Екі апта бұрын газетімізге ауданымызға қарасты тарихи ескерткіш «Таскешу» керуен сарайына саяхаттағанымызды жазған болатынбыз. Сол уақытта ескерткішке облыстық тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығының мамандары кешенді қазба жұмыстарын жүргізіп жатқандығын жеткізгенбіз. Араға уақыт салып керуен сарайына тағы да жол түсті. Мұнда өткеннің көзі саналатын ескерткішті сақтап қалу мақсатында археологиялық зерттеулер қайта жандануда. Ауа-райының қолайсыздығына қарамастан, бір айға жуық уақыт ішінде археологтар сарайдың жаңа сырларын ашуға өз үлестерін қосуда.
Атырау облысы тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығының басшысы Мұхамбетқали Қуанышқалиұлының айтуынша, қазба жұмыстары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алтын Орда кезеңінің тарихын зерттеу бойынша берген тапсырмасына сәйкес, «Nur Otan» партиясының Сайлауалды бағдарламасында бекітілуіне орай және орталықтың жұмыс жоcпарына сай жүргізілуде.
Таскешу керуен сарайының біздің тарихымызға тікелей қатысы бар. Археологтардың пікірінше, Алтын Орда кезеңіндегі Өзбек хандығы тұсында Хорезмнан бастап шығыс Еуропа қалаларына дейін үлкен сауда жолы ұласқан. Жол бойында саудагерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және сауда байланыстарын нығайтуға керуен сарайлары көп көмегін тигізген. Олардың арақашықтығы 25, 50, 75 шақырымнан тұрғызылған. Соның бірі - Мақат кентінен шығысқа қарай 38 шақырым жердегі Таскешу керуен сарайы екені дәлелденіп отыр.
Алтын Орда ыдырағаннан кейін, оның орнына басқа мемлекеттер пайда болды. Талас-тартыс, шайқастар кесірінен бұл орын жойылып, елеусіз қалып қойды. Тек кешен емес, ұлы сауда жолының системасы да бұзылды. Кейіннен керуен сарайлар тоналып, қиратылып түгі қалмады.
Сондықтан талай жылдан бері топырақ астында елеусіз қалған, қазақ даласындағы ең көне тарихи ескерткіштердің бірі -Таскешуді сақтап қалу бүгінгі ұрпақтың міндеті һәм парызы.
Керуен сарайға маусымның 5-і мен шілденің 4-і аралығында қазба жұмыстарын 15 маман жүргізді. Оларға республикаға белгілі археолог, орта ғасырлық қалаларды зерттеуші маман, археология Phd докторы Мұрат Қалменов жетекшілік етті. Қазба жұмыстарын жүргізу нәтижесінде керуен сарайға кірер қақпа мен мұнарасы табылды.
«Керуен сарайға кірер секторын тазалап, зерттедік. Сонымен қатар сыртқы қабырғаларымен жүріп, қақпаның оңтүстік қабырға мен күншығыс қабырғасының қиылысындағы үлкен домалақ формада келген мұнараны қазып таптық. Қақпаның іргетасының пішіндеріне келетін болсақ, ол тіктөртбұрышты, орта ғасырлық архитектураға тән. Оның ені 240 сантиметр болса, ұзындығы 8 метрге дейін барады. Нысанға кіретін жердегі қақпаның айналасында төрт бұрышты «п» тәрізді портал кірер орын болған. Қазір, өкінішке орай, қалған қалдықтарының ең биік жері бір метрден сақталған. Порталдың кірер жерінде үлкен қақпалар орналастырылған болу керек. Өйткені қақпаны бекітетін қуысты көзіміз шалып, оның ішінен үлкен ағаштың сынықтарын таптық. Бұл қақпаны осында бекіткенін дәлелдейді. Сондай-ақ, бекіністің қабырғасының қалыңдығы 1 метр 20 сантиметр болғанын анықтадық. Бұл дегеніңіз, қабырғаның өте биік болғанының дәлелі. Ал мұнараға келер болсақ, оның биіктігі 5 жарым метр, қабырғасы 3 жарым метр болғанын болжап отырмыз. Қазір содан тек 65 сантиметрі ғана сақталған. Мұнда от жаққанын және үш жағындағы тесіктен садақпен бақылағанын айтуға болады»,- дейді М.Қалменов.
Биылғы қазба жұмыстарына археологтар қапаны таңдап алып зерттеп, нәтижесін шығарды. Зерттеу жұмыстары барысында мамандар 200 шаршы метр жер қазып, 30 куб топырақ шығарылған.
Аталмыш керуен сарай 20 ғасырдың 70-80 жылдары жүйелі түрде зерттелген. Сол жылдары қазылған құрылыста төрт бұрышында төрт мұнарасы болғаны және саудагерлер демалатын қонақ үй қызметін атқарғаны дәлелденген. Ішкі бөлігінде 5/5 және 3/4 пішінде бөлмелері болғаны анықталған. Сондай-ақ, зат сақтайтын қойма мен түйелер үшін тұрақ болғаны туралы пікірлер айтылады.
Қазба жұмыстары барысында орта ғасырлық қала мәдениетіне тиесілі қызыл балшықтан және күлгін реңді балшықтан жасалған керамикалық ыдыс сынықтары табылған. «Осы жерде егін шаруашылығы болғанын аңғартады. Бірақ әлі де толық дәлеліміз жоқ, бұл тек болжам ғана. Өңделген сүйектердің шығуы сүйек ұсташылығы яғни қол өнердің болғанының дәлелі. Қызыл балшықтан жасалған ыдыстан бармақтың белгісінің болуы қолөнершінің қолтаңбасы екенін аңғаруға болады. Ол яғни сауда белгісі. Гофра сынықтары, газдалған керамика, сырты жылтыр түрлі-түсті ыдыс кесектері, металл, қола, ағаш, дәнді дақылдар мен сусындарға арналған 80 сантиметрлік хум ыдыстар табылды. Бұлардың барлығы мұражайларға тапсырылатын болады»,- дейді Мұрат Қалменов.
Таскешу керуен сарайы тұрғызылған кірпіштер Алтын Орда дәуіріне тән. Кірпіштің басым көпшілігі квадрат формада өлшемдері 27 сантиметрден 30-32 сантиметрге дейін ұласады. Археологтардың сөзінше бұл жерде сегіз жүз мыңға жуық тас қаланған. Ал оны жергілікті жерде дайындаған деседі. «Кейбір ғалымдар отырықшы мәдениеттен тасылғаны жөнінде айтады. Бірақ бұл жерге ол әдіс сәйкес келмейді. Өйткені мыңдаған кірпішті тасу экономикалық жағынан тиімді емес еді. Менің ойымша, кірпіштер дәл осы жерде дайындалған. Бұл жерде үлкен өркениет болған секілді. Өйткені Сағыз өзені де жақын. Алдағы уақытта дұрыс-бұрысын зерттеу жұмыстары көрсетеді»,- деген пікірде М.Қалменов.
Облыстық тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығының басшысы Мұхамбетқали Кипиевтың пайымынша, көпестер мен саудагерлердің жағдайын жасаған бұл мекенді туризм орталығына айналдырудың мүмкіндігі мол.
«Таскешу керуен сарайы еліміз бойынша бірегей археологиялық ескерткіш болып табылады. Бұл ескерткішті алғаш рет 1950 жылы С.Толстов зерттесе, одан кейін Әлкей Марғұлан бастаған экспедиция өз қолтаңбаларын қалдырған. 2004 жылдары «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша ексерткіштердің жалпы ауданы қандай болатыны жөнінде өлшемдері алынған болатын. Ал қазба жұмысы алғаш рет облыстық Тарих және археология орталығымен 2008-2009-2010 жылдар аралығында үш кезеңде жүргізілді. Одан кейінгі қазба жұмысы облыстық тарихи өлкетану музейімен 2012-2013 жылдары жүргізілді. Яғни сегіз жылдан бері қазба жұмыстары тоқтап қалған болатын. Биыл қайтадан бастадық. Болашақта осы ескерткішті қалпына келтіру, яғни өлкеміздегі бірден бір ескерткішті туристік мақсатта пайдалану үшін көздеп отырмыз. Биылғы көздеген мақсатымыз өз мәресіне жетті деп айтуға болады. Енді сақтап қалу үшін биыл консервация жұмыстары жасалады. Алдағы уақытта қазба жұмысы жалғасын табады»,- дейді облыстық тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығының басшысы Мұхамбетқали Кипиев.
Кешенді археологиялық қазба жұмыстары аяқталғаннан кейін арнайы материалдармен беті жабылып, консервациялау жұмыстары жүргізілетін болады. Келесі жылы қазба жұмыстары жалғасып, толығымен қайта жаңырту жұмыстары қолға алынбақ.
Мамандар бұл ескерткіштің археологиялық жағынан жақсы сақталғанын айтады. Болашақта айналасының бәрі жүйелі түрде зерттелсе, облыстың ең көрнекті ескерткіш нысандарына айналады деген сенімде. Иә, археологтардың сенімі шындыққа айналып, тарихи орын халық игілігіне пайдаланылып, Таскешу керуен сарайы ашық аспан астындағы музейге айналса, ғажап емес пе?!
М.ІЗТҰРҒАНОВА
Суреттер автордікі
Мақат-Таскешу-Мақат