Ши тоқу – қазақ халқында кең тараған ұлттық өнердің бірі. Күнделікті тұрмыс пен шаруашылық қажеті үшін бұл құндылық қазірге дейін кеңінен пайдаланылып келеді. Ши тоқу саласында ұзақ жыл тәжірибесі бар доссорлық Үміт Хасанова он саусағынан өнер тамған шебер.
Сексенді алқымдаған Үміт әже 1939 жылы Доссор кентінде өмірге келген. Байланыс саласында отыз жылдан астам уақыт қызмет кеткен ол еңбек жолын 1958 жылы Мақат аудандық байланыс бөлімшесінде телефоншы болып бастайды. Кейіннен қызметі аға телефоншы қызметіне дейін жоғарылайды. Үміт анамыздың ұзақ жылғы еңбегі ескерілмей қалмай «Ерен еңбегі үшін В.И.Лениннің туғанына 100 жыл» мерекелік медалімен, «Социалистік жарыс жеңімпазы» төс белгісімен марапатталып, есімі 1984 жылы «Байланыс бөлімінің ардагері» болып және 1971 жылы «Социалистік жарыстың жеңімпазы» болып «Құрмет кітабына» еңген.
1989 жылы зейнеткерлікке шыққаннан кейін жолдасы екеуі «Қырыққұдыққа» көшіп, мал баптаған. Сол кезден бастап ши тоқып, киіз басуға машықтана бастайды.
«Жазда жайлауда түйе мен бие сауып, сүтінен шұбат пен қымыз алдық. Сол кезде қырдағы әйелдер болып бірігіп, ши тоқып, киіз басатын едік. Осылайша бір бірімізден үйреніп әбен машықтанып алдық. Қырдағы күніміз осылайша қызыққа толы өтетін. Кейіннен көнеден келе жатқан ұлттық өнерді заманауи үлгіде тоқып, әрі қарай жаңғырттық. Ораулы ши де, ақ ши де керегенің сыртынан, туырлықтың ішінен ұсталатынын да тоқыдық», - дейді Үміт ана.
Төрт қыз, алты ұлды өмірге әкеліп тәрбиелеген Үміт Хасанова «Ана даңқы» орденінің иегері. Кейінгі ұрпақққа аманаттайтын ұлттық құндылығымыздың бірі осы өнерді сақтап қалу үшін Үміт ана өз туындыларын аудандық музейдің қорына тапсырған.
М.Ізтұрғанова
#EnbekEri