Біз бүгінгі күні экономиканың ең қиын да тәуекелді саласында еңбек етудеміз. Ауыл шаруашылығы арқылы бүгін салған қаржыңды ертеңгі күні қайтарып аламын деу айтуға ғана жеңіл. Халықты азық-түлікпен қамтамасыз етіп отырған ауыл шаруаларының қазіргі тұстағы жағдайы айтарлықтай керемет емес. Бұл ретте біз мемлекеттік бағдарламаларға сенеміз, соның қолдауы арқылы көздеген мақсатымызға жетеміз деп ойлаймыз. Алайда, өкінішке қарай, дәл қазір бұлай болмай отыр.
Біз уәде етілген субсидияны пайдалану арқылы техника, мал азығын сатып алып, бір жағынан несиемізді жауып отыруды жоспарладық. Екі жыл бойы субсидия қолымызға тимей отыр. Сондықтан көптеген шаруалар қолындағы асылтұқымды малдарын етке өткізуге мәжбүр. Ауыл шаруашылығын дамыту – мемлекетті алға сүйреу, оның келешегін ойлау. Жастар оңай да ақшасы көп жұмыс іздеп, қалаға қашып жатыр. Ауылда қалғандарының көпшілігі бос жүреді. Ата-аналарының зейнетақысына тамақ асырайды. Бұл қалпымызбен ауыл шаруашылығын қалай көтереміз? Қосымша құн салығы көтерілсе жығылған үстіне жұдырық болмай ма?
Бізде салық деген жалғыз қосымша құн салығыемес қой. Мысалы, ҚҚС алғаш рет 1958 жылы Францияда енгізілген. Ол кезде басқа елдерде болмаған. Қазір оны 137 мемлекетте төлейді. Ең көбі 27 пайыз төлейді. Бірақ соның ішінде Сингпур – 9 пайыз, Малайзия – 5 пайыз, Оңтүстік Корея – 10 пайыз төлеп жатыр. Рас, Норвегия, Швеция, Дания сияқты мемлекеттерде 25 пайыз төлейді, бірақ оларда халықтың жағдайы да басқадай ғой, қарапайым орташа айлық 3500 мың еуро. Ал бізде ең төменгі еңбекақы мөлшері 85 мың теңге болып тұрғанына биыл екінші жыл. Орташа айлық 350 мың теңге дейді, бірақ оны да көпшілік алып отырған жоқ, шындығын айтқанда. Тіпті сол 350 мың теңге еуроға шаққанда 700 еуро болады. Өзімізді экономикасы тұрақты, дамыған елдермен салыстырамыз да, ал бірақ халықтың табысы әлгіндей. Біз дамушы елдер қатарындамыз.
Ондай салықтың ауыртпалығы ең алдымен халыққа түседі, біздегі тұтынушының күнкөріс деңгейі нашарлайды, себебі олардың табысы өсіп жатқан жоқ. Ал инфляция болса қарқын алып бара жатыр. Салықты бүгін енгізетін болса, ертесінде-ақ тауар мен қызмет бағасы өседі, ал халықтың төлем қабылеті болмаса, шағын және орта бизнес иелеріне кәсібін жабуға тура келеді. Сондықтан менің пікірім, біріншіден, Үкіметтің фискалдық іс-шаралары, әсіресе, салық мөлшерлемелерін арттыруға қатысты бастамалары қоғамда кеңінен талқылануы қажет. Бүгінгі күнде бизнес қауымдастық сынап, наразылығын жеткізді. Мұндай салық саласындағы өзгерістер кенеттен қабылданбауы керек! Кәсіпкерлердің пікірін Үкімет ескеруі тиіс.
Серік АЛҒАЯЗОВ,
«Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісінің иегері,
«Алғаяз» шаруа қожалығының басшысы