Ел Президенті Қ.Тоқаевтың 1 қыркүйектегі халыққа Жолдауын ардагерлер болып өз басқосуымызда талқыға салдық.
Ол елдің дағдарыстан кейінгі дамуының негізгі мақсаттарын айтып, Жолдаудың басым бағыттары экономикалық және әлеуметтік мәселелерге арнады. Мемлекет басшысы елдегі коронавирустың қазіргі ахуалы туралы баяндап, адам өмірі мен денсаулығының маңыздылығы жолында алдағы уақытта жаңа шаралар қабылдайтынын жеткізді. Сондай-ақ мемлекет тарапынан дағдарыстан шығу үшін арнайы қаражат бөліп, бұрынғы жағдайды қалпына келтіруге ықпал ететінін, пандемиямен күресте кешенді бағдарлама әзірленетінін де хабарлады. Мемлекет тарапынан әлеуметтік саладағы және экономиканы қолдауға бағытталған барлық міндеттемелердің орындалатыны барша қазақстандықтың көңіліне сенім ұялатты.
Ардагерлер қауымы жергілікті жерде жүзеге асырылып жатқан жұмыстарды көріп, көңілдері толатынын ортаға салды.
Доссор кенті аумағында соңғы жылдары бас көтерген балабақшалар құрылысы, Жастар аллеясы, 60 үйлік тұрғын үй құрылыстарының жүріп жатқаны аудан дамуының басты көрінісі деуге болады. Сондай-ақ, кенттен Атырауға шыға берістегі қараусыз қалған МАИ бөлімшесінің қайта қалыпқа келтіріліп, қасынан автотұрақтың салынуы да көңіл қуантады.
Биылғы көктем кезінде жеке кәсіпкерлердің бастамасымен аудан әкімдігінің қолдауымен егілген жол бойына жасыл желектердің бой көтергені, кент көшелеріндегі гүлдердің көгергені қаншама еңбекті талап етті. Алдағы уақытта да осындай жақсы бастамалар жалғасын тапса игі. Кенттің әрбір тұрғыны өз ортамыздың тазалығына ағаш отырғызу сияқты көзге көрінбейтін жақсылықтарды көбейтсе ғой шіркін...
Мақат, Доссор кенттерінің маңында орналасқан қоқыс полигондарының жабылып, елді мекендерден қашықтау жерге алшақтатқаны дұрыс шешім болғанын айтпай кетуге болмайды. Соңғы уақыттарда кенттердің ішін тазалау жұмыстары да жақсы жолға қойылып келе жатқанын көріп жүрміз. Дегенмен, ауылдан шығып, жақын маңдарын аралай қалғанда үйден, қорадан шыққан қоқыстарды көрінген жерге төгіп кететіндерді көзіміз көріп жүр. Ауыл тұрғындарын осы жаман әдеттен арылуға шақырғымыз келеді.
Ең бастысы, Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында экономикалық дамудың жаңа бағыттары мен ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында шұғыл шара қабылдау қажет екеніне ерекше көңіл бөлді. Осы бағытта жергілікті билікке айтар өз ұсыныстарым бар. Қазіргі таңда ауданда мал шаруашылығын қолдағандардың қатары көбейіп, шаруа қожалықтарының саны артып келетіні көңіл қуантады. Осы орайда шарбағында азын-аулақ мал ұстаушыларға көңіл бөлінсе екен деген ой мазалайды. Екі-үш бас ірі қара малды қазір бағып ұстау қымбатқа түсіп кетті. Өзін ақтамайтын деңгейге жетті.
Осы тұста жеке мал ұстаушыларға субсидия секілді көмек көрсетілсе, мал ұстаушылардың қатары одан сайын көбейер еді. Ол халыққа үлкен көмек болып, жұмыссыздар саны азаяр ма еді. Қырға шығам деушілерге уақытша болса да жер беріліп, уақытша қоныстанатын жер үйлер салынса, мәселе аз да болса шешімін табар еді деп ойлаймын.
Президентіміз, сонымен қатар, байтақ жеріміздің сатылмайтынын айтқаны тағы бір жақсы жаңалық деп білемін. Өйткені ата-баба аманат еткен байтақ жер – біздің құнды мұрамыз. Бұл Жолдаудан көпшілік көкейіндегі сұраққа жауап алып, алдағы жүрер бағытын айқындады. Ендігі кезек - берілген тапсырмаларды орындап, халықтың әл-ауқатының жақсаруы жолында көп болып аянбай тер төгу. Экономика халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталуы керек. Ұлттық табыстың әлеуметтік әділ бөлінуі арқылы Қазақстан дамудың жаңа жолына түседі.
Н.Байниязов,
Доссор кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы