Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Алтын сапа" және "Парыз" сыйлығының лауреаттарын марапаттау рәсімінде сөз сөйлеп, байқаулардың өз мәресіне жетуімен құттықтады, деп хабарлайды Zakon.kz.
"Жыл сайын осы салтанатты жиында ел дамуына елеулі үлес қосқан кәсіпкерлерге құрмет көрсетеміз" деген мемлекет басшысы қазір Қазақстанда бизнес саласы қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.
"Бұған мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалып жатыр. Шағын және орта бизнестің ішкі жалпы өнімдегі үлесі 36 пайыздан асты. Бұл – шын мәнінде, жоғары көрсеткіш".
Қасым-Жомарт Тоқаев
Президенттің мәлімдеуінше, осы салада жұмыс істейтін адамдардың саны 4,3 миллионға жетті, яғни бұл – еңбекке жарамды азаматтардың 45 пайызы деген сөз.
Президент индустрияландыру жұмысы соңғы жылдары жоғары қарқынмен жүзеге асырылып келе жатқанын баса айтты.
"Былтыр өңдеу өнеркәсібінің экспорты 26 миллиард доллардан асты. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Өткен жылы осы салаға 1,5 триллион теңге инвестиция тартылды. Өңдеу кәсіпорындарын дамытуға барынша жағдай жасалды. Соның нәтижесінде республикалық бюджетке түсетін салық 5 есе артты. Осылайша, бизнес өкілдері мемлекеттің сенімді серіктесіне айналды", – деді президент.
Бұған қоса ол биыл жаңа экономикалық үлгіге көше бастағанымызды, ең алдымен, экономикамызда әділдік болуға тиіс екенін атап өтті.
"Мен жуырдағы Жолдауымда 2029 жылға қарай ұлттық экономика көлемін екі есе, яғни 450 миллиард долларға дейін ұлғайту жөнінде маңызды міндет жүктедім. Бұл міндет – бос қиял емес, Үкіметтің мұқият есептеген іс-қимыл жоспары. Оны орындау үшін жаңа инвестициялық циклді іске қосу қажет".
Қасым-Жомарт Тоқаев
Президенттің сөзінше, ол ел экономикасының маңызды элементіне айналмақ.
"Өткен аптада мен Инвестиция тарту жұмыстарының тиімділігін арттыру туралы Жарлыққа қол қойдым. Енді Инвестициялық штабтың жұмысы жобаларды уақытылы және кедергісіз жүзеге асыруға бағытталады. Штабқа заңды күші бар, уақытша нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу құқығы берілді. Оған шешімдер қабылдауға құзырет беру аса маңызды. Оны мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялар міндетті түрде орындауы керек", – деді мемлекет басшысы.
Оның айтуынша, мұндай шаралар еліміздегі инвестициялық климатты жақсартуға ықпал етуді көздейді. Бұл жұмыс Инвестициялық штабтың барлық мүшесіне жеке-жеке жауапкершілік жүктейді.