Теміржолшылар мерейленген күн

Теміржолшылар мерейленген күн
(0 Votes)

Тамыз айының екінші жексенбісінде елімізде дәстүрлі түрде аталып өтетін кәсіби мерекелердің бірі – Теміржолшылар күні. Бұл  тек теміржол саласының қызметкерлері үшін ғана емес, бүкіл ел үшін маңызы зор күн. Өйткені теміржол – мемлекеттің экономикалық дамуы мен халықтың өмір сапасын қамтамасыз етуде басты тіректердің бірі. Жолаушылар мен жүк тасымалы, логистика және өнеркәсіп салаларының іргетасы да осы теміржол арқылы қаланады. Бүгінгі жетістіктің артында өз кәсібіне адал, жауапкершілігі жоғары, тәжірибесі мол теміржолшылардың маңдай тері жатыр.

Осы орайда ауданда мереке кең көлемде аталып өтті. Нарын ауылдық округі мен Аққыстау ауылдық округіне қарасты Томан елді мекенінде өткен салтанатты шараларды қос ауылдық округтің әкім аппараттары мен ауылдық клуб бірлесе ұйымдастырды.  

Мерекелік жиындарға аудан әкімі Нұрым Мусин қатысып, теміржолшылардың ел өміріндегі орны мен еңбегін жоғары бағалады:

- Теміржол саласы – кез келген мемлекеттің тіршілігінде маңызды рөл атқаратын сала. Бүгінде елімізде теміржол көлік инфрақұрылымы дамып, жолаушылар мен жүк тасымалы, логистика саласының іргетасы берік қаланған. Бұл – өз кәсібіне адал, тәжірибесі мол теміржолшылардың арқасы. Бұл кәсіби мереке – сіздей жауапты мамандық иелеріне деген құрметтің белгісі. Осындай шаралар арқылы еңбекке деген сыйластық арта түсері анық,- деді аудан басшысы.

Томан елді мекенінде аталған салада ұзақ жылдар бойы абыройлы еңбек еткен ардагер теміржолшы, ауылдағы теміржол саласының бұрынғы басшысы Арон Үмбетовке «Ел ағасы» төсбелгісі табысталды. Бұл марапат  ел еңбегінің елеусіз қалмайтынының айқын дәлелі. Сонымен қатар бірқатар сала мамандары да аудан әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Олардың қатарында Сейтжан Мұратұлы, Хамида Орынбасарқызы және Айболат Әсетұлы бар. Аққыстау ауылдық округінің әкімі Ерболат Махашов та құттықтау сөз сөйлеп, теміржолшылардың ел дамуына қосып жүрген үлесін атап өтті. Сондай-ақ Алексей Чернов, Асылан Мұратұлы және Нұрлыбек Сұлтанғалиұлы ауыл әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.

Ауылдың бұрынғы әкімі Ғаділ Махуовқа Томан елді мекені тұрғындары атынан Алғыс хат пен естелік сыйлық табысталды.   Нарын ауылындағы мерекелік кеш барысында да еңбек озаттарына құрмет көрсетілді. Аудан әкімінің Алғыс хаттары Ерлан Хайрушев, Жұмабек Бөрібаев, Қаһарман Кукумов және Нұрбек Шмановқа берілсе, аудандық мәслихаттың құттықтаулары Расул Асылбек, Әсет Бақтығалиев, Ерлан Елеусинов, Манарбек Абуов, Избасар Досалиев және Болатжан Құбиевке табысталды. Ал Нарын ауылы әкімінің Алғыс хаттары Асылбекұлы Рысбек, Әліби Ғинатов, Нұртілек Ғапуов, Нұрбол Дәулетов және Нұрәділ Үмбетовке тапсырылды. Іс-шара  барысында ауыл өнерпаздары, Жалын мәдениет үйінің қызметкерлері әсем ән мен күйден шашу шашып, мерекелік көңіл-күй сыйлады. Теміржолшылар күні – еңбек адамына деген құрметтің, адал еңбектің бағалануының көрінісі. Мұндай мерекелік шаралар болашақ ұрпақтың да еңбексүйгіштікке, жауапкершілікке тәрбиеле-нуіне жол ашады.

 

Камилла  ҚҰРМАНҒАЗИЕВА

 

 

 

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT