Еңбекпен жетілген жан

(0 Votes)

Бала күнімізде үлкендер «Бұрын сырт киімнен бастап тап­сырыспен тіктіріп киетінбіз, дүкенде тауар тапшы болды. Ал «быткомбинаттың тігіншілері бірінен-бірі өткен шебер еді» деп жиі айтатын. Иә, бұрын бәрі басқаша болды. Қазіргі орталық алаңдағы «Аманқұл» дүкенінің орнында көз көргендер білсе, аудандық тұрмыс қажетін өтеу комбинатының ғимараты бар еді... 

Бес түрлі бағытта жұмыс жасаған сол мекемеден керегіңді табасың. Нағыз жұмысшы мамандық қызметкерлерінің қайнап жатқан қызу тірлігі де осында. Шаштараз, етікші, тігінші, сатушы да осы жерде. Әсіресе, №3 тігіншілер цехы туралы бір кездері аудандық «Малды өңір» газеті де жиі жаза­тын. Бүгінде сол дәуірдің естелігімен бөлісер, сол комбинаттың қызу жұмысында біте қайнасқан еңбек адамдары да арамызда бірлі-жарым қалды. Солардың бірі, өмірінің қырық жылын тігіншілікке арнаған еңбек ардагері Оңай Неталиеваның қолынан шыққан талай жағалы киім мен әдемі көйлек махамбеттік қыз-келіншектердің көркі болса керек. Табиғатынан алғыр, қарапайым шаруа отбасында өскен Оңай апа – бес ағайындының бірі. Әкесі Мұса Аңқаев Ұлы Отан соғысының ардагері, өз заманында киіз басып, байпақ тігудің шебері атанған, еңбегімен елге сыйлы жан еді. Анасы – Ұмсындық Мұсаева бес баланы өсіріп,өндіріп үй шаруасында болған екен. Оңай апамыз мектеп қабырғасында жүріп-ақ осы тігіншілікке қызығып, ерте еңбекке араласып кетеді. Бастапқыда артельде жүріп мамандығының қыр-сырын меңгерген соң, тұрмыс қажетін өтеу комбинатына ауысады. Ең алғаш қолына ине мен жіпті ұстатып, он саусағынан өнері тамған шебер болуға үйреткен Мүслима есімді апайын да бүгінде сағынышпен еске алып отырады. Өмірлік жолдасы Қорғанбай Неталиев те өзі секілді жұмысшы салада, тұрмыстық қызмет мекемесінде жүргізуші, та­уар қабылдаушы міндетін атқарған. Ерлі-зайыптылар үйдің де, түздің де жұмысында иық тіресе қатар жүріп, ауданның тұрмыстық қызмет саласына қалтқысыз еңбек етті. Сол еңбектің арқасында Оңай апамыз қарапайым қатардағы тігінші бола жүріп, арнайы оқусыз өз саласының үздігі, III дәрежелі «Еңбек даңқы» орденінің иегері атанған. Сол кездегі комбинат директоры Әбу Таңатаровтың қолынан бес жылдықтың екінші жылындағы үздік еңбегі үшін алған наградасын әлі күнге сақтап келеді. №3 тігіншілер цехының бригадирі болған Оңай Неталиевамен бірге киім пішуші Жанзиба Нұрғалиева, озат киім тігушілер А.Әділова, Б.Қабдырахманова, А.М.Амирова, Б.Меңдіғалиева, К.Майбасова, Қ.Хасанованың есімдері де «Малды өңір» газетінің кезекті бір санында жарқ еткен еді. Жүзден астам адам еңбек еткен тұрмыс қажетін өтеу комбинатында отыздан астам тігінші киім тікті. Арасынан үздік болып суы­рылып шыққан Оңай Мұсақызының халықпен жұмыс жасауы, ұқыптылығы мен шеберлігі де қатар ескерілсе керек. Қай кезеңде де тұрмыстың қамытына қарамастан, жұмыстарын адал атқарып, елдің алғысын арқалаған Оңай ана мен Қорғанбай әкенің отбасында 7 бала дүниеге келіп, оның төртеуі өсіп-өнген. Бәрі де өз саласының білікті маманы ата­нып, ауданның дамуына үлесін қосып келеді.

«Біз заманында білім алуды ойламай, еңбекке ерте араласыппыз. Әкеміздің ақылымен оқуды емес, елге, қоғамға қызмет етуді таңдадық. Әйтсе де, кейін өз балаларыма жоғары білім алып береміз деген мақсатымызға жеттік. Бұрын еңбек адамдарын қоғамда қатты қадірлейтін. Жұмысшы ма­мандар елдің негізгі қозғаушы күші болғаны рас. Бүгінгідей дайын киім, дайын тамақ болған жоқ. Заманның жақсылығын кейінгі ұрпақ көріп жатыр. Оған қуанамыз, әрине. Білім мен еңбек қашанда қатар жүрмек. Бүгінде төрт ба­ламнан жеті немере, екі шөбере сүйген бақытты ана, аяулы әжемін. Еңбектің күшімен жеткен осы күніме шүкірлік етіп, ұрпағыма осы өсиетімді жиі айтып отырамын» дейді көпті көрген еңбек ардагері Оңай Мұсақызы.

Т о қ с а н ы н ш ы жы л д а р д ы ң тоқырауында тарап кеткен тұрмыс қажетін өңдеу комбинатының бүгін бір кірпіші де қалмады. Әйтсе де, 1992 жылы аталмыш мекемеден зейнетке шыққан Оңай апамыз тігіншіліктен біржола қол үзіп кеткен емес. Оның өнеріне тәнті болған жандар талай жыл іздеп келіп, тапсырыспен киім тіктірген екен. Бүгінде сексеннің алта­уынан асқан ісмер ана әлі де тігін ма­шинасын үйінің төрінде сақтап отыр. Тігіншілік өнердің де өз қиындығы бар. Бір тігістен, бір пішіннен қате кетсеңіз тұтынушының сенімінен шығасыз. Қоғаммен, халықпен қызметтің осы бір қиын түрін таңдап, абыроймен атқарған ардагерді мереке қарсаңында арнайы құттықтап барып, өнегелі әңгімесін тыңдап қайттық. Сонау Кеңес үкіметі тұсында алған «Еңбек даңқы» төсбелгісін кеудесіне жарқырата таққан арда­гер біздің келгенімізге балаша қуанып қалды. Биылғы жұмысшы мамандықтар жылында еңбекпен жетілген осын­дай жандардың жолы көпке үлгі болса дейміз.

А.САТАЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT