Индер ауданында «Индер-Мақат» кірме темір жолы 162 шақырымды құрайды, қолданысқа 1985 жылдан бастап берілген болатын.
Кезінде айына 300-400-дей вагон жүк тасып, көптеген жұмысшылар қызмет атқарды. Соған байланысты жолдың да сапасы жақсы еді. Өкінішке орай қазіргі таңда әбден тозығы жетіп, қауіпті жағдайда тұр. Себебі әр СПК- дан жалға алған мекемелер тек өз жүктерін тасып, жолға аса мән берілмей жатыр. Жол жөндеушілер саны 162 шақырымға он адамға да жетпейді, еш күрделі жөндеу болмай тұр. Яғни теміржолға темірдей тәртіп қажет. Кешегі Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы жайға тоқталып: «Темір жол тасымалын цифрландыру жобаларын уақтылы аяқтау маңызды. Сол арқылы тасымалдың барлық түрін өзара кіріктіруге мүмкіндік туады. Биыл және келесі жылы осы бағытта ауқымды жұмыстар атқарылуға тиіс. Жаһандық электронды сауда-саттық көлемінің артуы біз үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Сондықтан ел экономикасын дамытуға зор ықпал ететін осы үрдісті толық пайдалану керек» деген болатын. Сол айтқандай бұл кірме жолды да қолға алып, жаңарту, жандандыру жұмыстары жүргізілсе ауданға берері көп. Жергілікті жерде жұмыссыздық саны азайып, сауда-саттық дамып, нарықтағы құрылыс материалдары да арзандайды деген ойдамын.
Алия ҚАРАШИНА,
аудандық мәслихат депутаты, Индер темір жол саласының бұрынғы басшысы