Бұдан екі жыл бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» акциясы еліміздің барлық аймақтарын қамтыған нағыз халықтық қозғалысқа айналды. Әсіресе, биылғы жылы акция бұдан да ауқымды және көп қырлы бола отырып, жаңа серпін алды.
Елімізде көктемнен бері жалпыұлттық экологиялық акция жүріп жатыр, әлі де жалғаса береді. Оған Қазақстанның түкпір-түкпірінен миллиондаған адам атсалысты. Президентіміз қыркүйек айындағы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында экологиялық ахуалды жақсарту басты міндет екенін атап көрсетіп, аталған акцияға айрықша маңыз берді. «Баршаңызға мәлім, елімізде көктемнен бері «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы жүріп жатыр.
Бұл – тұтас халықты ұйыстырған берекелі бастама. «Таза Қазақстан» шарасына бірнеше айдың ішінде үш миллионға жуық азамат атсалысты. Жүздеген мың үйдің ауласы тазартылды, бір миллион тоннадан астам қоқыс жиналды. Осындай игі шаралардың арқасында қоғамда жаңа мәдениет, жаңа қоғамдық этика орнығып келеді. Мұны туған елге деген сүйіспеншілік, жанашырлық деуге болады. Ұлттың жаңа сапасы осындай нақты шаралар арқылы қалыптасады.
Бұл – уақытша науқан емес. Осы маңызды жоба жыл бойы жалғаса беруге тиіс. Себебі, шынын айтқанда, кейбір санасыз азаматтарымыз табиғатты, көшелерді әлі де ластап жатыр. Осындай адамдардың әрекетіне заң бойынша тосқауыл қою керек. Бір сөзбен, қоршаған ортаның тазалығы әркімнің күнделікті дағдысына айналуы қажет» деген Мемлекет басшысы тазалық халқымыздың қанына, жанына сіңген қасиет болуы керектігіне тоқталды.
Сондай-ақ, «Таза Қазақстанның» аймақтарда сапалы жүзеге асуына жергілікті әкімдер тікелей жауап беретінін, ол үшін тұрғындарға істің мән-маңызын түсіндіріп, жұмысты дұрыс үйлестіруге міндеттелетінін ескертті. Жалпы, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстан Үкіметінде халық арасында экологиялық мәдениетті дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы әзірленді. Құжатты жүзеге асыру үшін әкімдіктер алдағы бес жылға тиісті өңірлік жоспарларды қабылдайтын болады. Сонау көгілдір көктемнің шуақты күндерінен бастау алған ауыл-ауылды күл-қоқыстан тазарту мақсатында ұйымдастырылатын сенбілік жұмыстары өз жалғасын тауып келеді. Нәтижесінде айналамыз кәдімгідей жаңарып, жасарып қалады. Жұмыла істелген тазалық жұмыстарынан соң айнадай жарқырап кетпегенімен жинақылықтың лебі байқалады. Жұртшылыққа жаңаша серпін берген сенбіліктің өлкені қоқыс-қалдықтан тазартып, айналаның әсемденуіне тигізер пайдасы көп. Өйткені, тазалық – аудан ажарын арттырып, қоршаған ортаның көркіне көрік қосатын маңызды шара. «Таза Қазақстан» республикалық акциясы бүкіл бұқараны жұмылдырған ерекше бастамаға айналды. Қоршаған орта мен табиғатқа деген сүйіспеншілік әркімнің санасына орнығып, жақсылыққа бастайды. Сенбілік жұмыстарының уақтылы, ойдағыдай өтуіне аудан және округ әкімдіктері мүдделі. Кейде ара-арасында бейсенбіліктер де ұйымдастырылып тұрады, Әдеттегінше, жаппай тазалау жұмыстарына барлық мекеме қызметкерлері құрал-саймандарын алып, білек сыбана кіріседі. Олар өздеріне белгіленген жерлерді күл-қоқыстан тазартып, бей-берекет тасталған заттарды шығару сияқты жұмыстар атқарылады. Бұл ретте тағы да қайталап айтарымыз, қарапайым тұрғындардың белсенділігі өте төмен. Бірен-саран саналысы болмаса жұртпен бірге жұмыла жинасуға кірісіп кете бермейді. Көпшілігінің бойында әлі де «біреу келіп жинап береді» деген тоғышарлық басым. Өз ауласын да жинауға желкесі жар бермейтіндерге жағаны, көше бойын тазалаңыз деу бекершілік те сияқты.
Үстіміздегі жылдың көктем айларынан бері «Таза Қазақстан» экологиялық акциясымен қатар «Тазарту күні», «Таза өлке» және «Мөлдір бұлақ» акциялары өткізілді. Оның барысында аудан орталығында және елді мекендерде санитарлық тазарту, көркейту және көгалдандыру жұмыстары қамтылды. Сенбілікке мемлекеттік және бюджеттік сала қызметкерлері және жергілікті мекемелердің қызметкерлері әрбір ұжымға бөлінген аумақтарда, көшелерде тазалық жұмыстарын жүргізді. Өзен жаға бойларын қоса алғандағы барлық жоспарланған аумақтар қоқыстан тазаланды. Аудан бойынша ұйымдастырылған акциялар, сенбіліктер жөнінде ақпараттар ауданның әлеуметтік желісіне жарияланып отырылды. Өткізілген барлық сенбілікте 73 мекемеден 5000 адам қатысып, жинақталған 20 тонна қалдық қоқыс орналастыру алаңына шығарылды. Сондай-ақ, «Жасыл аймақ» ағаш отырғызу акциясы аясында 1200 тал ағаш отырғызылды.
Аудан бойынша елді мекендерді көгалдандырудың және жасыл аймақтар құрудың 2021-2025 жылдарға арналған өңірлік жоспары жасақталып бекітілді. Бес жыл ішінде жалпы аудан бойынша 50000 түп тал отырғызу жоспарланды. Оның ішінде 2021 жылы – 8000, 2022 жылы – 9000, 2023 жылы – 10000, 2024 жылы – 11000, 2025 жылы 12000 тал егілетін болады. Көктемде 2720 тал-терек отырғызылса, қалған 8280 талды күз мезгілінде отырғызу жоспарланды.
Президент Жолдауында экологиялық мәдениетті ұлт қалыптастыруға үндейтін «Таза Қазақстан» бастамасының уақытша емес екендігін, оны жергілікті әкімдер халықпен тығыз қарым-қатынас орната отырып жоғары деңгейде ұйымдастыру керектігін баса айтты. Жалпы тазалық іс-шараларының тәрбиелік маңызы өте зор. Бір рет қоқыс жинауға қатысқан азамат екінші рет жүрген жерінде қоқыс тастауға беттемейді, табиғат пен қоршаған ортаның тазалығына әрбір азамат жауапты екенін түсінеді. Ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруда, бойымызда қоршаған ортаға деген жауапкершілікті күшейтуге, тазалыққа деген әуестікті арттыруға «Таза Қазақстан» акциясы зор рөл атқарады деп ойлаймын.
Айбек НӘЖІМОВ