ӘСКЕР – ӨМІР МЕКТЕБІ

(0 Votes)

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында:

 «Әскер қатарында заң мен тәртіптің сақталуы – айрықша маңызды міндет. Жастар әскерге Отан алдындағы борышын өтеуге барады. Жас сарбаздарымыз өз міндетін алаңсыз орындауы үшін әскер қатарында, ең алдымен, темірдей тәртіп болуға тиіс. Қарулы күштер мен басқа да күштік құрылымдар осы талапты мүлтіксіз орындауы қажет. Әр ата-ана әскерге кеткен баласын мемлекетке сеніп тапсырады. Сондықтан сарбаздардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне, ең алдымен, армия басшылығы және құқық қорғау мекемелерінің басшылары жауапты» деген болатын.

Бүгінде әскерге баруды борыш құрлы көрмей, әскерге барудан қашып жүрген жігіттердің қарасы көп. Әскерге бармаудың сан сылтауын тауып, «өтірік» ауру боп шыға салатын жігіттердің әскерге деген махаббаты жоқтығын қалай түсінсек болады? Сап түзеп, әскери сабақ алудан қазақ жігіттері неге қашады? Олардың бойында қандай қорқыныш бар? Ата-ана неге баласын әскерге жіберуге қарсы? Біз осы сұрақтарға жауап іздегенді жөн көрдік.

– Әскерге бару – әрбір ел азаматы үшін абыройлы міндетке айналуы тиіс. Біздің заманымызда жігіттер әскерге бармаса, қыздар қарамай, тұрмысқа шықпайтын. Тіпті, әскерден қашу деген әңгіме болған емес. Бала күнімізден сарбаз болып ойнап өскен ұрпақпыз. Отан қорғау ұлы мақсаттарымыздың бірі болды. Кеңес Одағының кезінде әскерге шақыру идеологиясы да мықты еді. Заман өзгергенмен де, еліміздің Қарулы күштері, Ұлттық ұланы бар. Әскери міндетті өтеу мерзімі де 3 жылдан 2 жылға, 2 жылдан 1 жылға қысқарды. Өзім әскери міндетімді 3 жыл Ресей елінің жерінде өтеп келдім. Ол кезде тәртіп қатаң болды. Әскер командирлері сарбазды өзінің інісі немесе баласы ретінде қарап, тәрбиелеу керек. Сондай-ақ, білім алып, тәжірибе жинақтаған адам басшы болған жөн. Қорғаныс саласы да қарқынды дамып келеді. Десек те, сол қорғаныс саласын сарбаздың тамағын жеп, әскерде болған адам басқарса деген ұсынысым да бар. Қазір жағдай жақсы, сол барлықты дұрыс қолдана білсе екен. Сонымен қатар, сарбаз беделін көтеріп, жауынгерлік дайындықты күшейтіп, жетілдірген жөн, - дейді зейнеткер Тілек Бурабай.

Ал, көпбалалы ана Клара Макимованың айтуынша, әскерде әлімжеттік жасауды доғару қажет. Бүгінде кейбір ата-ана әскердегі баласынан хат-хабар күтіп жүргенде, қаралы қағаз алып жатқаны да жасыратын жағдай емес. Тіпті баласын сау күйінде әскерге шығарып салып, мүгедек күйінде қарсы алғандар да бар. Яғни әскердегі әлімжеттіктің заманы әлі бітпей тұр. Елімізде әскери борышын өтеп жүрген сарбаздардың суицид жасағаны жайлы ақпарат жиі шығады. Ресми мәліметтерге сүйенсек, соңғы он жылда Қазақстанда 300-ге жуық əскери қызметкер өз-өзіне қол жұмсаған.

– Теледидардан түрлі оқиғаларды көріп, естіп отырған ата-ананың бойында «балам бірдеңеге ұшырап қала ма?» деген үрей басым. Осыдан келіп, кім ұлын әскерге жібергісі келеді. Жат жерде әскери борышын өтеп жүріп түрлі әлімжеттік істердің құрбанына айналып, талай сарбаз өз туған жеріне мүрде күйінде қайтып жатыр. Мұны көріп-біліп жүрген әке-шеше ұлының әскерге бармай-ақ көз алдында аман-сау жүргенін дұрыс көреді. Десек те, ер азамат болғасын Отанды қорғау міндеттері. Үлкен ұлым Асқар Өскемен қаласында әскери борышын өтеп жатыр. Барғаннан кейін командирлері бірден ата-аналарды қосып, әлеуметтік желі арқылы чат ашты. Әскери мекемеде өтіп жатқан шаралардың фотоларын жіберіп тұрады. Бір айда екі мәрте хабарласып отырамыз. Сөйлесіп, хабар алып отырғаннан кейін көңіліміз орнықты. Әрине, ана болған соң бастапқыда баламды бөтен жаққа жіберуге қорықтым. Бірақ ер азаматтың азығы да, қаруы да түзде. Бір жылда шыңдалып келеді деп отырмыз, - дейді К.Макимова.

Жастардың жігерін ояту үшін, теледидардан әскери мағыналы фильмдер көп түсіріліп, кеңінен насихатталса жақсы болары сөзсіз. Балалар денсаулығының медициналық тексеруден өтпеуіне күнделікті тұтынатын газды сусындар мен фаст-фудтардың да әсері бар. Соның бәрі денсаулықты құртады. Одан кейін балалар кішкентай кездерінен смартфонға шұқшиып, көзінен айырылып жатыр. Бұл да қоғамымыздағы ең түйткілді мәселелердің бірі. «Шеше сөзі – боқ, әке сөзі – оқ» деген сөздің астарында қандай мағына жатыр десеңізші?! Шешеге еркелеп өскенмен, әкеден сескену қажет. Өзіміз баланы кішкентайынан еркелетіп, дегенін жасап тәрбиелейміз. Содан кеп, еш қиындық көрмей өскен бозбала әскерге барғанда бірден қатаң тәртіпке үйрене алмай, үйлерін аңсайды. Сондықтан, кішкене кезден ұл балаға қаталдау қараған дұрыс-ау, сірә!

Кәмшат ӘБІШ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT