НАШАҚОРЛЫҚ – ҚОҒАМ ДЕРТІ

(0 Votes)

Ел ішінде нашақорлар саны жыл сайын артуда, ал біз болсақ көрмеген, білмеген кейіп танытамыз. Бүгінде дүниежүзі осы ғасыр дертінің алдын алу мақсатында күресуде. Өз басымызда болмаған соң, өзгенің проблемасына жүрегімізді де, жанымызды да ауыртқымыз келмейді. «Адам баласы алдында не күтіп тұрғанын білмейді, артта ұрпақ өсіп келеді. Не істеу керек? Жастарды оның құрығынан қалай құтқарамыз?» деген сауалдар әрине адам жанын мазалайды.

 Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында:

«Тағы бір маңызды міндет – есірткі саудасына және нашақорлыққа қарсы күрес. Бұл – ұлттың генетикалық қорын аман сақтап қалу мәселесі деген сөз. Біз осыған дейін қажетті заңнамалық шараларды қабылдадық. Бірақ нақты нәтижеге қол жеткіздік деуге әлі ерте. Әрбір мемлекеттік құрылым, әсіресе, құқық қорғау органдары тиімді жұмыс істеп жатыр деп айта алмаймыз. Есірткі мәселесі ушығып барады. Біз заң мен тәртіп, білім мен парасат үстемдік ететін қоғам құруымыз керек. Азаматтары, әсіресе жастары мәдениетті, жаңашыл әрі жасампаз ұлттың ұпайы түгел. Сондықтан біз өркениетті ел болуға кедергі жасайтын жағымсыз әдеттерден арылуымыз керек. Вейпке, яғни электронды темекіге тыйым салынды. Қабылданған шаралардың нәтижесі қазірдің өзінде көрініп жатыр. Әлеуметтік кеселдің бәрімен тұтас жұрт болып жұмыла күресу қажет» деген болатын.

Есірткіге еліктейтіндер негізінен жасөспірімдер мен жастар. Олар өлімнің не екенін терең ұғынбайтын жаста есірткіге ұрынады. Өлімнен үлкендер қорқуы мүмкін. Алайда жастар қорықпайды. Есірткіні таратушылар қызық көріп жүрген жастарды: «Инемен салмасаң болды, нашақор емессің. Біз иіскейміз, одан нашақор болмаймыз» деп алдауы да мүмкін. Ал шындығында, жас организм есірткінің дәмін бір рет татқан соң тәуелді болып шыға келеді. Біз бала тәрбиесін мектепке қарай ысырып қойғанбыз, содан кейін сол мектепті кінәлаймыз. Бұл үлкен қателік. Қайта біз мектептің және мұғалімнің беделін, мәртебесін көтеруге ықпал етуіміз керек. Біз бала тәрбиесін уыстан шығарып алдық. Өзара ұғыну психологиясы ескерілуден қалып бара жатқандығын, отбасында ата-ана мен бала бір-біріне суық, рухани адамгершілік тұрғысында отбасында дағдарыс қалыптасты. Бірақ, бұл дағдарысты көпшілік сезіне бермейді. Өйткені әркім өз кемшілігін өзі көріп, түзей алмайды.

Отбасындағы дағдарыс қоғамдық деңгейге қалықтап шықты. Осыдан келіп өз арамызда нашақорлар мен араққұмарлар саны арта түсті. Бізде, «Бала ертең-ақ өсіп ненің жақсы, ненің жаман екенін өсе келе өзі де біліп алады» деген қате ұғым бар. Күнен-күнге психоактивтік заттардың зияндылығына қарамастан оны қолданатын адамдардың саны артуда. Жасөспірімдер нашақорлығының әлеуеттік келешегін мамандар алдын ала болжады.

Нақтырақ айтсақ, біріншіден, 12-18 жастағы нашақорлар - бұл ар-ождан принциптері бұзылған, адамгершілік қасиеттері төмен денгейдегі адамдар. Сонымен қатар, есірткі қолдану балаларды жиі қылмысқа итермелейді. Сөйтіп 10-20 жылдан кейін жасөспірім нашақорлық әлеуметтік қауіп тобын құрайды. Ал, екіншіден нашақор балалардың көпшілігі өліп кетеді немесе дені сау келешек ұрпақ деп айта алмаймыз. Осыған байланысты, қоғамдық қасіреттің алдын алу мақсатында жергілікті жерлерде оқушылар арасында кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. Жастарды спортқа, басқада мәдени ұйымдарға тарта отырып, олардың бос уақыттарын кіммен, қалай өткізетіндігіне аса көңіл бөлінсе игі.

Жұмақайыр БЕРТІЛЕУОВ,

аудандық аурухананың наркологі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT