Қыркүйек айының екінші жұлдызында Президентіміздің «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында көтерген басты мәселелерінің бірі экологиялық ахуалды жақсартуға негізделгені көңіл қуантады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл орайда қоршаған ортаны сақтаудың мән-маңызын терең түсіне отырып, оны айналамызға дәріптеп жүру керектігін алға тартты.
Экологиялық мәселелердің бірі - орман өрті. Еліміздің табиғи ресурсына өз ықпалын тигізбей кетпейтін тілсіз жаудың көлемі жыл басынан бастап республика бойынша 37 506,9 гектарға жетіп, орман өртінің 190 жағдайы тіркелген болатын. Жеріміздің 5% ғана алатын орман-тоғайларды сақтау және көбейту түптеп келгенде ауа тазалығына оң ықпалын тигізетіні анық. Бұл жөнінде Президентіміз “Табиғаттың әр алуандығын сақтау үшін біз орман алқаптарын көбейтуіміз қажет. Бұл міндет еліміздің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін де өте маңызды. Мен Президент болып сайланған күннен бастап осы мәселеге ерекше мән беріп келемін. Елімізді көгалдандыру жұмысының қарқыны жаман емес. Тоқтап қалмай, оны жалғастыру қажет”деп ойын жеткізді.
Жолдауда қалдықтарды қайта қалпына келтіру мәселесі де сөз болды. Заманның талабына сай озық технологияларды іске қосып, қалдықтарға да мониторинг жасайтын озық жүйені құру керектігі айтылды.
Одан бөлек, ауданымызда айтып келмес апаттың бірі - су тасқыны қаншама үйлерді басып, қаншама отбасыны баспанасыз қалдырғанын көз көріп, құлақ естігені рас. Еңсесі көтеріліп келе жатқан шағын қаламыз бел ортасынан күтпеген жағдайға тап келіп, үлкен өзгеріске ұшырады. Қаламызды су басқалы 6 ай уақыт өтсе де, алапат салдарынан қалған үй қалдықтары әлі де толық жиналып, алынбауда. Бұл біздің қаламыздың экологиясына, жұтқан ауа, ішкен суына өз кедергісін келтіріп отырғанын растау керек. Осы мәселелер бойынша мемлекет басшысы өз жолдауында нақты жеткізді.
“Еңбектеген баладан, еңкейген атаға”дейін туған жерімізді, қала берді өз тұратын жерімізді қастерлеп, саналы түрде таза ұстасақ тек Құлсарының емес, бүтін бір Қазақстанның да тазалығына өз үлесімізді қосқанымызды айқындайды. Сол себепті, “бұл менің қоқысым емес, бірақ, бұл - менің қалам” деген тұжырымды ұстанатын азаматтарымыз көп болғай.
Нұрбақыт Юрийқызы,
№9 мектептің мұғалімі