындарында, темiржол, су және әуе көлiгiнде, жолдарда және мал айдайтын күре жолдарда, мемлекеттiк шекарада осы саладағы әкімшілік құқықбұзушылықтар бойынша кінәлі тұлғалардан айыппұлды сол жерде ала алады.
Аталған жағдай лауазымды тұлғаның тікелей сыбайлас жемқорлық әрекетін жасауына мүмкіндік беретін норма болып табылады. Өйткені біріншіден заңнамада көрсетілген орындарда айыппұлдың алынғанын растайтын мүмкіндіктер болмаса, екіншіден ветеринария саласының лауазымды тұлғаларының функцияларында ақша операцияларымен айналысу, айыппұл өндіру құзыреті белгіленбеген
Аса қауіпті індеттердің алдын-алу кезіндегі шаралардың бірі -жергілікті жердегі мал өнімдерін өңдеу кәсіпорындарында санитариялық союды және қайта өңдеуді ұйымдастыру жұмысы. Өкінішке орай бұл жұмыста да тұрғындардың әлеуметтік жағдайына кері әсер ететін кедергілер бар.
Атап айтқанда, «Ветеринария саласындағы нормативтік құқықтық актілерді бекіту туралы» Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығында мал иесінен алынған әрбір ауру мал құнының 30 %-ы мөлшерінде өтеу жергілікті бюджет есебінен жүзеге асырылады, ал қалған бөлігін (70 %) жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатты қайта өңдейтін кәспкерлер төлейді.
Алайда, іс жүзінде ет өңдеу кәсіпкерлік субъектілері аталған шартты толық орындамайды. Яғни, мал иесінен кәсіпкерлік субъектілері малдың құнын нарықтық бағадан әлдеқайда төмен бағамен алады және мұндай жағдайға мал иесі амалсыз келіседі. Сол себепті ауру мал иелері көп жағдайда бруцеллез ауруына шалдыққан жануарларды жасыруға тырысады немесе санитариялық союдан бас тартады.
Сондықтан, аталған норма талабын орындамаған кәсіпкерлік субъектілерінің әкімшілік жауапкершілік мәселесін Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске енгізу қажет.
Талдау барысында бұрын сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылық қылмысы үшін сот үкімі шығарылған тұлғаның ветеринария мекемесінің басшысы ретінде тағайындалу және әлі күнге қызмет ету жағдайы анықталды.
Атап айтқанда, Ветеринария басқармасы басшысының 24.02.2020 жылғы бұйрығымен «Құрманғазы аудандық ветеринариялық стансасы» директоры ретінде А.Бргалиев тағайындалған.
Ресми мәліметке сәйкес, А.Бргалиев Құрманғазы аудандық сотының 10.06.1999 жылғы үкімімен Қылмыстық кодекстің 311 бабының 2 бөлігімен (Пара алу, Қылмыстық кодекстің 1997 жылғы 16 шілдедегі редакциясы) 6 айға бас бостандығынан айыруға сотталған.
Осыған қарамастан Басқарма басшылығымен аталған лауазымды тұлғаның қызметте одан әрі болу мәселесі қаралмаған.
Мемлекеттік сатып алу заңнамасының сақталуы бағытында да кемшіліктерге жол берілетіндігі анықталды.
Атап айтқанда, Тексеру комиссиясының мәліметіне сәйкес, 2018 жылы облыстағы бірқатар аудандардың ветеринария бөлімдері мен ветеринариялық стансаларында бюджет қаражатының жұмсалуына аудиттік тексеру жүргізу барысында төмендегідей кемшіліктер анықталған.
Яғни, Мақат, Құрманғазы аудандық ветеринария бөлімдері мен аудандық ветеринария стансаларына жүргізілген тексеру нәтижесінде 8 953,3 мың теңгенің қаржылық бұзушылықтар және 76,4 мың теңге бюджет қаражаты тиімсіз пайдалану бұзушылығы анықталды.
Сонымен қатар, ветеринариялық қызметті жүзеге асыру бағытында басқа мемлекеттік органдармен өзара үйлесімді жұмыс жасамаудың салдарынан бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуына жол берілген.
Атап айтқанда, Ауылшаруашылығы басқармасы мен Статистика департаментінің мәліметтері мен Ветеринария басқармасының деректер базасындағы мал саны туралы мәліметтер сәйкес келмейді.
Өз кезегінде мал басының саны ветеринария саласына бюджет қаражатын бөлу кезінде әсер етеді. Мәселен, бірдейлендіру қызметі мен эпизотия бойынша іс-шараларға бөлінетін қаражат сомасы мал саны неғұрлым көп болса соншалықты қаражат сомасы да ұлғаяды.
Атап айтқанда, 2019 жылы бірдейлендіру қызметі бойынша әрбір мүйізді ірі қара малына сырға құны 92 теңге 50 тиын болса, қой-ешкілерге 37 теңге 46 тиын, түйе малына 92 теңге 80 тиын болған. Сәйкесінше, тек ірі қара малын сырғалау үшін статистикалық деректерде көрсетілген мәліметтер бойынша -16 043,6 мың теңге, жануарларды бірдейлендіру жөніндегі дерекқордағы мәліметтер бойынша -17 137,4 мың теңге қаражат қажет немесе айырмашылық 1 091,0 мың көлемінде артығымен бөліну керек.
Бұл дерек тек қана мүйізді ірі қара мал бойынша тек бір жылдың және бір ғана өңірдің мәліметі екенін ескеретін болсақ, республика көлемінде мал санының айырмашылығы миллиондаған бюджет қаражатының артық жұмсалуына әкеліп соғады.
Жануарлардың аса қауіпті аурулардың алдын алу жұмыстарын уақытында жүргізбеу салдарынан жыл сайын бөлінетін бюджет қаражаты азаймай отыр.
Атап айтқанда, ауру мал иелеріне жергілікті бюджет есебінен 2017 жылы -32 167,0мың теңге, 2018 жылы-43 951, 5мың теңге, 2019 жылы 77 456,0 мың теңге өтемақы төленді.
Ағымдағы жылы Ветеринария басқармасының негізгі жұмыстарын жүргізу, ұйымдастыру бағытында 772 975,0 мың теңге қаражат бөлінген. Оның ішінде эпизотияға-673 234,4 мың теңге, бірдейлендіру қызметіне-46 096,0 мың теңге, ит ату қызметіне-40 515,0 мың теңге, мал молаларын ұстауға-7 040,0 мың теңге және энзоотиялық ауруларға қарсы іс-шаралар-6 090,0 мың теңге көзделген.
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы
іс-қимыл агенттігінің
(Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет)
Атырау облысы бойынша департаменті
Сурет: ашық дереккөз