ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде «Үздік Әдеп жөніндегі уәкілді» анықтау жөніндегі республикалық конкурстық комиссияның отырысы өтті.
Оған қоғам қайраткері, «Ұлы Дала Қырандары» республикалық қоғамдық мәдени-әлеуметтік қозғалысының төрағасы С.Түгел, «мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» ҚБ төрағасы М. Жақыпов, доктор, доцент, «Academy of labour relations» бас директоры Б. Нұрашева, Мемлекеттік қызмет саласындағы өңірлік хабтың техникалық кеңесшісі М. Өтешов, сондай-ақ бейнеконференцбайланыс арқылы орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың әдеп жөніндегі уәкілдері қатысты.
Комиссия төрағасы Дархан Жазықбаев жиынды ашу барысында Ел Президенті Қ.К. Тоқаев атап көрсеткен мемлекеттік қызметтің қол жетпейтін жабық кастаға айналмауы үшін, мемлекеттік қызметшілердің қашанда халыққа ашық болуы қажет екеніне тоқталды. Адал, білікті әрі әдеп нормалары мен заңды қатаң ұстанатын мемлекеттік қызметшілер кәсіби мемлекеттік аппараттың негізгі өзегі екенін айтқан Дархан Медеғалиұлы мемлекеттік қызметшілердің әдебін қамтамасыз етуде әдеп жөніндегі уәкілдер маңызды роль атқаратынын баса айтты.
Әдеп жөніндегі уәкілдер мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп нормаларын сақтауын, мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамаларын бұзушылықтардың алдын алуын қамтамасыз ету жөніндегі қызметті жүзеге асырады. Конкурстың I-ші деңгейіндегі жеңімпаздарды өңірлік конкурстық комиссиялар анықтады, нәтижелері бойынша II-ші деңгейге 27 қатысушы іріктелді. Комиссия үміткерлердің жұмыс көрсеткіштерін, кәсіби қызметтегі жетістіктерін, эсселерін, сондай-ақ олардың ситуациялық сұрақтарға жауаптарын бағалады. Комиссия мүшелері мемлекеттік қызметшілердің құқықтары қай жерде қалпына келтірілгеніне, үстеме жұмысты болдырмау, тәртіптік практиканы жақсарту үшін қабылданған шараларға, сондай-ақ азаматтық қоғам институттарымен бірлесіп іске асырылатын жобаларға және БАҚ-пен өзара іс-қимылға ерекше назар аударды.
Бұдан басқа, Әдеп жөніндегі уәкілдермен жұмысты дұрыс құрудың ең үздік үлгілері таныстырылды. Комиссия отырысының қорытындысы бойынша «Орталық мемлекеттік органның үздік Әдеп жөніндегі уәкілі» номинациясында орталық деңгейдегі конкурстың жеңімпазы болып ҚР БҒМ Әдеп жөніндегі уәкілі Кенжегүл Бекимова танылды,
II орынды Әділет министрлігінің Әдеп жөніндегі уәкілі Алма Сыдықова, III орынды Энергетика министрлігінің Әдеп жөніндегі уәкілі Бақтияр Усманов иеленді. Аймақтық деңгейде келесі сайыскерлер жеңімпаз атанды:
- «Жергілікті атқарушы органның үздік Әдеп жөніндегі уәкілі» Қайрат Сүйіндіков (Қостанай облысы);
- II орын - Фарида Ахметова (Атырау облысы) және Нұртазина Үмітжан (СҚО);
- III орын - Ринат Арыстанбекұлы (ШҚО) және Берік Ізғалиев (Маңғыстау облысы). Сонымен қатар, конкурс қорытындысы бойынша Әдеп жөніндегі уәкілдердің рейтингі қалыптастырылды, ол агенттіктің ресми сайтында орналастырылған. Әдеп жөніндегі уәкілдердің қызметі Агенттіктің Әдеп жөніндегі комиссиясының отырыстарында, Әдеп жөніндегі кеңестерде тұрақты негізде қаралады, оның қорытындысы бойынша ұсынымдар жолданады.
Сондай-ақ, Әдеп жөніндегі уәкілдер институты мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын қорғау үшін құрылған, осыған байланысты Агенттік тиісті фактілер туындаған кезде өзінің мемлекеттік органының Әдеп жөніндегі уәкіліне жүгінуді ұсынады.