У кекіре жайлы естіп көрдіңіз бе?

(1 Vote)

Жатаған (қызғылт) у кекіре Қазақстанда  2,6 млн га-дан астам жерге, яғни Қазақстанның барлық аймағына тараған. Бұл арам шөптің соңғы жылдары таралу қарқындылығы аса қауіпті. Алдыңғы жылмен салыстырғанда Қазақстанда укекіре таралған аймақ көлемінің 1 млн га-ға жақын артқан. Укекіре далалық жерде, егістікте, сортаң жерлерде, суармалы жерлердің арықтарының бойында, автокөлік жолдарының торабында таралған.

Биологиялық ерекшеліктері, зияндылығы және фитосанитарлық қаупі. Жатаған укекіре – атпа тамырлы көпжылдық өсімдік, гемикриптофит.

Укекіре шілде-тамыз айларында гүлдейді. Көбеюі тұқымымен немесе тамыр атпаларымен – вегетативтік жолдарымен жүреді. Негізгі көбею тәсілі – вегетативтік. Укекіренің тамырлары жазғы қуаңшылық кезінде топырақ құрғап кеткенде және жазғы жоғарғы температурада да тіршілікке қабілеттілігін жоймайды.

Қуаңшылыққа төзімді, жарық сүйгіш укекіре көлеңкеде тұқым түзбейді. Сонымен қатар бұндай жағдайда өсімдіктің тамыр жүйесінің өсуі баяулайды, алайда олардың бойындағы пластикалық заттар қоры сақталып, көбею бүршіктері тіпті бірнеше жылдан кейін де (3 жылдан астам) жаңа өркен түзіп, арам шөп таралуын жалғастырады.

Укекіренің зияндылығы аса жоғары: ол егістікті ластайды, барлық дақылдардың, жайылымның өнімділігін кемітеді, мал азығының сапасы төмендейді, ал жануар укекіре жесе сүттің дәмі қышқылданады. Укекіре өсімдігінің көптеген жануарларға, әсіресе жылқы мен түйеге улы әсері бар. Алайда оны қой мен ешкі жақсы жейді. Укекіре өсімдігімен жануарлардың улануы көбіне оның шанақтану кезеңінде байқалады. Арам шөп зияндылық тарабының бірі – тамыр жүйесі тарамдалып, жайылып өсетіндіктен топырақ өңдеуді күрделендіріп, агротехникалық шаралар шығынын арттырады.

Морфологиясы және идентификациялау. Жатаған укекіре өсімдігінің биіктігі 20-70 см. Сабағы тік, түкті, етегінен ұшына дейін жанама сабақтар түзіп, тарамдалған. Өсімдігінің тамыры 10 м-ге дейін тереңдікке бойлайды. Жатаған укекіре негізгі тамырымен қатар көптеген қосалқы бүршіктері бар тамыр сабақ түзеді. Жапырақтары түкті, сабақ бойында кезекпен орналасқан, сағақсыз, отырыңқы, тілімденген, немесе жиектері тісті, жоғарғы жапырақтарының жиектері тегіс.

Тасымалдану және таралу жолдары. Ауыл шаруашылық дақылдарының тұқымдық материалдарымен, адамдардың шаруашылық әрекетінің нәтижесінде таралады. Шет елдерден әкелінетін карантинге жатқызылатын өнімдерден көбіне жүгері, майбұршақ, бидай, зығыр, қара бидай тұқымдарымен АҚШ-тан, Канададан, Австралиядан және Ресейден келеді.

Карантиндік және қорғау шаралары. Жатаған укекіремен күресудің негізгі тәсілдері – агротехникалық және химиялық. Қолданылатын агротехникалық шаралар әр түрлі жағдайларда әр түрлі болуы мүмкін. Солардың бірқатарын қарастырамыз. Мысалы, суармалы танаптарды жатаған укекіреден арылтуға бағытталған агротехникалық шаралар:

терең қопсытып жырту – өйткені укекіренің тұқымы топырақ тереңдігі 6 см-ден асса көктеп шыға алмайды;

көгі қаулап шығатын жоңышқа, қара бидай, сұлы, арпа, жүгері дақылдарымен қара парды алмастырып отыру;

оңтүстік өңірлерде қатарынан 3 жылдан асырып күріш егу, өйткені укекіре су астында қалса өсе алмайды.

Жатаған укекіреден арылу үшін агротехникалық шаралармен қатар міндетті түрде гербицидтерді де тиімді қолдану қажет. Жатаған укекіреге қарсы гербицидтерді қолдану тәсіліне әсіресе бүгінгі күні, яғни топырақты тайыз өңдеу немесе мүлдем топырақ өңдеуден бас тарту кезінде ерекше көңіл бөлінеді.

Укекірені жою үшін қолданылатын гербицидтер негізінен глифосат негізінде дайындалатындары. Егістікте ылғал және қор сақтау технологиясы кеңінен қолданылатын Қазақстанның Солтүстік өңірінде укекіреге қарсы танапты гербицидтермен алғашқы өңдеуді арам шөп шоқтана бастағанда жүргізілу ұсынылады. Укекіреге қарсы қолданылатын гербицидтер: Ураган, Ураган-Форте, Буран, Раундап және т.б.

Т.Ихсанов,

Мақат аудандық аумақтық инспекция басшысы

Сурет: ашық дереккөз

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521