Сақтық пен сабыр сақтайық!

(0 Votes)

Әлем пандемия салдарын сезінуде.
Біздің елімізде де коронавирустың жайылу қаупі күннен-күнге күшейіп барады. Індеттің бетін қайтару мақсатында еліміздің дәрігерлері, медицина қызметкерлері және құқық қорғау органдарының өкілдері жұмылдырылуда. Бұл іске қарапайым қазақстандықтар да үн қоса алатынын білдіріп жатыр.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев : «Бұл – береке-бірлігіміз сыналатын уақыт», — деп атап көрсетті. Иә, ағайын, сын сағаты соқты. Кімнің кім екені, ағайын-туыс, аға-бауыр, құда-жекжат, дос-жаран, ниеттес-пейілдестердің ара-қатынасы, жанашырлығы, мейірім-шапағаты қандай екені айқындалады.

Осы аптаның дүйсенбісінде, яғни 23 наурызда Еліміздің президенті Қ.Тоқаев Төтенше жағдай жөніндегі Мемлекеттік комиссия отырысын өткізді. Мемлекет басшысы азаматтарды, шағын және орта бизнесті, сонымен қатар, пандемиямен алдыңғы қатарда күресіп жатқан азаматтарға қолдау көрсету жөнінде дағдарысқа қарсы шаралардың жаңа пакетімен таныстырды. Салықтық жеңілдіктер мен жергілікті деңгейдегі қолдауларды есептемегенде, бөлінген қаражаттардың жалпы көлемі, 4,4 триллион теңге немесе 10 миллиард долларды құрайды. Жалпы алғанда, Үкімет болып жатқан ахуалды бақылауда ұстауда. Бұрын қабылданған шаралар елдің аумағында вирустың көп және бақылаусыз таралуына жол бермеді.

Президент коронавирус инфекциясымен күресуде мемлекет алгоритімінің қосымша іс-әрекеттерін белгіледі. Олардың ішінде жергілікті халыққа әлеуметтік қолдау көрсету бағытындағы шараларды атауға болады. Төтенше жағдай режиміне байланысты жұмысынан айырылғандарға (шамамен 1,5 млн адамға) ең төмен жалақы (42,5 мың теңге) төленіп, әлеуметтік тұрғыдағы әлсіз топтарға тегін азық-түлік пен тұрмыстық жиынтықтар беріледі. Жұртшылыққа несиелік демалыстар, салықты кейінге шегеру, коммуналдық төлемдер мен бизнес бойынша жалдау ақысынан босатылу жағдайлары қарастырылған. Осылайша, қоғамда ешкім де қолдаусыз қалмайтыны ескерілді. Ал, азаматтардан сұралатыны – тәртіпті сақтау және туғандарының, жақындарының, өзінің және жалпы алғанда, айналасындағы адамдардың денсаулығына ұқыпты қарау, сонымен қатар, байбалам мен арандатуға жол бермеу қажет.

"Біз әрқайсымыз өз міндетімізді жауапкершілікпен орындасақ, бұл қиындықтан тезірек шығамыз деп сенемін!» — деді Президентіміз.

Алдымен вируспен күресудің басты қаруы – тыныштықты, тәртіп пен денсаулықты сақтау, өзін-өзі оқшаулау, өз басының және жақындарының қамын ойлау. Бүгінгі таңда баршамызға жауапкершілік, ынтымақтастық және өзара көмек көрсету қажет. Өзіңізді және жақындарыңызды қорғаңыздар. Біз біргеміз!

Г.САЛИКОВА,
газеттің бас редакторы

Сурет: ашық дереккөз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT