Болашаққа үміт сыйлайды

(0 Votes)

«Келешек мектебі» ұлттық жобасы аясында өңірде жаңа білім ордаларының бой көтеруі – біз, жас мұғалімдер үшін үлкен үміт пен сенім сыйлайды. Бүгінде білім беру жүйесіне қойылатын талап жоғары. Ал осы талаптарға сай заманауи мектептердің көптеп салынуы – сапалы білім мен бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеуге жасалған нақты қадам.

 Жаңадан салынып жатқан жайлы мектептердің инфрақұрылымы көңіл қуантады. Әсіресе, STEM кабинеттерінің, заманауи зертханалардың, психолог пен логопед кабинеттерінің қарастырылуы – бұл тек жай ғана мектеп емес, нағыз зияткерлік орталық екенін көрсетеді. Бұл – оқушылардың да, мұғалімдердің де шығармашылық әлеуетін арттыруға бағытталған орта.

Ұстаз ретінде мен үшін ең бастысы – шәкірттің өзіне сенімді болып өсуі. Ал мұндай сенім тек қауіпсіз әрі жайлы ортада ғана қалыптасады. Жаңа мектептерде инклюзивті білім беруге арналған жағдайдың жасалуы – ерекше білімді қажет ететін балалардың да тең білім алуына жол ашатыны қуантады.

Сонымен қатар жаңа білім ордалары үш ауысымды мектептер мәселесін шешуге үлкен септігін тигізетіні де маңызды. Бұл оқушылардың білім сапасына ғана емес, мұғалімдердің жұмыс істеу мүмкіндіктеріне де оң әсер етеді.

Білім мен ғылымға салынған инвестиция – елдің келешегіне салынған инвестиция. Сондықтан «Келешек мектебі» жобасының өңірімізде белсенді жүзеге асып жатқаны – біз үшін үлкен мақтаныш.

Жадыра НӘЖІП,

Ә.Сәрсенбаев атындағы жалпы орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Құрманғазы ауданы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT