Табиғаттың үніне құлақ асатын кез келді

Табиғаттың үніне құлақ асатын кез келді
(0 Votes)

Қоршаған ортаны қорғау – бүгінде адамзаттың алдында тұрған ең өзекті міндеттердің бірі. Осы орайда экологиялық волонтерлік бағыт қоғам санасын оятып, табиғатпен үйлесімді өмір сүруді насихаттайтын маңызды қозғалысқа айналып отыр. Эковолонтерлер – тек сенбілікке шығып, қоқыс жинаумен шектелмейді. Олар – экологиялық мәдениетті қалыптастырып, жас ұрпақтың табиғатқа деген көзқарасын түбегейлі өзгертуге ықпал ететін көшбасшылар.

Бүгінде бұл бағытта Атырау облысында эковолонтерлер қандай игі істермен айналысып жүр? Жалпы, елде экомәдениетті қалыптастыру үдерісінде атыраулықтар қаншалықты үлес қосуда? Осы және өзге де сауалдар төңірегінде өңірдегі белсенді эковолонтер, «Жаныңдамын» қоғамдық қорының жетекшісі, Атырау қалалық мәслихатының депутаты Мейрамгүл Есниязовамен сұхбаттасқан едік.

– Мейрамгүл Тарғынқызы, ең алдымен, өзіңіз басқарып отырған «Жаныңдамын» қоғамдық қорының басты бағыты мен қызметі туралы айтып өтсеңіз. Эковолонтерлікпен айналысу идеясы қалай пайда болды?

– «Жаныңдамын» қоғамдық қоры – бұл жай ғана ұйым емес, қоғамда волонтерлік мәдениетті қалыптастыруды, мейірімділік пен жауапкершілік ұғымдарын кеңейтуді мақсат еткен қозғалыс. Сонымен қатар, қор экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған, белсенді жастар мен қамқор азаматтардың басын қосатын алаңға айналып отыр. Бүгінде біз қоғамда экологиялық сананы оятып, адамдарды табиғатты аялауға және қорғауға шақыруды басты мақсат етіп қойдық.

Эковолонтерлікпен айналысу – менің жүрек қалауым. Табиғатқа деген махаббат бала кезден бойыма сіңген. Ал оны қорғай білу – үлкен жауапкершілік. Әрбір ағаш, әр өзен мен көл – біздің ортақ байлығымыз. Өкінішке қарай, қазіргі заманда экологиялық мәселелер ушығып барады. Осыны көре отырып, әрекетсіз қалу мүмкін болмады. Сол себепті алғашында COVID-19 індеті өршіп тұрған кезде құрылған қоғамдық қордың қызмет бағытын кеңейтіп, бүгінде қоршаған ортаны қорғауға нақты қадамдар жасауға бел будым.

– Қазіргі таңда Атырау облысында қандай экологиялық жобалар атқарылып жатыр? Өздеріңіз қандай жұмыстарға араласып жүрсіздер?

– Қорымыз Атырау облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасымен тығыз байланыста жұмыс істеп келеді. Бұл – біз үшін үлкен мүмкіндік және жасыл болашаққа деген сенімнің көрінісі.

«Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында әр сенбі сайын сенбіліктер ұйымдастырып келеміз. Алайда біздің жұмыс тек қоқыс жинаумен шектелмейді. Қоршаған орта туралы терең түсінік қалыптастыру – маңызды бағыттарымыздың бірі. Мәселен, өткен оқу жылында мектеп оқушылары арасында суды және энергияны үнемдеу туралы экосағаттар өткізіп, түрлі жобалар мен конкурстарды ұйымдастырдық. Бұл – өскелең ұрпақтың экомәдениетін қалыптастыруға бағытталған маңызды жұмыстардың бірі.

– Эковолонтерлердің бүгінгі қоғамдағы рөлі туралы не айтасыз?

– Эковолонтер – бұл тек қоқыс жинайтын адам емес. Эковолонтер – қоғамға оң өзгеріс әкелетін тұлға. Олар – қоршаған орта мәселелерін жан-жақты, терең түсінетін, оған бейжай қарамайтын және басқаларды да соған үндеуге қабілетті белсенді азаматтар.

Қазіргі таңда эковолонтерлердің рөлі ерекше. Климаттың өзгеруі, судың ластануы, ормандардың жойылуы сияқты жаһандық мәселелерге қарсы тұруда белсенді азаматтардың үлесі зор. Олар сенбіліктер ұйымдастырып қана қоймай, ақпараттық-ағартушылық жұмыстар арқылы қоғамның көзқарасын өзгертуге әсер ете алады. Бұл – жаңа деңгейдегі мәдениеттілік.

– Эковолонтерлікті дамытуда алдағы уақытта қандай жобалар мен жоспарларыңыз бар?

– Жоспарымыз ауқымды. Ең бастысы – жастарды осы бағытқа көбірек тарту. Себебі экология – бұл тек бүгінгі емес, келешек ұрпақтың да мәселесі. Сол себепті біз бірнеше жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз.

Атап айтқанда, жастар арасында экологиялық тақырыпта ЭкоQuiz зияткерлік сайыстар өткізу, экоподкасттар түсіру,экология, қалдықты сұрыптау, жасыл өмір салты туралы танымдық видео контент жасау, TikTok немесе Instagram платформаларында экология тақырыбында өлең оқуға арналған EcoPoetry челлендж ұйымдастыру, экологиялық медиа-контент жасауға қызығушылығы бар жастарды оқытып, олардың шығармашылығын дамыту EcoMediaLab – Жасыл медиа мектебін құру секілді жоспарлар бар.

Бұл жобалар арқылы біз жастарды тек экологиялық санаға емес, шығармашылыққа да баулуды көздейміз.

– Қоғамға, әсіресе жастарға қандай үндеу жолдар едіңіз?

– Табиғатты сүю – өз болашағыңа жанашырлық танытумен тең. Қоршаған ортаны қорғауды әр адам ең алдымен өзінен бастауы тиіс. Кішкентай қадамдар үлкен өзгеріске апарады. Бүгін бір бөтелке суды үнемдесек, ертең бір өзенді сақтап қалуымыз мүмкін.

Жастарға айтарым, қоршаған ортаны қорғауда әр нәрсеге бейжай қарамау қажет. Қазіргі кезде экологияны қорғауда әр адамның әрекеті маңызды. Табиғатты қорғау – баршамыздың ортақ парызымыз. Сондықтан әр баланы экологиялық саналы, экомәдениетті етіп тәрбиелеуді кейінге қалдыруға болмайды. Қазірдің өзінде біздің қор жанында Атырау қаласындағы №44 мектеп-гимназиясының 15 оқушысы эковолонтер болып, белсенді жұмыс атқаруда.

— Сұхбатыңызға рахмет! Жаңа бастамаларыңыз сәтті жүзеге асып, эковолонтерлердің қатары арта берсін!

Сұхбаттасқан Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT