Екінші дүниежүзілік сұрапыл соғыс уақытында Қазақстан майданға күнделікті азық-түлік толы эшелондарды жөнелтіп жатты. Астық мол шығып, рекордты көрсеткіш бидай жинағанның артында елде қалған әйелдер мен балалар тұрды. Күн демей, түн демей қара еңбектің ортасында олардың жеңісті жақындатуға қосқан үлестері зор. Себебі ауыл шаруашылығында еңбектенген ерлердің майданға тартылуымен олардың орнын қариялар, әйелдер мен балалар басты. Ет, сүт, жұмыртқа, нан, жарма, көкөністер, жылқылар, вакциналар мен дәрі-дәрмектер, етік, бас киім, пальто – бұл біздің еліміздің майданға жібергендерінің толық тізімі емес. Соғыс жылдарында колхоздар мен совхоздар майданға тек азық-түлік емес, сонымен бірге тірі мал, тіпті, ауыл шаруашылық техникасын жіберіп отырды. Колхоздар мен совхоздарда жұмыс күні көбейтіліп, өндіріс нормалары жоғарылап, ауылшаруашылық жұмыстарының мерзімі қысқартылды. Жеке қосалқы шаруашылықтардан ет, сүт, жұмыртқа және басқа да өнімдерді жеткізу артты, әскери казармаларға тәртіп енгізілді.
Жасы тоқсаннан асқан тылда еңбек еткен, соғыс уақытында бар жоғы он екілердің шамасында болған Солтүстік Қазақстан облысы, Айыртау ауданында тұратын Сәруан Қасымқызы сұрапыл соғыс жылдарын былайша еске алады.
«Соғыс басталған кезде мен 12 жаста едім, әкем майданға кетті, мен үйдің үлкені болған соң, ауру шешем мен соңымнан ерген төрт балаға бас көз болдым. Одан бөлек колғоздың жұмысына араластым. Көктем болса өгізбен жер жыртып, дән себеміз, күз болса орақпен масақ теріп жинап аламыз. Жұмыс күніміз таңғы төртте басталып, түннің бір уағында бітеді. Қара жұмыстан қолымыз тесіліп, қанайтын. Қыста үйге қаппен бидай әкелеміз. Ол уақытта свет деген жоқ, керосин шаммен тас диірменге тартып, дәнін үгеміз. Майданға жұмыртқа мен ұн жібереміз. Түні бойы жылы байпақ, қолғап тоқып салып жібереміз»,- деп әңгімелейді.
-Колхоз төрағалары әр гектар жердің дұрыс пайдалануын қатты қадағалайтын,- деп еске алады соғыс уақытында астық алқабында еңбек еткен Алматы облысының тұрғыны Григорий Нейцель. «Біздің колхозда сұлы, арпа, бидай, сәбіз, қызылша, картоп, қырыққабат өсірілді. Тіпті кішкентай балалар да егістік басында еңбек етті. Бұл күндері ауылдағы үйлер қаңырап бос тұрды. Табиғаттың өзі де бізге көмектескендей көрінетін. Құнарлы топырақтан егінде жақсы шықты. Колхоз жұмысынан басқа әрқайсысы өз отбасын асырау үшін өз бақшасын өсірді. Анаммен бірге біздің үйде алты жан болдық. Қыста өзіміз еккен көкеніс, жеміспен күнелттік»,- деп еске алады.