Су полициясының бір күні:  Жайық тыныштығын күзеткен сақшылар

Су полициясының бір күні:  Жайық тыныштығын күзеткен сақшылар
(0 Votes)

Атырау өңірі Жайық өзенімен бірге тыныстайды. Бұл өзен – тек табиғи су көзі ғана емес, аймақтың экологиялық жүйесін сақтап тұрған күретамыр. Оның тазалығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету – барша қоғамның ортақ міндеті. Сол жауапты істің басы-қасында жүрген ерекше мамандық иелері – су полицейлері. Олардың күнделікті еңбегі көзге көріне бермегенімен табиғат үшін аса маңызды.

Атырау облысы полиция департаменті Балық қорына қолсұғушылыққа қарсы күрес басқармасының қызметкері полиция аға лейтенанты Максим Рахмеденов күн сайын таңертең Жайық бойын моторлы қайықпен шолып шығады. Өзен тынысын тыңдап, қауіпсіздік ережелерінің сақталуын қадағалайды.

- Су – сұлу, бірақ суық. Сондықтан суда жүретін əр адам қауіпсіздік ережесін сақтауға міндетті. Қызмет барысында талай жағдайға тап болдық. Бірде кішкентай қыз суға батып бара жатты. Сол сəтте уақыт тоқтап қалғандай болды. Бір ғана ой – құтқару. Ойлануға уақыт жоқ, батылдық пен əрекет керек. Құдайға шүкір, аман алып қалдық», – дейді полиция аға лейтенанты Максим Рахмеденов.

Тәртіп сақшылары бұдан бөлек браконьерлікпен күреседі, яғни заңсыз балық аулағандардың жолын кесу, алдын алу бағытында қызмет атқарады. Қазіргі таңда бұл қызметте заманауи техникалардың көмегі орасан дейді кейіпкер. Мәселен, дрондар  олардың сенімді көмекшісіне айналған.

- Аэровидеобақылау арқылы өзен бойындағы заңсыз балық аулаушылар дер кезінде анықталып, жауапқа тартылады. Бұл – табиғатты, тіршілікті қорғаудың жаңа тәсілі дер едім. Жайық өзені – халқымыздың баға жетпес байлығы, табиғаттың қазынасы. Оның болашағы – бүгінгі əрекетімізге тікелей байланысты, - дейді ол.

Атырау облысы полиция департаменті Балық қорына қолсұғушылыққа қарсы күрес басқармасы қызметкерлерінің еңбегі зор. Олар күн сайын судағы тіршілік иесін қорғауға атсалысып жүр. Су полицейлерінің жұмысы Жайық өзенінің тыныштығын күзете отырып, экологиялық мəдениетті насихаттап, қоғамға табиғатты аялаудың маңызын түсіндіруде.

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT