«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында өткен сенбі күні «Бүкіл қазақстандық ағаш отырғызу күні» және көктемгі санитарлық тазалық айлығы шеңберінде жалпы аудандық сенбілік өтті. Ел бойынша мемлекеттік орман қоры аумағында, елді мекендерде ағаш отырғызу, гүлзарлар мен саябақтарға гүл отырғызу шарасы ұйымдастырылды.
Бұл күні Миялы ауылдық округінде мекеме қызметкерлерінің қатысуымен өткен сенбілікте 300-ге жуық тал-теректің түптері әктеліп, Ұлы Отан соғысынан оралмаған жауынгерлерге арналған обелиск орнатылған саябақ пен мекемелер алдына 450 түп қара тал, үйеңкі, терек көшеттері отырғызылды. Сонымен бірге сенбілікке 300-ге жуық адам қатысып, ауыл көшелерінен жиналған қоқыстар арнайы көлікпен тиісті орынға шығарылды. Сондай-ақ, Е.Нұршаев атындағы шағын аудандағы тал қоршауына қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Яғни, бұрынғы қоршау толықтай алынып, орнына заманауи талаптарға сай, жаңа әрі берік тор қоршау орнатылып, ішіне 200 түп терек көшеті егілді. Шара барысында «Арыс» сауда орталығында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылып, онда «Отбасы» шаруа қожалығы өз өнімдерін тұрғындарға колжетімді бағада ұсынды.
Тайсойған ауылында өткен сенбілікке қатысқан 50 адам ауыл маңынан және көшелерден бес тонна тұрмыстық қалдықтарды жинап, қоқыс алаңына төкті. Акция аясында мекеме қызметкерлері Тайсойған ауылдық округі, фельдшерлік-акушерлік пункт және су шаруашылығы мекемесі ауласына 110 түп, мектеп түлектері Ғ.Сланов орта мектебі ауласына 30 түп қара тал ағашын ексе, Қарабау ауылында аталмыш сенбілікке 45 адам қатысып, үш тонна тұрмыстық қалдықтарды жинады. Бұдан бөлек Жамбыл, Тасшағыл, Көздіғара, Ойыл, Жангелдин және Сағыз ауылдық округтерінде де сенбілік ұйымдастырылып, онда мекемелер ауласына тал көшеттері егіліп, бұрынғы егілген талдардың түптері әктелді. Сондай-ақ, аталмыш округтерде сенбілікке қатысқан 452 мекеме қызметкері ауылдың сырты мен көшелерін, кірме жолдың бойын түрлі қоқыстан тазартып, техникалармен қоқыс алаңына шығарды. «Бүкіл қазақстандық ағаш отырғызу күні» акциясы аясында Мұқыр ауылында дәрігерлік амбулатория мен мектеп ауласына 22 түп қара тал егілсе, сенбілік барысында Мұқыр ауылы мен Жамансор елді мекені көшелерінде тазалық жұмыстары жүрді. Нәтижесінде, ауыл тұрғындары, мекеме қызметкерлері және мектеп оқушылары тоғыз тонна тұрмыс қалдықтарын жинап, арнайы орынға апарды.
Аудан бойынша өткен сенбілік туралы аудан әкімі Қанат Әзмұханов өзінің фейсбук әлеуметтік желісіндегі парақшасында: «Бүкіл қазақстандық ағаш отырғызу күні» аясында және көктемгі санитарлық тазалық айлығы шеңберінде жалпы аудандық сенбілік өткізілді. Табиғатты аялау, ауылдарымызды абаттандыру және экологиялық мәдениетті арттыру мақсатында ұйымдастырылған бұл игі іске 930 адам мен тоғыз арнайы техника жұмылдырылды. Сенбілік барысында аудан көлемінен 78,8 тонна тұрмыстық және басқа да қалдықтар жиналып, арнайы орындарға жеткізілді. Сонымен қатар, ауданымыздың барлық елді мекенінде 772 түп жасыл желек отырғызылды. Бұл сенбілік пен көгалдандыру жұмыстары туған жерімізді көркейтуге, қоршаған ортаны қорғауға және тұрғындарымыздың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталды. Қызылқоға ауданының тұрғындары тағы да ұйымшылдық пен жанашырлықтың тамаша үлгісін көрсетті. Баршаңызға туған жерге деген сүйіспеншіліктеріңіз бен белсенділіктеріңіз үшін алғысымды білдіремін!» деп жазды.
Осылайша, туған жерді көркейтуге, қоршаған ортаны қорғауға және экологиялық сананы қалыптастыруға бағытталған сенбілік пен ағаш отырғызу жұмыстары кезінде аудан тұрғындарының белсенділігі мен ұйымшылдығының нәтижесінде ауыл көшелері тазаланып келбеті ажарланды.
Бауыржан САҚТАСЫНОВ
Қызылқоға ауданы