Серік Шәпкенов: Штаб жоқ, демек қалалық әкімдіктің жұмысында жүйелілік жоқ

(0 Votes)

Облыс әкімінің төрағалығымен қаладағы қар тазалау жұмыстары бойынша өткен әкімдік отырысында Атырау қаласының әкімі Мейірім Қалауи баяндама жасады. Оның айтуынша, қаладағы әлеуметтік нысандар мен орталық көше, орталық көпірді тазалауға «Спецавтобаза» ЖШС-нен 76 техника, 250 жұмысшы жұмылдырылды. 8 ақпанға дейін қаладан 2000 шаршы метр қар қала сыртына шығарылып, 85 тонна реагент себілді. 

- Сондай-ақ ауа райының қолайсыздығына байланысты Еркінқала, Дамбы, Қайыршақты ауылдық округтерінің елді мекендеріне қар көп жиналғандықтан қоғамдық көліктер ауылдың ішіне кіре алмады. Соған сәйкес тұрғындардың наразылығын тудырып, қазір қар тазалануда. Қысқа дайындық кезінде бізде арнайы штаб құрылады. Алайда, қазір жұмыс істеп тұрған жоқ. Кеше әкімдік қызметкерлері мен мердігер мекемелер көшелер мен техникаларды бөлу туралы жиын өткіздік. Қалаға қарасты ауылдық округтерге қысқа дайындық барысында қажетті техника алынды. Бірақ әлі күнге жүргізушісі жоқ. Округтерге құрал-жабдық, техника, қаражат бөлінсе де, әкімдер іске асыра алмай отыр. Оның бәрін өзіміз ұйымдастырып бердік,-деді М.Қалауи.

Жиында облыс әкімі ауа-райының қолайсыздығы кезінде қаланың штаб жұмысын жүргізе алмаған қала әкімінің жұмысын сынға алды.

- Қала әкімдігі қар жауатынын бірнеше күн бұрын білді. Синоптиктер алдын ала дабыл қақты. Штаб жоқ деген сөз, қаланың жұмысында жүйелілік жоқ дегенді білдіреді. Облысқа қарасты барлық аудан өз штабымен жұмыс істеуде. Әркім өзінің функционалдық міндетін білуі керек. Ең бірінші кезекте халық пен қоғамдық көліктер көп жүретін жолдар ашылуы тиіс деп шешім қабылдадық. Алайда жұмыс көрінбейді. Әлеуметтік желіде халық әлі наразы. Алгоритм жасақтап, штаб құрыңыздар. Халықпен кері байланысты күшейтіңіздер! Call-орталықтардың жұмысын жүйелеңіздер,- деді С.Шәпкенов.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT