Азаматтық қоғамның дамуы мен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде қоғам белсенділерінің рөлі ерекше. Осыған орай, Атырау облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Абдиғани Сейдуалиев құқық бұзушылықтардың алдын алуға және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін бірқатар жергілікті тұрғындарды Алғыс хаттармен марапаттады.
— Бүгінде еліміз үшін азаматтық қоғамның қолдауы аса маңызды. Бұл – құқық бұзушылықтарға бей-жай қарамай, белсенді ұстаным танытатын азаматтардың арқасында тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстардың тиімділігін арттыруға зор септігін тигізеді, – деді Абдиғани Сейдуалиев марапаттау барысында.
Марапатталған азаматтар кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, қаланы абаттандыру, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету сынды бағыттарда белсенділік танытып, азаматтық ұстаным көрсетті. Олар Департамент басшылығы тарапынан арнайы Алғыс хаттармен марапатталып, қоғамға қосқан үлесі жоғары бағаланды.
Бүгінгі таңда облыс аумағында құқық қорғау бағытында жұмыс істейтін көптеген қоғамдық құрылым қызмет етуде. Бұл құрылымдар полиция органдарымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жүргізіп, құқықбұзушылықтың алдын алуға елеулі үлес қосып келеді.
Атырау облысы Полиция департаменті алдағы уақытта да азаматтық қоғам өкілдерімен бірлескен жұмыстарды жалғастырып, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті сақтау бағытында бірлесе қызмет атқаруға ниетті.