Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “Ана тілі” газетіне берген кезекті сұхбатында қазақ тілінің ертеңі туралы сөз қозғаған болатын. “Қазақ тілінің бәсекеге қабілеті және оны үйренуге деген қызығушылық барынша артып келеді. Ең бастысы, қазақ тілін білу сәнге айналды, жастарымыз оны меңгеруге ұмтылатын болды.
Мемлекеттік тіл азаматтардың қызмет бабында өсуіне және табысқа жетуіне жол ашатын маңызды фактор саналады. Еліміздің бизнес өкілдері маркетинг саласындағы науқандарын қазақ тілінде сөйлейтін тұтынушылардың сұранысына қарай өткізетін болды. Мұның бәрі мемлекеттің өте абай болуды қажет ететін әрі саяси тұрғыдан маңызды саналатын осы саладағы саясаты тиімді жүргізіліп жатқанын көрсетеді” - деді Президент сұхбатында.
Яғни ана тіліміздің жойылып кетуіне қауіп жоқ. Себебі тіліміздің қолданыс аясы жылдан жылға кеңейіп келеді. Тіпті шетел азаматтары да жаппай қазақ тілін меңгеруде. Бұл - қуантатын жайт.
Осылайша елімізде тұратын әрбір азамат пен азаматша ана тілімізде сөйлеп, оны құрметтесе тіліміз ешқашан жойылмайды деп ойлаймын. Сондықтан барлығымыз ана тілімізде сөйлеп, оны көзіміздің қарашығындай сақтауымыз керек! Сонда еліміздің ертеңі жарқын болмақ!
Ә.Мендалиева,
ардагер ұстаз