Премьер-министрдің орынбасары - ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин салық төлемегендер тізіміне енген қазақстандық блогерлер қарыздарын өтей бастағанын айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Министр бүгінде ірі бизнес салық төлеуден жалтаруы немесе оны азайтуы үшін әртүрлі схема қолданатынын мәлімдеді. Жұманғариннің айтуынша, тәртіп орнату басталған, салық органдары да қажет шараларды қабылдап жатыр.
"Жұмыс жүріп жатыр, оны көріп отырсыздар, бірақ әзірге оған пікір білдірмеймін. Тиісті хабарламалар берілген және мұның бәрі камералдық бақылау негізінде жасалған. Бұл - салық комитетінің тұрақты жұмысы. Бұл жолы оның бір бөлігін, ішін көрсеттік", - деді вице-премьер Серік Жұманғарин.
Оның сөзінше, бұл "бюджетке қосымша табыс көзін іздеумен айналыспайды" деп жиі айтылатын салық органына қатысты сыннан туындаған.
"Салық комитеті жұмыс істеп жатқанын айта аламын. Тек осы жолы кейбір жайттар сіздер үшін ашық жарияланды, соның ішінде блогерлерге қатысты жайт та бар. 15 блогер 1,5 миллиард теңге қосып, бюджетке 75 миллион теңге төледі", - деді Жұманғарин.