Төл теңгеміз жайында не білеміз?

(1 Vote)

Біреудің бақытына, біреудің қайғысына себеп болатын тіршіліктегі ең үлкен маңызға ие болып отырған нәрсенің бірі - ақша. Әрбір егеменді елдің  тәуелсіздігін айқындайтын ақша айналымындағы өз валютасы болады. Қазақ елі тәуелсіздік алғанына екі жылдай уақыт өткенде 1993 жылы 12 қарашада Елбасы ұлттық валютаны енгізу туралы жарлыққа қол қойып  15 қарашада теңге ресми түрде ақша айналымына енді.

Ұлттық валютаны қалыптастыруда қаншама қайраткердің ерік-жігері жұмсалғанын бұл күні тек сол заманды басынан өткерген алдыңғы буын ғана сезіне алса керек. Алғашында теңге атауына "сом", "алтын" "ақша" деген атаулар бақталас болған. Бастапқы жылдары валютамыздың 1, 200, 500, 1000 теңгелерде әлемге әйгілі ойшыл  Әл-Фарабидің суреті бейнеленсе,  3 теңгеде іргесі ыдыраған қазақ руларын біріктіруде зор ықпал еткен ақын Сүйінбай Аронұлы көрініс тапты. 5 теңгеліктегі дауылпаз күйші Құрманғазының кескіні мен 10 теңгеліктегі көрнекті ғалым Шоқан Уәлихановтың бейнесі болғаны есімізде.

Ақын Абай Құнанбайұлын да төл теңгемізден ұмыт қалдырмай, 20 теңгелікке жайғастырсақ, Әбілхайыр мен Абылай хандар 50 теңгелік пен 100 теңгеліктерде бейнеленді. Естеріңізде болса, 1995 жылы төл теңгеміз өз елімізден басып шығарыла бастады. Сол жылдары 1, 3, 5, 10, 20 теңгелік тиындар шығып, 2001 жылға дейін қолданыста болды.

1996 жылы 2000 теңгеліктер пайда болып, көрген көзге кәдімгідей мол ақша болып көрінетін. Ал әлі күнге дейін сақталып жүрген 1, 2, 5, 10, 20, 50 теңгелік тиындар 1997 жылы жарыққа шықса, халық арасында "күректей" деп сипатталатын 5000 теңгелік қызыл ақша 1998 жылы пайда болды.

2002 жылы 100 теңгелік тиын, 2003 жылы 10 000 теңгелік қағаз ақша шықса, 2006 жылы 200 теңгеден 10 000 теңгеге дейінгі барлық купюралар өзгертіледі. Әлемдегі екі тілде жазылған жалғыз ақша болып табылатын банкнотамыз әлемде бірінші болып "сопақ мөлдір терезе" атты қорғаушы затты қолданғанын қазіргі 10 000-дықтарды қарасаңыз, білесіз. Қорғаныш қабаты арқылы әлемдегі ең қауіпсіз валюта  саналатын төл теңгеміздің технологиясы арқылы тіпті ықпалы әлдеқайда күшті америкалық доллардың өзі қауіпсіздігін күшейткен болатын. Сонымен қатар 2011, 2012, 2013 жылдары дүние жүзіндегі ең үздік қағаз ақша ретінде танылған да осы төл теңгеміз екенін естен шығармайық.

Құны жағынан көптеген валюталардан кейін қалса да, тәуелсіз қазақ елінің дамуының жаңа өзгерістер кезеңіне бірден бір бастау болған да осы төл теңгеміз. Ең бастысы, ақшаның құнында емес, оны ұстай білетін адамның қолының берекесінде.

Ысырапшылдыққа жол бермей, отандық тауарларды көбірек қолданып, өз елімізде дем алсақ, ел экономикасының да қарқыны артып, ұлттық валютамыздың да еңсесін тік тұрғызарына еш күмән жоқ.

А.САДЫКОВ   

Сурет: ашық дереккөзден

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT