Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық телеарналардың эфирінен еліміздегі төтенше жағдайға және мемлекеттің экономика мен әлеуметтік саладағы дағдарысқа қарсы іс-шараларына байланысты мәлімдеме жасады.
Қазір бүкіл әлем бұрын-соңды болмаған күрделі жағдаймен бетпе-бет келіп отыр. Коронавирус індеті дүние жүзін жайлап барады. Бүгінде 177 мемлекетте 800 мыңға жуық адам осы дертке шалдықты. Оны жұқтырғандар саны күннен-күнге артуда.
Біз төтенше жағдай жариялап, Қазақстанда вирустың жаппай таралуына жол бермедік. Соның арқасында ахуалды бақылауда ұстап отырмыз. Халқы Қазақстанмен шамалас кейбір елдерде коронавирусқа шалдыққандар ондаған есе көп. Мен елорда мен Алматыда ғана емес, еліміздің барлық өңірінде карантинді күшейтуді тапсырдым. Барша қазақстандықтарға сабыр сақтап, түсіністік танытқаны үшін алғысымды айтамын.
Біз дүрбелең тудыруға жол бермейміз. Дәл осы кезде халық мемлекетке қолдау көрсетуі керек. Бұл – аса маңызды. Коронавирус – батпандап кіріп, мысқалдап шығатын қауіпті дерт. Дегенмен, біз індетке шалдыққан адамдарға барлық қажетті көмекті көрсетеміз.
Бүгінде бүкіл еліміз дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің қайсарлығына тәнті болуда. Олар – адам өміріне араша түсіп жатқан бүгінгі күннің батырлары. Сондықтан, пандемияға қарсы күрестің алдыңғы легінде жүргендерге қосымша қолдау көрсету жөнінде шешім қабылдадым.
Дәрігерлерге және медицина қызметкерлеріне 3 ай бойы қосымша үстеме ақы төленеді. Медицина қызметкерлерінің өмірін сақтандыру мәселесі де шешімін тапты. Әрине, ақ халатты абзал жандар бұдан да зор қолдауға лайық. Төтенше жағдай режимінің қашанда экономикалық және әлеуметтік салдары болады. Біз үшін азаматтардың денсаулығымен қатар олардың өз табысынан айырылмауы да маңызды.
Мен бұған дейін Дағдарысқа қарсы алғашқы шаралар топтамасын жарияладым. Жағдайдың ушыға түскенін ескеріп, азаматтарға және бизнеске одан әрі қолдау көрсету жөнінде мынадай қосымша шешімдер қабылдадым. Инфляцияның артуына байланысты зейнетақы, мемлекеттік жәрдемақы және атаулы әлеуметтік көмек мөлшерін 10 пайызға индексациялауды тапсырдым.
Осыған орай, аталған санаттағы азаматтардың табысын арттыру үшін мемлекет тарапынан 200 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінеді. Табысынан айырылған азаматтарға ең төменгі жалақы мөлшерінде қолдау көрсеттік.
Енді, 42500 теңге көлеміндегі осы көмекті алатын азаматтардың санатын кеңейтуді тапсырамын. Соған орай, бұл қолдауға өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен ресми тіркелмей жұмыс істейтіндер де ие болады. Бұл көмек белгіленген тәртіп бойынша шын мәнінде мұқтаж адамдарға ғана беріледі. Жалпы, 3 миллионға жуық азаматымызға қолдау көрсетіледі.
Сонымен қатар, тұрмысқа қажетті заттар мен азық-түлікті тегін алатын азаматтардың қатары көбейеді. Атап айтқанда, мұндай көмекті мүгедектер және жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар да иеленеді. Тегін азық-түлік сегіз жүз мыңнан астам адамға беріледі.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша сақтандырылмаған азаматтардың медициналық көмек алу құқығын 1 сәуірден 1 шілдеге дейін ұзартуды тапсырамын. Соған байланысты медициналық көмек азаматтарға бұрынғыдай қолжетімді болып қала береді.
Біз шағын және орта бизнеске қолдау көрсету үшін бұрын-соңды болмаған шараларды қолға алып отырмыз. Кәсіпкерлерге көмек көрсетуіміз керек. Өйткені, олар – экономикамыздың тірегі. Әкімдіктер жергілікті кәсіпорындардың өнімін кем дегенде 6 ай бойы кепілді сатып алу тәртібін жолға қоюы керек.
Шағын және орта бизнес өкілдерін биылғы 1 қазанға дейін еңбекақы төлеу қорынан ұсталатын салықтан босатуды тапсырамын. Мұндай қолдау сауда, көлік қызметі, қонақүй, туризм және басқа да салаларды қамтиды.
Ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге де қолдау көрсетіледі. Атап айтқанда, бюджеттен 70 миллиард теңге бөлінеді. Көктемгі егіс науқаны үшін «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы арқылы қосымша 100 миллиард теңге бөлуді тапсырамын.
Ең алдымен, шағын және орта шаруа қожалықтарына қолдау көрсеткен жөн. Сонымен қатар, Үкіметке жанармайдың нарықтық бағасын он бес пайызға арзандатып, 165 теңгеге дейін төмендету міндеті жүктелді.
Осыны қамтамасыз ету үшін 390 мың тонна жанармай жеңілдікпен сатылатын болады.
Жалпы, осы айтылған шаралар қазіргідей күрделі кезеңде азаматтар мен отандық бизнесті қолдау үшін керек. Мұның барлығы коронавирус індетінің залалын тезірек жоюға әсер етеді деп сенемін!
Құрметті отандастар!
Коронавирус індетіне байланысты баршамыз күрделі кезеңді өткеріп отырмыз. Бірақ, бұл – уақытша қиындық. Біз оны міндетті түрде жеңеміз!
Бүкіл әлем күресуде. Біз де бар күш-жігерімізді саламыз. Біз, мемлекет және қоғам болып барша азаматтарымызға қолдау көрсетеміз, ешкімді көмексіз қалдырмаймыз.
Мұқтаж адамдарға қол ұшын береміз. Бұған ешқандай күмән болмауы керек. Ең бастысы, шыдамдылық, төзімділік және жауапкершілік танытайық.
Біз – рухы асқақ, бірлігі бекем, еңсесі биік халықпыз. Сондықтан, бұл сынақтан да сүрінбей өтіп, қиындықты бірге еңсереміз деп сенемін.
Басты тойларымыз әлі алда. Төрт құбыламыз түгел болсын, ағайын!
Біз біргеміз!