«Еден жуады екен» деп тазалықшы әйелдерді қоғамнан алшақтатқанымыз - адалдығымызға сын. Тілеп емес, тауып жеген нанына шүкір қылады ол. «Әйел екенбіз» деп аспанға қарап ауыз ашып отырмай, ердің ісіне пара-пар жұмыстың жауапкершілігін арқалап жүрген аналарға қандай құрмет жасасақ та, лайықты. Өз ісіне жауапты маман Маржан адал еңбекпен ас ішкеніне разы.
Мырзахметова Маржанның өмір, еңбек жолдарын зерделер болсақ, ол 1964 жылы Мақат ауданы Қошқар кентінде қарапайым отбасында дүниеге келген.
10 жылдық мектепті бітіріп, 1984 жылы Мақат кентіне Жәрдем Мырзахметовке тұрмысқа шығады.
1989 жылы аудандық орталық ауруханаға еден жуушы болып орналасып, 1990 жылы жұқпалы аурулар бөлімшесіне ауысады. Бөлімшеде ауысыммен жасап, сол жердің күл-қоқыстың қалдығына дейін қалдырмай, сүртіп, тазалап емделушілердің алғысын алуға асық. Ол - бір шаңырақтың шырағы, отбасының ұйытқысы, үйдің берекесі. Жолдасы Жәрдем екеуі 6 бала өсіріп, тәрбиелеген бақытты отбасы. Қызы Ақмарал ауруханада мейірбеке қызметін атқарса, Альбина М.Оспанов атындағы медициналық университетінің грантын жеңіп алып, 1 курс студенті.
Маржан Байсеуқызы атқан таңмен таласып, қиындығы мол жұмысты абыроймен атқаруға тырысады. Сырт көзге түкке тұрғысыз іс көрінгенімен, еден жуудың өзі үлкен жауапкершілікті талап етеді. Бастысы, өз жұмысымды үлкен махаббатпен жасаймын дейді кейіпкер.
Сол жерде тынбай ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, кейін шаруашылық меңгерушілігіне ауысады. Қиындықсыз жұмыс болмайды. Кез келген істің өз талабы болады. Бастысы, сол талаптың үдесінен шығып, жұмысыңды жан-тәніңмен жасасаң, бәрі бола береді.
Бүгінде атышулы індет ғаламды ауыр күйге түсірді. Бүгінгідей жағдайда әрбір тұрғынға ақ халатты абзал жандардың көмегі тіпті қажет. Былтырғы жылы пандемия басталған кезде жұқпалы аурулар бөлімшесінде жұмыс істегендіктен, жасына қарай індетті тасымалдау қаупі жоғары болғандықтан, аудандық орталық ауруханаға ауыстырылады. Мұнда ауруханаға келуші пациенттердің қызуын өлшеп, санитарлық талаптарды сақталуын қадағалайды.
Ащы еңбектен тәтті нан жеп жүрген Маржанның жұмысына деген сүйіспеншілігін сөздерінен байқауға болады.
А.МАСАТҚЫЗЫ.