Салық кодексінің жаңа жобасы бірінші оқылымда мақұлданды

Салық кодексінің жаңа жобасы бірінші оқылымда мақұлданды
(0 Votes)

Кеше Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен жалпы отырыс өтіп, депутаттар Салық кодексінің жобасы мен салық салу мәселелері бо­йынша ілеспе түзетулерді талқылады. Сондай-ақ палата комитеттері заң және тәртіп қағидатын күшейтуге бағытталған жаңа құжатты жұмысқа қабылдады.

Құқық қорғау жүйесіндегі жаңа басымдықтар

Парламент Мәжілісінің қарауына алдымен «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» заң жобасы мен ілеспе құжаттар ұсынылды. Баяндамашы Снежанна Имашеваның айтуынша, бұл үш құжат Мемлекет басшысының былтырғы Жолдауында айтылған тапсырмаларына және Үкіметтің заң жобалау жұмыс жоспарына сәйкес әзірленіп, енгізілген.

– Заң жобалары құқық бұзушылық профилактика саласындағы мемлекеттік саясатты жүйеге келтіруге, заң және тәртіп қағидатын күшейтуге бағытталған. Құжатта біртекті 5 заңның нормалары бір заңға біріктірілді. Сонымен қатар құқық­қа қарсы контентпен күресу мақ­сатында әкімшілік жауапкершілік бөлігінде бірқатар норма көзделген. Жалпы, азаматтарды, әсіресе әйелдер мен балаларды әртүрлі зардаптан қорғауға, ондай жағдайлардың барынша алдын алып, болдырмауға және себептерін жоюға мүмкіндік береді, – деді депутат.

Әр қаулыға депутаттар жеке-жеке дауыс беріп, нәтижесінде, құжаттар қабыл­данды. Кейін Мәжіліс ғылым қала­шық­тарына қатысты заң жобасын қарады. Еске салсақ, бұл туралы Президент Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың IV отырысында тапсырма берген еді.

– «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ғылым­ды қажетсінетін аумақтарды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» құжат негізінде ғылым қалашықтарының қызметі реттеледі. Оларды құру, дамыту әрі қолдау тетіктері айқындалады. «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заңы мен басқа да құжаттарға осы аймақтар үшін ғылыми зерттеулерді дамыту, оларды қаржыландыру бойынша нақты тетіктер анықталып отыр, – деді Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов.

Жеке кәсіпкерлікті тіркеу рәсімін қатаңдатпақ

Бұдан соң жалпы отырысқа бір-бірімен өзара байланысты Салық кодексінің жобасы және салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы құжаттар келіп түсті. Қатысушыларға заң жобаларын Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин таныстырды.

– Құжат былтырғы қыркүйектен бастап қаралып жатыр. Биыл оған тұжырымдамалық түзетулер енгізілді. Бірінші, қосылған құн салығы 16% болады. Екінші, қосылған құн салығының шегі 40 млн теңге мөлшерінде белгіленеді. 40 млн теңге деген ортақ байлам болды. Үкімет пен депутаттардың конструктивті ұстанымы арқылы осындай ымыраға қол жеткіздік. Бірақ мұндай шек болғанда 160 мың салық төлеушіден айырылатынымызды айтқым келеді. Шамамен 400 млрд теңгедей қосымша бюджет түсімінен қағыламыз. Біздің бизнесмендер Үкімет те, Парламент те осындай ымыраға баруға дайын екенін түсінсін деп айтып тұрмын. Бұл шешім бизнес субъектілері бұдан әрі ұсақтала алмайтындай жүйені қажет етеді. Біз енді жеке кәсіпкерлік құрылымды құруды түрлі жолмен қатаңдатамыз. Бұған дейін салық тәртібін бұзған, жұмыс істемейтін қосымша жеке кәсіпкерлігі бар адамдарға жаңа жеке кәсіп құрылымын ашу қиын болады, – деді вице-премьер.

Ол сондай-ақ заң жобасындағы тағы бірқатар оң өзгерісті атады.

– Үшінші, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік, кітап басып шығару, археология қосылған құн салығын төлеуден босатылады.Төртінші, әлеуметтік салада, денсаулық сақтау саласында Үкімет қосылған құн салығынан босатылған дәрі-дәрмектердің әлеуметтік тізімін айқындайды. Қосылған құн салығы тек ақылы медициналық қызметтерге салынады. Қосылған құн салығының мөлшерлемесі 10% болады. Әлеуметтік саладағы корпоративтік табыс салығы – 2026 жылдан бастап 5% және 2027 жылдан бастап 10% болады. Бесінші, банк операцияларына қосылған құн салығы салынады. Олардың бағасының өсуіне жол бермеу үшін Бәсекелестікті қорғау агенттігі Үкіметпен бірлесіп ағымдағы бағалардың дұрыстығына талдау жүргізеді, – деді С.Жұманғарин.

Бұған қоса ол ауылшаруашылық тауар өндірушілерге ҚҚС салу саясаты өзгеріссіз қалатынын, ал өңдеу өнер­кәсібіне корпоративтік табыс салығының мөлшерлемесі 20% болатынын хабарлады. Сондай-ақ арнаулы салық режімі бойынша рұқсат етілген тізім емес, арнайы тыйым салынған тізім енгізілетінін айтты. Ізінше салықтарды, төлемдер мен алымдарды қысқартатынын жеткізді.

– Корпоративтік табыс салығының базалық мөлшерлемесі 20% деңгейін­де сақталады. Бірақ жекелеген секторлар үшін жоғары мөлшерлеме белгі­­ленеді. Бұл – банк және ойын сек­торы. Мөлшерлеме 25% болады. Қаржы лизингі және әлеуметтік сала үшін кор­поративтік табыс салығының мөлшер­лемесін кезең-кезеңмен 10%-ға дейін көбейту, ал ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін мөлшерлемені 3% деңгейінде қалдыру ұсынылып отыр. Инвесторлар үшін, соның ішінде гео­логиялық барлау үшін қосымша ынта­лан­дыруды қарастырдық. Құрылыс салу, жаб­дықтарды және бағдарламалық қамта­масыз етуді сатып алу, сондай-ақ олар­ды қайта құру және жаңғырту шығын­дары бойынша 100%-дық шегерім­дерді ұсынамыз. Қолданыстағы келісімшарттар немесе одан тыс қызмет шеңберінде барлау шығындарына шегерім­дерді пайдалануға рұқсат беру жоспарланып отыр. Сарқылған мұнай кен орындары үшін жер қойнауын пайдалануға арналған балама салық ұсынылады, – деді Премьер-министрдің орынбасары.

Бұл ретте ескере кететіні, салық жеңілдіктерінен үнемделген қаражат жер қойнауын пайдаланушыларда қалмайды. Қаражат өндіруге арналған инвестицияларға, өңірді дамытуға, ин­ф­ра­құ­рылымды жақсартуға, жергілік­ті кадрларды оқытуға және ғылыми зерттеулерді қолдауға бағытталады.

Салық есебін тапсыратындар саны 30%-ға қысқарады

Арнаулы салық режімдері де реформаға іліккен. Кодекстің жаңа редакциясында олардың саны 7-ден 3-ке дейін түсіру ұсынылған. Құжатта «Сән-салтанат салығы» деп аталатын тауарлардың жекелеген санаттарына жоғары салық салу қарастырылған. Ол үшін жылжымайтын мүлік құны 450 млн теңгеден асатын болса, мүлік салығының мөлшерлемесін ұлғайту және құны 75 млн теңгеден асатын жеңіл автомобильдерге, қымбат теңіз кемелері мен ұшу аппараттарына акциздер енгізу жоспарланып отыр.

– Әділдік мақсатында қымбат алкоголь­­дік сусындар мен сигараларға 10% акциз­дер, салық төлеушілермен жұмыс­­тың сер­вистік моделі ұсынылады. Салықтық әкім­шілік жазалауды тоқ­татады. «Бесіктен» шыққаннан бастап жабыл­­ғанға дейін фискалдық» сүйе­мел­деу­ді енгізуге баса назар аударыла­ды. Бұл ретте салық есептілігі 30%-ға қыс­қарады. Біз камералық бақылау тәсіл­дерін түбегейлі өзгертуді ұсынамыз. Егер қазір бұл бақылау тәсілі болса, онда бо­лашақта бұл процедура бұзу­шы­лық­­тарды жою саласынан сәйкессіз­дік­тер анық­тау саласына ауысып, ескерту сипа­тына ие болады. Салық берешегін мәж­бүр­леп өндіріп алу тәсілдері де өзгереді, – деді Ұлттық экономика министрі.

Енді орта және шағын бизнеске ар­налған арнаулы салық режімі оңайла­тыл­ған декларация негізіндегі арнау­лы салық режімі деп аталады. Кіріс лимиті қазіргідей 600 мың айлық есептік көр­сет­кіш болып сақталады. Бірақ қызмет­кер­лер саны бойынша шектеулер алынып тасталады. Премьер-министрдің орынбасары Салық кодексінің жаңа редакция­сы шағын және орта бизнес өкілдеріне қалай әсер ететінін ашып түсіндірді.

– Үкімет режімді тек белгілі бір қыз­мет түрлеріне қолдануды ұсынды және басты шарт – тек B2C операциялары. Бұл ретте В2В операциялары арнаулы режім шеңберінде ғана жүзеге асырылуы мүмкін. Егер жалпыға бірдей белгілен­­ген режімде жұмыс істейтін салық төлеу­ші тауарды немесе қызметті «арнаулы режімшіден» сатып алса, онда оның мұндай шығындарды шегеруге құқығы жоқ. Қызмет түрлерінің санын Үкімет реттейді. Бұл шарттарға «үй жанындағы» дүкендер, шаштараздар және халық­пен жұмыс істейтін кәсіпкерлер сәйкес келеді, демек қосылған құн салығын төлемейді. Оларға қорқудың қажеті жоқ, – деген С.Жұманғарин жаңа Салық кодексі өз кірістерін жасыратын салық төлеушілерге, салық салудың әділеттілігін арттыруға бағытталғанын ескертті. Демек бұрын салық заңнамасын өрескел бұзған құрылтайшылар мен компания басшыларына жаңа компания құруға тыйым салынуы мүмкін.

Заң жобаларынан не күтіледі?

Баяндамашы сөзіне сенсек, құжат енгізілсе, нәтиже анық көрінеді. Мәселен, жылына қосымша 4-5 трлн теңге салық түсімдері болады, Ұлттық қорға тәуелділік төмендейді және бюджет өзін-өзі қамтамасыз етеді. Әлбетте, өзгерістер инфляцияға әсер етуі мүмкін, бірақ бұл уақытша құбылыс деп отыр.

Талқылау барысында депутаттар бірқатар ұсыныстар мен құжаттың жетілдіру керек тұстарын ерекше атап өтті. Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы заң жобалары дәл осы бағытта қабылданса, онда еліміздегі БАҚ-қа түсетін салықтың салмағы арта түсетініне алаңдаушылық білдірді.

– Әлемде ақпараттық соғыстың қалай жүріп жатқанын, әр ел ақпараттық тұрғыда өз-өзін қалай қауіпсіздендіруге тырысып жатқанын жақсы білеміз. Сондықтан егер ҚҚС еліміздегі БАҚ-қа 16%-ға жетсе, онда бұл отандық БАҚ-тың бәсекеге қабілеттілігіне кері әсерін тигізеді. Соған орай елімізде шетелдік БАҚ қаптайды. Жұртымызға жақсылық әкеле қоймайтын шетелдік жобалар телеэкраннан да, радиодан да, интернеттен де түспейді деген сөз. Бұл – үлкен қауіп. Аймақтар тиісті ақпарат құралынсыз, журналистер жұмыссыз қалады. Сондықтан екі ұсыныс айтқым келеді. Біріншісі – отандық газет-журналдарға ҚҚС-ны алып тастау, яғни 0 пайыз қылу. Екіншісі – елімізде ресми тіркелген отандық телеарналар мен радиоларға және интернет ресурстарға ҚҚС-ны 10 пайыз деңгейінде қалдыру, – деді депутат.

Сауалға жауап берген Премьер-ми­нистрдің орынбасары Серік Жұманғ­арин БАҚ-қа 16% ҚҚС қалаты­нын, белгілі бір нормаларға байланысты бөлу дұрыс емес екенін айтты.

Ал Мәжіліс депутаты Бақытжан Базар­бек Салық кодексінің жаңа редак­ция­сындағы құрылыс компания­лары­­на ҚҚС тағайындау туралы бапқа қарсы шығып жүрген кәсіпкерлерге шүйлікті.

– 23 жыл бойы құрылыс компа­ния­ларын қолдап келдік. Субсидия береміз, дотация төлейміз деген сияқ­ты. Баспана бағасын арзандатсын деп ҚҚС-дан босаттық. Бірақ іс жүзінде тұрғын үй бағасы 21 есе өсті. Осы жеңіл­діктің арқасында көптеген құрылыс компанияларының иелері «Forbes» тізіміне кірді. Кейбірі капиталын шетелге жылыстатса, кейбіріне тіпті ҚҚС-дан босатудың өзі жеткіліксіз болды. Сөйтіп үлескерлерді сазға отырғыза бас­тады. Салық кодексінің жаңа редакция­сында құрылыс компанияларына ҚҚС тағайындау ұсынылған. Оның кесірінен баға өсіп кетпей ме? Баспана бағасын қалай ұстап тұрмақшысыздар, – деп сұрады депутат.

Бұл сұраққа Серік Жұманғарин Салық комитеті ондай тәсілге барған­дарға алғашқы хабарламалар жібергенін, осылайша, ірі құрылыс компаниялары төлемей келген салықтарын төлей бастағанын айтты.

– Жаңа кодексте құрылыс компания­ларына тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді жеткізумен айналысатын субъектілер де арнайы салық режімінен шығарылады. Сондықтан біз электронды шот-фактуралар негізінде барлық тізбекті ашық көре аламыз. Құрылыс жобаларында жергілікті мазмұн жеткілікті екенін мойындау керек. Бұл оны бақылауға мүмкіндік береді. Сондықтан, менің ойымша, біз баға ашытқымен ұн көтергендей көтерілмеу үшін жеткілікті бақылауды қамтамасыз ете аламыз, – деді вице-премьер.

Отырыс барысында Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов әлеуметтік, оның ішінде онкология, орфандық аурулар бойынша салықты алып тастау өте, жақсы ымыра болғанын тілге тиек етті. Ал депутат Ермұрат Бапи банктердің 100 млн теңгеге дейін дивиденд алатын акционерлеріне 10%, ал 1 млрд теңгеге дейін пайда табатын акционерлеріне 15% салық салу нормасын және Мұрат Әбенов коммерциялық жылжымайтын мүлікке кадастрлық құны бойынша салық белгі­леуді ұсынды. Мәжілісмен Ерболат Саты­балдин ауылдағы фермерлердің жол талғамайтын бір көлігін салықтан босатуды, бұл автокөліктерді сән-салтанат мүлкі ретінде қарауға болмайтынын айтты. Өз кезегінде С.Жұманғарин кез кел­ген конструктивті ұсыныстарды талқы­лауға, қолдауға дайын екенін жеткізді.

Құжат жобалары тура 4 сағат бойы талқы­ланды. Депуттардың басым көпші­лігі жаңа редакцияны қолдап дауыс берді.

– Салық – өте сезімтал сала. Себебі әр аза­мат, әр отбасы, әр бизнесмен біз­дің қабыл­даған шешімімізді тікелей сезіне­ді. Сондықтан Мемлекет басшысы Үкімет пен Парламентке әділ, тиімді әрі болжамды салық жүйесін құруды тапсырды. Жұмыс тобында өте көп жұмыс атқарылды. Ең алғашқыда Мәжіліс пен Үкімет арасында көп мәселеге қатысты әртүрлі ұстаным болды. Талқылау барысында депутаттар Үкіметпен бірге жұмыс істеп, қызу пікірталастардан кейін біраз түйткілді мәселе бойынша ортақ шешімге келді. Бірінші, қосымша құн салығының шекті мөлшері бойынша ортақ мәмілеге келдік. Бұл қоғамды алаңдатқан ең өзекті мәселе болатын. Екінші, әркім өз кірісіне сай салық төлейді деген шешімге келіп отырмыз. Мысалы, сауда-саттықпен, қызмет көрсетумен айналысатын, тауар өндіретін шағын және орта бизнес үшін арнайы салық режімі жұмыс істейді. Яғни 4 пайыздық салық мөлшерімен қосымша құн салығынсыз кәсіппен айналысу мүмкіндігі толық сақталады. Оған қоса бұл мүмкіндікті кеңейту мақсатымен «тыйым салынған кәсіптер тізімі» әзірленеді. Үшінші, ірі биз­нес үшін жеңілдіктер қысқартылады. Ал банктер мен ойын бизнесі үшін табыс са­лығы ұлғайтылады. Бір сөзбен айт­қан­да, қарапайым халықтың қалта­сы­на сал­мақ түспейді. Жаңа салық саясатының көз­­де­гені де – осы, – деп талқылауды түйіндеді Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов.

Жалпы отырыс қорытындысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын дамыту және қаржылық көрсетілетін қыз­меттерді тұтынушылардың құқық­тарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңының жобасы қаралып, қаулы қабылданып, Сенатқа жолданды. 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT