Экология қашанда бірінші тұруы қажет. Себебі, адам денсаулығына тікелей әсер ететін осы – экология. Ал, қазақ бұрыннан «Бірінші байлық – денсаулық» деп айтып кеткен. Бұл сөзімізді соңғы Жолдауында ел президенті Қ.Тоқаев та нықтап кеткен болатын.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында:
-«Таза Қазақстан» шарасына бірнеше айдың ішінде 3 миллионға жуық азамат атсалысты. Жүздеген мың үйдің ауласы тазартылды, 1 миллион тоннадан астам қоқыс жиналды. Осындай игі шаралардың арқасында қоғамда жаңа мәдениет, жаңа қоғамдық этика орнығып келеді. Мұны туған елге деген сүйіспеншілік, жанашырлық деуге болады. Ұлттың жаңа сапасы осындай нақты шаралар арқылы қалыптасады. Бұл – уақытша науқан емес. Осы маңызды жоба жыл бойы жалғаса беруге тиіс. Себебі, шынын айтқанда, кейбір санасыз азаматтарымыз табиғатты, көшелерді әлі де ластап жатыр. Осындай адамдардың әрекетіне заң бойынша тосқауыл қою керек. Бір сөзбен, қоршаған ортаның тазалығы әркімнің күнделікті дағдысына айналуы қажет,-деген болатын.
Күнделікті қалада жатқан қоқыстар адам денсаулығына әсер етпейді деп ойлауымыз мүмкін. Бірақ, әр пластмассаның қоршаған ортаға тигізер зияны орасан зор. Ауданымыздағы кей көл, өзен жағалаулары да қоқыстан көз ашпайды. Оны ластайтын да айдаладағы біреу емес, осы ауданның тұрғындары сіз бен біз. «Тәрбие тал бесіктен» дегендей әр бір ата-ана өзінің отбасында ең бірінші кезекте балаларына тазалықты үйрету керек деп есептеймін. Себебі, табиғатты аялаған азамат, өзге адамдарға да зиянын тигізбейді.
Қаламыз қоқыстан, еліміз жаудан аман болсын!
Шолпан Сайфоллақызы
Жас кәсіпкер