Үш ауысымды оқу жойылады

Үш ауысымды оқу жойылады
(0 Votes)

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы еліміздегі үш ауысымда оқытатын және апатты жағдайдағы білім ордаларының мәселесін түбегейлі шешуді көздейді. 

Президент бірнеше жыл бұрын бұл түйткілді 2025 жылға дейін толықтай еңсеру қажеттігін қатаң тапсырғаны баршаға белгілі. Осы мақсатта республика бойынша 1200 жаңа мектептің құрылысы жоспарланып, оның игілігін ең алдымен аймақ халқы сезіне бастады.
Заманауи үлгіде, соңғы құрал-жабдықтармен жабдықталып салынып жатқан жаңа мектептердің құрылысы өңірдегі білім саласының тынысын кеңейтіп отыр. Облыстық білім беру басқармасының басшысы Марат Әбуовтың мәліметіне сүйенсек, өткен жылы үш жаңа мектеп пайдалануға берілсе, биыл тағы алты мектептің құрылысы аяқталмақ. Жыл соңына дейін Құрманғазы ауданының Құрманғазы ауылында, Ақкөл елдімекенінде және Жылыой ауданының Құлсары қаласында «Келешек мектебі» пайдалануға беріледі.

Жергілікті әкімдіктің қолдауымен де жаңа білім нысандары бой көтеруде. Жаңа оқу жылында Еркінқала ауылында 600 орындық мектеп, Жұлдыз-2,3 және Ақсай-2 ықшамаудандарында 900 орындық заманауи мектептер іске қосылады. Қазір облыста 227 орта мектеп жұмыс істесе, оның ішінде тек сегізінде ғана үш ауысымдық оқыту сақталған. Бұл көрсеткіш жыл сайын төмендеп келеді. Жаңа ғимараттардың салынуы, күрделі жөндеу жүргізу және жапсаржайлардың қосылуының арқасында мәселе біртіндеп шешімін табуда. Жалпы, білім басқармасының жоспары бойынша 2027 жылға қарай өңірде үш ауысымдық оқыту толықтай жойылмақшы.
Алайда мектеп құрылысын уақытылы аяқтауға кедергі келтіретін жайттар да жоқ емес. Басқарма басшысының айтуынша, кешігулер негізінен мердігерлердің жұмысты дұрыс ұйымдастырмауынан туындайды. Жұмыс күші тапшылығы, кестеден ауытқу, сапасыз орындау, жобаның өзектілігін жоғалтып, нарықтағы өзгерістерге байланысты қайта қаралуы, сондай-ақ сот процестерінің созылуы мектептердің дер кезінде тапсырылмауына әсер етіп отыр.

Еркеназ ҚАЛИЖАН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT