Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Егемендік декларациясы – тәуекел мен дипломатияның, ақыл мен сабырдың жемісі. Осы тарихи құжаттың әсері көп ұзамай байқала бастады. Біз қоғамның іргетасын жаңартып, жаңа белестерге ұмтылдық. Қазақстан қиын өткелден өтіп, іргелі ел болуға бағыт ұстады. Ұлы Абай айтқандай, «ақырын жүріп, анық баса» отырып, ешқандай дүрбелеңсіз тәуелсіздікке қол жеткіздік» деген еді.
Еліміздің тарихи маңызды кезеңдерден сүрінбей өтіп, тәуелсіз елдің болашағына шам жағу жолында ел билеу ісіндегі азаматтардың атқарған жұмысы көп. Бүгінде олардың қажымас қайраты мен теңіздей терең білімінің арқасында тәуелсіз елдің ұрпақтары атанғанымыз рас.
Осындай ұлық мейрамымыз – Республика күнінде дүниеге келген Әділет Болатұлы биыл 22-ші туған күнін қарсы алмақшы. «Еліміз үшін тарихи оқиғаға байланысты белгіленген ресми мерекеде дүниеге келу мен үшін үлкен мақтаныш» - дейді ол.
Иә, 2002 жылы жарық өмірдің есігін қағып, тоғыз ай көтерген анасының алпыс екі тамырын иітіп, құрсағын жарып шыққан Әділет те тәуелсіз елдің жігіті. Мемлекетіміз үшін мәртебесі жоғары маңызды ұлттық мерекеде дүниеге келген ол биыл 22 жасқа толады. Шаңырақ шаттығын жалғап жанұясына қуаныш сыйлаған ол үйдің бесінші перзенті еді.
Қаламыздағы №18 Меңдекеш Сатыбалдиев атындағы жалпы орта білім беретін мектепте сауатын ашқан ол бүгінгі таңда Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде білім алуда. Университет қабырғасында оқып қана қоймай, ерте жастан адал еңбек етіп үйренген Әділет қазіргі таңда Хиуаз Доспанова атындағы Халықаралық әуежайда «Жүйелік басқарушы» қызметінде жұмыс жасайды.
Отан алдындағы борышын да өтеп үлгерген дарынды жігіт үш тілді жетік меңгерген. Оқу мен жұмыстан босай қалса бауырларымен бас қосып, ата-анасына жәрдемші болуға асығатын ол домбыра, гитара аспаптарында да еркін ойнайды. Ер жетіп ата-анасына серік болған «сегіз қырлы, бір сырлы» жігіт арасында әкесімен бірге аңшылыққа да шығып, балық аулағанды ұнатады екен.
-Бұйыртса Республика күнін туған күніммен бірге 22-ші рет тойлайтын боламын. Мұндай маңызды күні жарық өмірге келуім мен үшін мақтаныш. Бұл үшін анама үлкен алғысымды білдіремін. Тәуелсіз елде туып, еркіндік пен бостандықтың дәмін сезініп жүргенімізге шүкір. Үлкен еңбекпен келген жеңісті қадірлеп, Тәңірдің жас ұрпаққа сыйлаған баяндыбақытын бағалау – біздің ұрпақтың басты міндеті. Алаңсыз білім алып, жұмысымызды жасап, қатарымыздан қалмай күн кешіп жүргеніміз үшін, сондай-ақ жастарға жасалып жатқан жобалар мен игі іс-шаралар үшін Мемлекет басшысына алғыс білдіреміз,-дейді Әділет Ашықбаев.
Тәуелсіз елде туып, арайланып атқан әр ақ таңын азаттықпен қарсы алып жүрген жас ұрпақтың бейнесі бүгінде осындай. Ұлттық мерекені ұлықтап, еліміздің қасықтап жинаған мұрасын қастерлеп, қасиетіне жете білу -бәріміз үшін парыз. Ендеше, еліміздің ертеңі жарқын болып, Әділеттей талантты жастарымыздың көбеюіне тілекшіміз.
Диана Ізбасарқызы