Теміржолшы Аманғали қызығынан қиындығы көп мамандығы туралы айтты

(0 Votes)

Қиындығы мен қызығынан бөлек, үлкен жауапкершілікті талап ететін шойын жол мамандарының еңбегі қашанда жоғары. Себебі, оларға қойылатын міндет қатал. Ал, олардың басты мақсаты - өз жұмысын жіті қадағалай отырып, қозғалыс қауіпсіздігін басты назарда ұстау болып табылады.

Төзімділік пен шыдамдылықты қажет ететін бұл мамандық иелерінің біз білмейтін сырлары көп-ақ. Өйткені, теміржолдың қырсырын жетік меңгеру кез келгеннің қолынан келе бермесі анық. Міне, бүгінгі әңгімеміз 20 жылдан астам уақыт өзінің еңбекқорлығымен теміржол саласында абыройлы қызмет атқарып жүрген мұнайлы мекеннің тұрғыны Аманғали Енбаев жөнінде болмақ. Аманғали Ермекбайұлы 1969 жылы 19 қарашада Қызылқоға ауданы, Қоныстану ауылында дүниеге келген.
1977-1987 жылдары Жаңа шаруа орта мектебінде білім алған ол мектепті бітірген соң, 1988-1990 жылдар аралығында Ресейдің Хабаровск өлкесінде әскери қызметін өтейді.

«2002 жылдан бастап Атырау жол дистанциясы ПЧ9 мекемесіне қарасты Мақат стансасы 3-ші жол айналымында жол жөндеуші болып қызмет атқардым. Қақаған қыстың аязы мен жаздың аптап ыстығына қарамастан болат жолды жөндеп, ондағы кездесетін ақауларды алдын алу біздің басты міндетіміз болды. Зілдей бұрғыштар мен балғаларды алып, рельстердің кем-кетігін жөндеу екінің бірінің қолынан келетін жеңіл жұмыс емес. Тонналанған жүк пен жолаушылардың діттеген жерлеріне аман-есен жетуі біз үшін қашанда маңызды. Сондықтан, теміржол бойындағы тынымсыз жұмыста мүлт кетіп, қателік жіберуге болмайды.
Асқан қырағылық пен үлкен жауапкершілік қажет”,- дейді кейіпкеріміз.

Иә, экономикасының күретамыры саналатын бұл саланың қиындығы жетерлік. Өз ісінің нағыз маманына айналып, бірнеше жыл теміржол бойында жол жөндеуші болып қызмет атқарған ол қазіргі таңда осы салада көлік жүргізушісі болып қызмет атқарады.

«2008 жылы жол жөндеушіден осы саладағы көлік жүргізушісі қызметіне ауыстым. Қазіргі міндетім күн-түн демей, теміржолшыларды уақытында тиісті жерге апару болып табылады. Сонымен қатар, қай уақытта да көлігіміз кем-кетіксіз сақадай сай тұру керек”,- дейді Аманғали Ермекбайұлы.

Сондай-ақ, теміржол бойында тер төккен білікті маман иесі отбасында ардақты әке. Жолдасы Гүлмира екеуі 3 ұл мен 2 қыз тәрбиелеп отырған бақытты жанұя.
5 баланың 4-еуі әртүрлі маман иелері болса, кенжесі мектеп оқушысы. Қызылқоға топырағынан шығып, мұнайлы Мақат мекенінде абыройлы қызмет атқарып жүрген Аманғали бүгінде ұжымда сыйлы маман. Сондай-ақ, ол жауапкершілікті талап ететін жұмыста ұжымның да маңызды рөл атқаратынын айта кетті. «Теміржол саласы - атақ пен абыройды қажет етпейді. Біз үшін қауіпсіздік қашанда бірінші орында тұрады.

- Әр қызметкердің жұмысына тиянақты қарап, өзіне берілген міндетті уақытында орындап, қателікке жол бермеуі - үлкен жетістік. Одан бөлек, бұл салада ұжымның жақсы болуы да маңызды болып табылады. Мен бірбіріне көмегін аямай, әрдайым көмек қолын соза білетін тату-тәтті ұжымда жұмыс істегеніме қуанамын. Осы мереке тұсында барша әріптестерімді кәсіби мерекемен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, еңбектеріңізге толағай табыстар тілеймін»,- деп ізгі тілегін білдірді.

Иә, тоғыз жолдың торабы саналатын мекенде таңның атысы мен күннің батысына дейін аянбай еңбек етіп жүрген теміржол саласының әрбір қызметкері қашанда құрметке лайық. Себебі олардың, жүріп өткен жылдары мен жолдарында біз көрмеген қаншама еңбек пен тер жатыр.


Ә. Қасым

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521