Сан соқпас үшін сақтанып жүріңіз

Сан соқпас үшін сақтанып жүріңіз
(0 Votes)

 Бүгінде кеңінен таралып жатқан алаяқтықтың қауіптісі – ол интернет арқылы жасалатын алаяқтық. Сондықтан бұл тақырып – қазіргі қоғамның өзекті де маңызды мәселесіне айналды. Өйткені, елімізде интернет алаяқтарының саны күн санап артып келеді. Бұл тұрғыда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларының бірінде алаяқтыққа, соның ішінде қаржы пирамидалары мен интернет алаяқтығына қатысты құқық қорғау органдарына кешенді әрі нақты шараларды әзірлеуді тапсырған болатын. Өйткені, интернеттің қарыштап дамыған заманында технологияның тілін мықты меңгерген әккілердің алдап-арбау әдіс-тәсілдері күн санап құбылуда. 

Бір ғана мысал келтіре кетейік, интернет алаяқтары көбіне банк қызметкері болып қоңырау шалады. Ол сіздің шотыңыздағы ақшаны қауіпсіз шотқа аудару керек екендігін айтып сендіреді. Немесе сіздің атыңыздан онлайн кредит рәсімдеу қаупі бар деп шотыңыздағы ақшаны сақтап қалу үшін жасырын код жібереді. Кейбір адамдар ақшасынан айырылып қалмас үшін өзін банк қызметкерімін деп таныстырған адамға өзі туралы, картасындағы құпия мәліметтердің барлығын жібереді. Ол адам өз қолымен мәліметтерін қалай жібергенін де білмей қалады. Сонымен қатар, жәбірленушіге ұялы телефонына бағдарлама жазып алуын айтып, осы бағдарлама арқылы телефонына қашықтықтан кіріп, әрі қарай ақшалай қаражатты алуға мүмкіндік алады.

Бұл тұста мамандар банк қызметкерлері өздерінің клиенттеріне конфиденциалды болған ақпаратты ұялы телефонына хабарласып сұрамайтындығын еске салады.

Сонымен қатар, ғаламтордың қарыштап дамыған кезеңінде ақпараттық жүйені пайдаланып, алдау, арбау арқылы ақшалы болудың ең көп тараған жері – сауда-саттық маңы. Соның ішінде бүгінгі сұранысқа ие Instagram әлеуметтік желісінде кімнің ақ немесе арам екендігін ажырату тіптен қиын. Аңқау халық көп жағдайларда жалған парақшалардың жалған ақпараттарына сеніп, алданып қалып жатады. Яғни, алатын затын қолмен ұстап көрмей тұра, ақшасын алдын ала аударып жібереді. Ақшасынан айырылып, алаяқтардың құрбаны болғанына көзі жеткен соң, шағымданып жатады. Сондықтан, мұндай жағдайға тап болмас үшін, барынша көз жеткізіп, парақшалардың жалған немесе жалған еместігіне көз жеткізіп алған жөн.

Айта кетейік, ауданда интернет алаяқтық қылмысы бойынша өткен жылы 6, ал биылғы жылы 5 іс тіркелген.

Бұл ретте аудан көлемінде интернет-алаяқтық қылмыстарының артуы, тұрғындардың бұл алаяқтық қылмысының құрбаны болмаудың алдын алу бағытында аудандық полиция бөлімінің киберқылмысқа қарсы күрес тобының қызметкерлері білім беру мекемелері, дүкен иелеріне және тұрғындар көп шоғырланатын жерлерде арнайы жадынама парақтарын тарату арқылы ескерту жұмыстарын жасауда.

«Қазіргі уақытта жиі орын алып жатқан интернет алаяқтық қылмыстарының құрбаны болмау, яғни ақша аударымдарына, жалған ұтыс ойындары мен аз уақытта ақшаны бірнеше көлемде еселеп қайтару, өзін банк қызметкері ретінде таныстырып, туысыңызда келеңсіз жағдай орын алды деп хабарласу, интернет арқылы заттар мен көліктерді сатып алу кезінде және банктік ақша аударымдары кезінде мұқият болып, оның шынайылығы мен дұрыстығана көз жеткізген соң барып әрекет ету қажет.

Сонымен қатар, онлайн арқылы несие алу секілді тез және оңай орындалатын қызметтерге күмәнмен қараңыз. Әлеуметтік желілерде әр түрлі тауарларды, өнімдерді және қызметтерді сатуға арналған жарнамалдарды қарағанда сақ болыңыз. Әр түрлі банктердегі шоттарға төлем аударуды талап еткен жағдайда мұқият болу керек. Алдын ала төлем жасамаңыз.

Абонент нөміріңізге келіп түскен СМС кодты үшінші тұлғаларға жібермеңіз. Тауарларды расталмаған сату көздерін пайдаланбаңыз. Әлеуметтік желілерде жасалатын күмәнді мәліметтерден бас тартыңыз. Төлем жүйелерімен белгісіз тұлғаларға ақша аудармаңыз. Бейне байланыс жүйесі арқылы сатушының өз төлқұжатын көрсетуін сұраңыз.

Сонымен қатар, ең бастысы ешкімге банк шотыңызды толық нөмірін, құпия сөздерін беруге, айтуға міндетті емессіз. Егер де, жоғарыда аталған жағдайға тап болсаңыз, бірден полицияның 102 нөміріне қоңырау шалуларыңызды қаперлеріңізге береміз», - дейді аудандық полиция бөлімінің криминалдық полиция бөлімшесінің аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі Ақан Нұршабаев.

Сондай-ақ, алаяқтықтың түрлері мен формалары әртүрлі болуы мүмкін дейді мамандар. Тіпті, ақпараттық технологиялардың дамуымен және оларды қолдану аясының кеңеюімен алаяқтықтың жаңа түрлері, соның ішінде интернет-алаяқтар деп аталатындар тұлғалар пайда болған.

Негізінде, интернеттің арқасында күнін көріп жүрген алаяқтардың қылмыстық іс-әрекеті, әдіс-тәсілдері күнделікті өзгеріп, жаңарып отыратындығы белгілі. Сондықтан сақтық әркез санада болуы тиіс.

Ә.ҚАСЫМ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT