Газетіміздің жұртшылық сүйсіне оқитын «Мақат маңайынан...» айдарының кезекті кейіпкері салт-дәртүрді жалғап, қылқаламымен әлемді әдемі суреттеп, инесі мен жібі арқылы келісті кестелерімен көпшілікті тәнті етіп жүрген - Ұлмекен Мауытова.
Ол Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері.
Ұлмекен Қайырбайқызы 1961 жылы Доссор кентіндегі бұрынғы Таңатар елді мекенінде мұнайшылар отбасында тоғыз баланың үшіншісі болып дүниеге келген.
Әкесі Қайырбай Мауытұлы – мұнайшы, ал анасы – Рысты Сисенғалиқызы үй шаруасындағы әйел болған.
Алғаш білім жолын сол кездегі Доссор поселкесіндегі В.Г.Белинский атындағы орта мектептен алған. Мектепті бітірген соң Алматыдағы Н.В.Гоголь атындағы көркемсурет училищесін 1979-1982 жылдары суретші- декоратор мамандығы бойынша бітіреді.
«Оқуды аяқтап келіп, аудан орталығында орналасқан Мақат теміржол вокзалына жұмысқа тұрдым. Өзімнің салам болмаса да, әкемнің айтуымен жұмыс жасадым. Вокзал басынан ұзай алмаған уақыттар да болды. Соған қарамастан, бойда бар өнерімнің өрісін тарылтпай, қылқаламнан ажыраған емеспін. Сол жерде қызметте жүрген шағымда жаңақорғандық Қайрат есімді жігітпен танысып, дәм-тұзымыз жарасып, сыр еліне келін атандым. Жаңақорған ауданында күйші Әлшекей атындағы өнер мектебіне бейнелеу өнерінен сабақ бердім», - дейді Ұлмекен Қайырбайқызы.
Осылайша мұнайлы мекеннен шыққан ару өнер мектебіндегі әріптестерінің киіз өнерімен айналысатынын байқап, сол саланы үйрене бастайды. Сөйтіп, суретшілік қабілетін одан әрі шыңдап, киіз басу өнерін қолға алады.
Иә, талант – таңдап қонатын, әр адамға бірдей бұйыра бермейтін бақ. Оны бағалай білу – өз алдына тағы бір өнер. Бойдағы дарынды әрі қарай дамытып, үлкен жетістікке айналдыру тынымсыз еңбек пен тұрақтылықтың арқасы екені баршаға аян.
«Әрбір туындым ой мен сезімнің үйлесімі десем болады. Жан дүниемдегі сұлулыққа деген құмарлық, эстетикалық талғам мені бәрібір де қылқалам ұстауыма мәжбүр етті. Қандай да бір туындыны жасау үстінде шығармашылық адамы шабыт құшағында болады. Өнер адамдары мұны жақсы түсінеді. Ондайда сенен асқан бақытты жан болмайды», - дейді кейіпкеріміз.
Суретші үшін шабыт маңызды рөл атқарады. Ондай жандар түрлі оқиғалардан, табиғаттың сан мың құбылысынан, тіпті өзінің қиялынан шабыт алады. Бойына біткен суретшілік қабілеті арқылы қоғамдағы ойып тұрып орын алатын мәселелерді көрсетіп, көпшілікке ой тастайды. Әрмен қарай өмірдің әдемі тұстарын дәріптейді. Қылқаламынан жарып шыққан әр туындысында суретшінің сұлулыққа тұнған суретімен қоса философиялық ой жататыны сөзсіз.
Сөйтіп кейіпкеріміз ұшқыр қиял мен ісмерлік ептілігінің арқасында 2011 жылы Қазақстан Суретшілер одағына мүшелікке қабылданады.
Әрі қарай киізді әсемдеген өнері оны Қазақстан қолөнершілер одағына мүшелікке жетелейді.
«Шығармаларымды, яки туындыларымды кестемен тігіп, жергілікті қойдың жүнінен басып шығарамын. Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасының қолдауымен бірнеше мәрте Қызылорда, Астана, Жамбыл, Алматы, Бішкек қалаларында жоғары дәрежелі шеберлердің шеберлік сыныптарына қатысып, тәжірибе алмасып, сол жиған біліміммен Арал, Астана қаласында шеберлік сабақтарын да өткіздім», - дейді өнерді бар жанымен сүйетін кейіпкеріміз.
Суретшілер арқылы әлемге із қалдырып, өзінің жеке болмысын көрсетеді. Осылайша суретшінің бояуынан туындаған сурет көрермендерге эмоция сыйлап, ойландырып, қуантатыны анық. Сол себепті де оның еңбегі әрдайым жоғары бағаланып, өз биігінен түспек емес. Осылайша кейіпкеріміздің туындылары 2016 жылы «EXPO-2017» көрмесіне жолданатыны белгілі болып, Астананың төрінде көпшіліктің көзайымына айналады.
«Қызылорда облысының шеберлері жиналып, Қармақшыда Қорқыт баба кешенінде, ЭКСПО-ға байланысты ашылған этноауылда бір ай көрме жасап, Қазақстанның түкпір-түкпірінен және шетелдік қонақтарға шеберлік сыныбын көрсеттік. Бұл нағыз есте қалатын оқиға болды. Содан 2017 жылы Астана қаласында өткен «EXPO-2017» көрмесіне туындыларым қойылды», - дейді қос өнердің тізгінін тартқан Ұлмекен.
Сондай-ақ, Ұлмекен Мауытованың еселі еңбегі «Қызылорда облысының Қолөнер және қылқалам шеберлері» кітабына да енген.
Ол ұлттық колориттегі киіз бұйымдары арқылы талай конкурстарда жүлделі орындарға ие болып, өзге де республикалық көрме-жәрмеңкелерде үздік деп танылған. Қолына ұстаған құралын шығармашылық туындыға айналдырған кейіпкеріміздің кестелі кескіндері де көрермен жүрегіне жол тауып, талайлардың таңданысын туғызған.
Өнері мен өмірін қоса өріп, сиқырлы бояуларымен бар сұлулықты қағаз бетіне сыйдырған суретші сырлы саусақтарымен сырмақ сырып, кесте бедерлесе – бұл бір нағыз талант иесі дер едік.
«БҰҰ-ның Қазақстандағы офисі «Муза бағында», «Жаратылыс», «Қорқыт баба», «Мирас» деп аталатын кестелі картиналарымды сатып алды.
Бүгінде жолдасым Қайрат екеуміз екі ұл, екі қыз тәрбиелеп отырмыз. Үлкен ұлым Алмат менің жолымды жалғап, суретші болса, ал кенжем Нұрсамал Қызылордадағы Қазанғап атындағы музыкалық колледжінің қобыз класын оқып бітірді», - деді талант иесі.
Иә, шығармашылық әлемде суретшілер – ерекше орын алатын тұлға. Олар шынайылықты бейнелеп, өз көңіл-күйі мен эмоциялары арқылы өң беріп, қанық бояулардың көмегімен әсем туындыларды жеткізеді.
Ал Ұлмекен Қайырбайқызы бүтін болмысына өнердің бар саласын жия білген әмбебап маман десек қателеспейміз.
Г.Жұбанышқалиева