Ауыл – елдің алтын бесігі. Оның дамуы – тұтас мемлекеттің өркендеуінің негізі. Бүгінгі таңда ауылды дамыту тек жол, су, жарық сияқты инфрақұрылымды жақсартумен шектелмеуі керек. Ең алдымен, ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған кешенді қадамдар қажет. Бұл – сапалы білім беру, қолжетімді медицина, жастарды жұмыспен қамту, кәсіпкерлікті қолдау сынды салаларды қамтиды.
Мемлекет тарапынан түрлі бағдарламалар қолға алынғанымен, олардың нақты нәтижеге жетуі үшін жергілікті жерлерде тиімді жүзеге асырылуы аса маңызды. Шын мәнінде ауылды дамыту – тек сырттан келетін көмекке емес, ауыл тұрғындарының өз белсенділігі мен ынтасына да байланысты. Жастар ауылда қалуы үшін, оларға мүмкіндік керек. Өз кәсібін ашуға, шығармашылығын дамытуға, ауыл өмірін заманауи форматта жүргізуге жол ашылуы тиіс. Бұл ретте ауыл әкімдерінің, белсенді азаматтардың, қоғамдық ұйымдардың, кәсіпкерлердің өзара ынтымақтастығы айрықша рөл атқарады.
Ауыл – қазақтың рухани тірегі. Оны сақтау, жаңарту, жандандыру – әрбіріміздің парызымыз.Исатай ауданында елді мекендердің келбеті өзгеріп келеді. Соңғы жылдары бірнеше ауыл ішімдіксіз елді мекен атанып, тұрғындар игі бастамаларды өзара қолдап отыр. Бұл – ауылдың әлеуметтік және рухани тұрғыдан өсуінің жарқын белгісі. Мәселен, Исатай ауданына қарасты Жанбай, Тұщықұдық, Х.Ерғалиев ауылдарында жастар арасында спортқа қызығушылық артып, бірнеше жаттығу алаңы салынды. Қазіргі уақытта ауыл жастарының спортқа деген қызығушылығы күннен-күнге артып келеді. Оның дәлелі соңғы жылдары көптеген спорттық шаралар өтуде. Бұл дегеніміз – ересектер мен жастардың сұранысы арқылы, әсіресе валейбол, футбол ойындары жиі ұйымдастырылып келеді.Бір жағы жастар уақытын тиімді пайдаланады әрі салауатты өмір салтын ұстануға игі қадам.
Сондай-ақ мәдениет саласына да тоқтала өтсек, бұл саланың жұмысы қым-қуыт, бір сәтке де толастамайды. Ауданымызда өтетін әрбір игі істің басы-қасында да жүретін осы мәдениет саласының мамандары. Осылайша олар тынымсыз еңбегінің арқасында көпшіліктің ықыласына да бөленіп жүр.Сонымен қатар, жергілікті кәсіпкерлер мен еріктілер бірігіп, мәдени-көпшілік шараларды тұрақты өткізуге атсалысып жүргенін де жасырмаймыз. Осы тұрғыдан келгенде ауданымыздағы мәдениет ошағы халықтың сұранысын қанағаттандырып отыр деп айтуға негіз бар, ауыз толтырып айтар жетістік те бар.
Сондай-ақ, ауыл тұрғындары мал шаруашылығымен айналысып, ет пен сүт өнімдерін көбейту арқылы ішкі нарықты қамтамасыз етіп қана қоймай, сыртқа да өнім шығара бастады. Әсіресе, кооперативтер құру арқылы біріккен еңбек – ауыл экономикасының алға жылжуына серпін беріп отыр.
Осындай нақты қадамдар мен ниеттегі бірлік ауыл өмірін шынайы жаңғыртудың жолы екенін көрсетеді. Ең бастысы – тұрғындардың өз ауылына деген жанашыр көзқарасы мен белсенділігі. Іс бастаймын деген жанға мүмкіндік бар. Ал мүмкіндікті тиімді пайдалану – даму кепілі.
Ринат ЕСҚАЛИ
Исатай аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы