Құмар ойын – қоғам дерті. Өйткені, елімізде оңай жолмен келетін ақшадан дәмеленіп, «қораға» кіріп кеткендердің саны көбейген. Сөйтіп жүріп, жиған-тергенінен, дүние мүлкінен, онымен қоса, абырой-беделі мен отбасынан айырылып жатқандар қаншама?!
Осыған байланысты халқымыз да «Ойынға - ойсыз құмар» деп текке айтпаса керек-ті.
Жалпы, ел арасында құмар ойындардан келетін қауіптің орасан көп екені талай айтылып жүр. Мұндай ойын түрі заман құбылған сайын түрленіп барады. Оған құныққан адам да қоғамнан біртіндеп ажырап, өзгелермен байланыс орнату, тілдесу, тұлға ретінде даму секілді адами қасиеттерін жоя бастайды.
Өкініштісі сол, елімізде букмекерлік кеңселердің жер-жерден ашылып, үзіліссіз жұмыс жасап тұруы – қоғам болып күресудің жоқтығынан. Керісінше, мұндай орталықтарды одан сайын жандандырып, келушілер қатарын күннен-күнге көбейіп барады.
Тіпті, ұялы телефон арқылы да үйде отырып-ақ, кез келген спорттық ойынға алдын ала болжам жасап, бәс тіге алады. Ол аз десеңіз, бұл істі күнделікті жұмысы секілді кәсіп қылып отырғандар да жетерлік.
Мемлекет басшысы құмар ойынға әсіресе жастар әуес екеніне назар аударып, мемлекеттік органдарға азаматтардың жекелеген санаттары үшін шектеулерді күшейтуді тапсырып, салалық министрліктерге нақты міндеттер жүктеген болатын.
«Соңғы жылдары елімізде құмар ойынға тәуелділік белең алып барады. Кейбір отбасылар үшін бұл үлкен қасіретке айналды. Лудоманияға қарсы күресте тәрбие ісі мен түсіндіру жұмыстарына ерекше мән берілуге тиіс», – деді Президент.
Негізінде, елімізде қанша адамның лудоман екені туралы әзірге нақты статистика жоқ. Алайда әрбір бесінші жастың құмар ойын ойнайтыны белгілі.
Бұл тұрғыда аудандық орталық аурухананың тиісті сала мамандары аудан бойынша ешқандай дерек тіркелмегендігін жеткізді.
Әрине, тізімге тіркелмесе де, бұл ойын құмарлықтан шыға алмай жүргендер жоқ емес, бар. Олар өз еркімен емделе қоймасы да анық. Соның салдарынан ел бойынша орта есеппен күніне төрт адам өз-өзіне қол жұмсайды екен.
Бейресми ақпаратқа сүйенсек, жылына 350 мың адам бәс тігіп, лудоманияның зардабын тартып келеді.
Мамандар құмар ойынға құныққандардың бастапқы мақсаты басқа болады дейді. Олар алдымен көңіл көтеру үшін немесе сауық құру мақсатында ойнайды. Кейін бұл мақсаты бұрмаланып, құныға ойнау сипатына ауысады екен. Уақыт өте келе, ойынға жіпсіз байланып, бас тарта алмайтын жағдайға душар болады.
Ол аз десеңіз, ойынға құмарлық тез дамуы мүмкін. Яғни, адам бір күн ішінде ойын ауруымен ауырып қалуы, бір аптада бүкіл байлығынан айырылып, одан біраз уақыт өткенде өзіне қол жұмсауы ықтимал.
Өкініштісі, қазіргі кезде казино, ақшалай ойын автоматтары таралуына байланысты құмар ойындар мәселесі өзекті проблемаға айналса да, қоғамда оларға ешқандай шара қолданыла алмайды. Себебі, азарттық ойындардың көбі заң жүзінде рәсімделген.
Сондықтан, лудоманияның қоғамға төндіретін қаупі оразан зор екендігін ескеріп, жас ұрпақты оның зиянды ықпалынан жан-жақты қорғап, күресу – баршаға ортақ міндет екендігін естен шығармаған жөн. Қалай дегенде де жеңіл ақша ешқашан жеңіс әкелмейді.
Ә.ҚАСЫМ