Аймақта туризм жылдан-жылға дамып келеді. Өңір тұрғындары мен қонақтары Индер ауданындағы Тұздыкөлге, Құрманғазы ауданындағы Қиғаш өзені маңында өсетін, әлемде сирек кездесетін гүл - «Лотос» алқабына, Құлсары қаласындағы Ақкегершін борлы тауына, Исатай ауданындағы Нарын құмына, Махамбет ауданындағы «Ортағасырлық Сарайшық кешеніне», Атырау қаласында орналасқан «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватына барып, Атыраудың бірегей табиғаты мен мәдени мұрасын тамашалай алады.
Төтенше жағдай кезінде туристік маусым кейінге шегерілді.
- Жағдай тұрақтала келгендіктен, экскурсиялық турларды жандандыруды жоспарлап отырмыз. Оны туристік ұйымдар арқылы ұйымдастырамыз. Алдымен туристік орындарды бірге аралап, жай-күйін бақылап шықпақпыз,- дейді Дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы туризмді дамыту бөлімі басшысының м.а Жаннат Сабырғалиева.
«Easy Travel» туристік фирмасының басшысы Нұралхан Бисеновтің айтуынша, шетелге саяхаттайтын жерлестер де аз емес.
- Жазда шетел асатын атыраулықтар өте көп. Олардың басым бөлігі Түркияның Аланья қаласына, Египеттің Шарм-эль-Шейх қаласына барады. Соңғы уақытта Азия елдеріне қызығушылық жоғары. Маусымда Тайланд пен Вьетнамға сұраныс көбейді,-деді Н.Бисенов.
Анықтама үшін: Өңірде 200-ден астам туристік мекеме тіркелген. Оның 127-сі — орналастыру орны, 41-і — жол бойындағы сервистік объект, 48-і — туристік ұйым( 11-і туроператор, 37-сі фирма, 2 этноауыл және 1 визит орталығы)
Биылғы қаңтар-наурыз аралығының өзінде ғана Атырау облысына 32 мыңнан астам турист келген. Оның 27 мыңы —қазақстандық, 5 мыңнан астамы — шетелдік.