Ұлттық құрылтай аясында ҚР Мәжіліс Төрағасының орынбасары атыраулық зауыттардың жұмысымен танысты

(0 Votes)

Бүгін Атырауда Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысы аясында ҚР Мәжіліс төрағасының орынбасары Альберт Павлович Рау мұнайлы өңірдегі зауыттардың жұмысымен танысты. 

ҚР Мәжіліс Төрағасының орынбасары Альберт Рау өңірдегі бірегей өндіріс ошағы саналатын «Atyrau Oil Service» ЖШС аралап көрді. «Atyrau Oil Service» ЖШС 2021 жылдан бері жұмыс жасап келеді. Компанияның негізгі жұмысы – мұнай саласындағы құрал-жабдықтар шығару және жөндеу. Қазіргі уақытта зауытта Германия, Оңтүстік Кореядан әкелінген әлемдік стандарттарға сай келетін материалдардан жасалынған жүзден астам өнім шығарылады. Онда жиырмадан астам жұмысшы қызмет етеді.

«Atyrau Oil Service» ЖШС басшысы Ерлан Аткиевтің айтуынша, кәсіпорынның негізгі бағыты – жергілікті өнім үлесін арттыру – импортқа тәуелділікті азайту. Мемлекеттік бағдарламалардың игілігі арқылы жүзеге асып жатқан бұл зауыттың жанынан биыл тағы мұнай саласына қажетті сорғыларды шығаратын екінші өндіріс орны ашылады. Бұл зауытта жылына 150-ден астам сорғыларды шығару жоспарланған. ҚР Мәжіліс Төрағасының орынбасары Альберт Рау жергілікті өнім жасаушы зауыттың әлеуетіне жоғары баға берді. Оның мүмкіндіктерін алға тартып, зауыт басшылығына осы бағытта бірқатар тапсырмалар берді.

Арнайы делегация «WIKA Кazakhstan» өндіріс орнында ұйымдастырылған кәсіпорындар жәрмеңкесіне де барды. «WIKA Кazakhstan» зауыты – Атырау облысы бойынша электроесептегіш құралдарын шығарады. Жергілікті өнім өндіруші кәсіпорындар көрмесінде «Emerson Атырау», «KMG Automation», «Borkit Safety», «Sigma Solutions» «Centech», «ЗаманКвантор», «Studbolt manufacturing», «Казахстан Интегрейтид Сервисез», «Safetyline» сынды кәсіпорындар өздерінің өнімдерін ұсынды. Олардың қатарында арнайы киімдер, ірі құрылыстарға, жүк тасымалдауға арналған белбеулер, электр қалқандары, электр есептегіш құралдар, арнайы жұмыс қолғаптары тағы басқа өнімдер қойылды. ҚР Мәжіліс Төрағасының орынбасары Альберт Рау елімізде жергілікті өнім өндірушілерге басым бағыттар беріліп келе жатқанын атап өтті.

«Атырауда өткелі отырған үшінші Ұлттық құрылтай аясында Атырау облысына келдік. Осы мүмкіндікті пайдаланып, өңірдің индустриялық дамуымен де танысып, жергілікті зауыт жұмыстарын аралап көрдік. Атырау өңірінде жасалып жатқан жұмыстарға, жергілікті кәсіпорындардың өнімдеріне жоғары баға беремін. Жалпы соңғы жылдары өңірлерде бірінші кезекте жоғары сапалы құрал-жабдықтардың жергілікті жерде шығарылуы, оның сұранысқа ие болуы, қолданылуы жақсы жолға қойылып келеді. Алдағы уақытта осы қарқында жұмыс жалғаса беретін болса, қазақстандық өнімді жақын күнде шетелге экспорттауға да мүмкіндік туындайды», деді ҚР Мәжіліс Төрағасының орынбасары Альберт Рау журналистерге берген сұхбатында.

Сондай-ақ, ҚР Мәжіліс Төрағасының орынбасары Альберт Рау бастаған арнайы делегация «Атырау-Нефтемаш» зауытына барды.

Нұргүл Насыр

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT